Димаштың Дубайдағы концерті дүрілдеп өтті

Димаштың Дубайдағы концерті дүрілдеп өтті

Димаштың Дубайдағы концерті дүрілдеп өтті
ашық дереккөзі
25 наурыз күні Дубайдағы Coca-cola Arena ғимаратында әйгілі әнші Димаш Құдай­бер­геннің «Арнау» атты концерті өтті. Оған әлемнің 69 елінен көрермен келіп қатысты. 2019 жылы «Қазақстан» ұлттық ар­насы мен «Димаш-Әли» шығарма­шы­лық орталығы Астана қаласында әншінің концертін ұйымдас­тыр­ға­ны мәлім. «Арнау» деген атау да сол кез­­де таңдалған еді. Бұл атаудың ая­­сы кең — туған жерге арнау, кө­рер­­­­менге арнау, адамзатқа арнау, т.б. «Тіл­ге жеңіл, жүрекке жылы тиетін», қай тілде де әдемі естілетін атау кейін арнаулы жобаға айналып, Мәс­кеуде, Санкт-Петербургте, Лон­дон­да, Нью-Йоркте, Киевте өткен кон­церттерде жалғасқан болатын. Әлемді шарпыған пандемияның ке­сірінен кілт үзілген әлемдік турне екі жылдан соң Дубайда қайтадан тіз­гін қақты. Сондықтан да бұл кон­церт­ті Димаштың жер бетіндегі жан­күйерлері ғана емес, әншінің өзі де асыға күткені хақ. 17 мың орындық Coca-cola Arena-ға көрермендер бірнеше сағат бұрын келіп алып, сүйікті әншілерін асыға күтті. Әлемнің түкпір-түк­пірі­нен келген көрермендерді біріктіріп, бір үйдің баласындай етіп жіберген бір құдірет бар, ол — Димаштың өнері­не деген махаббат. Әнші сах­на­да жарқ ете қалғанда, теңіздей ақ­тарылған көрерменнің ықыласын көру­ге көз керек. Әйгілі Golden әнімен тізгін қақ­қан алтын ұл әп-сәтте көрерменді Fly away әнімен «ғарышты аралауға» ертіп әкет­ті. Содан кейін ағылшын, жапон, қы­тай, француз, орыс тіліндегі әндер кезек-ке­зегімен орындалып жатты. Әр ән — бір қойылым. Әрбір деталі ойластырылған, ар­тық бір қимыл, әнтек бір дыбыс шық­пай­тын тұтас дүние. Жапон әншісі Коджи Тамакидің Autumn Strong атты әнін Гон­конг­тің белгілі әншісі Джеки Чун орындаған екен. Сол әнді тыңдаған сәтте-ақ ұнатқан Ди­маш оны 2017 жылы I am singer бай­қауын­да орындауы мұң екен, әннің даңқы Еуропа мен Ресейге жайылып жүре берді. Ди­маш Дубайдағы концертінде жапон ұлтының болмысын, жапон мәдениетін ай­шық­тайтын осы әнді жапон, қытай тіл­дерін­де шырқады. «Осы екі жылда сендерді қатты са­ғын­дым...» деген ол «тыңдаушының астанасын» билеп әкетті. Кешті ағылшын тілінде жүр­гізген ол өз ойын еркін жеткізе білді, жара­сым­ды әзіл де айтты, әлемде тек бейбітшілік бол­са екен  деген пікірін де білдірді. «Ағайын, сіздермен амандасуды ұмы­тып кетіппін бе? Ассалаумағалейкум. Қа­зақ­та: «Енді өзіміз шай ішейік...» деген сөз бар ғой, емін-еркін әңгімелесейікші...» деп қа­зақ көрермендерін бір күлдіріп алды Ди­маш. Содан кейін домбырашы жігіт­тер­мен бірге «Адай» күйін күмбірлетті. «Он бес ж­а­­сымда қиялымда осы әнмен әлемнің сах­­наларын кезіп жүретінмін...» деп «Дай­дидауды» шырқағанда залдағы барлық кө­рер­мен қосыла кетті. Әсіресе, шетел­дік­тер «Дайдидау» деп үздіккенде арқаң шы­мырлап кетеді екен. Орал Байсеңгірдің сө­зіне жазылған Димаштың өз әні «Ұмы­тылмас күн» де музыкасы қосылған сәттен бас­тап барша көрермен қосыла жөнелетін дү­ниеге айналыпты. Мұнайдар Бай­мол­да­ның сөзіне жазылған Айгүл Бажа­но­ва­ның әні «Махаббат бер, маған» да солай. Ешнияз салдың «Дүрдаразы» да рок стилінде мүлде жаңаша сипат алыпты. Айтпақшы, интер­нет­тегі шетелдіктер жазған пікірлерді оқы­саң, олардың «Дүрдаразды» әу баста пат­риоттық ән деп қабылдағанын байқай­сың. Алға озып айта кетсек, бұл күні сах­нада орындалған 28 шығарманың (ән-күй, – Б.Б) 10-ы қа­зақ тілінде болды. Қазақ елінің, қазақ әні­нің насихаты осы емес пе?! Димаш бұл кеште Игорь Крутойдың бірнеше шығармасын орындады. «Любовь уставших лебедейді» зал толы жұрт әдеттегідей қосыла шырқады. Ал мә­тіні жоқ, дауыс арқылы музыкалық аспап­тар ғана шығаратын дыбыстарды беретін вокализ стиліндегі «Знай» мен «Аве Мария» ком­позициясын орындаған сәтте көрер­мен­­нің музыкамен бірге ғарышқа самға­ға­ны анық. Ал Олжас Құрманбек сахнаға шы­ғып, Игорь Крутойдың Stranger ком­по­зициясын қобыз үнімен әрлегенде, Қорқыт кіріп келгендей әсерде болдық. Музыкада шекара болмайтыны рас қой... Темірлан Олжабай мен Ернат Нау­рыз­­дың орындауындағы түрлі ком­позициялар да қос ішекті домбыраның бар мүмкіндігін сарқа көрсетті бұл күні! Көрерменнің есінде қалған тағы бір әдемі сәт — әншінің анасы Света Айт­­баеваның ән салғаны. Даңқты ком­по­зи­тор Ахмет Жұбановтың атақты «Қар­лығаш» әні Светаның орындауында өзгеше бір өрнек тапқан. «Мен ән айту үшін емес, Димаштың жер бетіндегі барша көрер­ме­ніне алғыс айту үшін шықтым. Осы әнді менің айтқан алғысым деп қабылдаңыз­дар...» — деген Светаның жүрекжарды ле­бі­зін Димаш аударған сәтте көрермен ұзақ қол соқты. Кейін, интернетте жазылған пікірлерге назар аударсақ, концертке қаты­са алмай қалған әлемнің түкпір-түк­пірін­дегі тыңдармандар да «Қарлығашқа» зор іл­типат білдіріпті. Енді сахнада Димаштың әке-шешесімен бірге ән шырқағанын көр­гісі келеді екен. «Айта бермейтінім болмаса, менің ішім үне­мі толып жүреді. Соның бірқатарын ән­­мен жеткізгім келеді...» деген Димаш Ре­нат Ғайсиннің пандемия кезінде жазған «Қайран елім» әнін әуелетті. Пандемия демекші, осы екі жылда Ди­маш сахнаны әбден сағынған екен. Әрине, осы арада ол қарап жатқан жоқ, жатпай-тұрмай өзін жетілдірумен ай­­­­налысты, бірақ сахнаның жөні бөлек қой. Айтпақшы, әлемде соңғы уақытта бо­лып жатқан оқиғаларға байланысты Ду­бай­дағы концертті ұйымдастыру әсте оңай­ға түспегені тек оны ұйымдастыру­шы­­ларға аян. Әншінің әкесі Қанат Айт­баев­­­тың айтуынша, Еуропа, Азия, Ресей, Украи­наның мықты музыканттары, тех­никалық қызметкерлер мен режис­серлерден құрал­ған топ әуелі концертке онлайн түр­де дайындалған. Кейін Қазақ­станның ас­та­насында бас қосып, екі апта бірге тер төк­­ті. Соның арқасында мүлт кет­кен бір сәт болған жоқ. Димаш концерт бітер сәтте олар­дың әрқайсысын жеке та­ныстырып, ерек­ше ілтипат білдірді. ...Концерттен кейін де көрермендер та­рап кете алмай, Coca-cola Arena-ның ал­дын­­да біраз тұрды. «Қазақстан, Димаш». Шет­елдіктердің аузында осы екі ауыз сөз. Біз­ге ықыластанып қарайды. Димаш тура­лы, қазақ ұлты жөнінде кішкентай болса да бір дерек біліп қалуға ұмтылады. Мерей­л­еніп қалады екенсің. Ал қазақтар бір-бірін құшақтап, құттықтап жатыр. «Бірнеше са­ғат ғарыш­қа барып келгендей болдым...», — дей­ді осы концертке арнайы келген алма­ты­лық кәсіпкер Қуатбек Хайроллаев. «Ға­жап, қандай керемет!» — дейді Алматы об­лы­сын­да түйе шаруашылығын дамыт­қан, Дубайға әдейі Димаш үшін келіп, ара­сында араб бизнесмендерімен іскерлік қарым-қатынас орнатып үлгерген Сыдық Дәу­летов. Айта кету керек, осы концертке Қазақ­стан­нан біраз адам барыпты. Нұрлан Өнер­баев, Ұлықпан Жолдасов, Мирас пен Құра­лай секілді өнер иелері де арнайы келіпті. Оның үстіне Дубайда әртүрлі жұмыс істеп жүр­ген жерлестеріміз де қалмай қатысты. Тек қазақ емес, түркі жұртының да біраз өкі­лінің айдарынан жел есіп жүр. «Қазақ­стан­нанмын» десең, қонақүй қызмет­кер­лері мен таксишілерге дейін: «О, Димаш» деп әңгіме өрбітуге бейіл боп тұрады. Р.S. Бала күнінде Димаш: «Мен әлемнің сахналарында ән айтамын. Мамамды (Әжесін айтады, — Б.Б) ертіп жүремін...» дейді екен. Сол кезде тек өзі ғана сенетін арманы шындыққа айналды. Дубайдағы концертке Димаштың әжесі Миуа Низамутдинова мен нағашы әжесі Бибігүл Төлемісова бірге барды. 24 наурыз күні Buri Al Arab қонақүйінде БАЭ-дегі ең ірі салтанатты шараның бірі — EMIGALA Fashon Awards мода кеші болды. Ди­маш мұнда SOS әнін орындап, екі әже­сімен бірге қызыл кілем үстінен жүріп өтті. Кеште EMIGALA Fashon Awards дирек­торы Мишел Дахер Димашқа «Үздік әлем жұлдызы» номинациясы бойынша Emigala international Awards сыйлығын табыс­тады. Димаш сыйлығын өзін бес жасынан бас­тап күн сайын музыка мектебіне та­сы­ған әжесі Миуа Низамутдиноваға табыс етті. Р.Р.S. Германияның Қазақстандағы елшісі Моника Иверсен жақында Димашпен кездесіп, әйгілі әншінің «Арнау» жобасы аясындағы концерті сәуір айында Германияның Дюссельдорф қаласында өтетінін хабарлады. «Димаш-Әли» шығармашылық орталығының жетекшісі Қанат Айтбаевтың айтуынша, әлемдік турне Дюссельдорфтан кейін Прага қаласында жалғасады.

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ