Димаштың Дубайдағы концерті дүрілдеп өтті
Димаштың Дубайдағы концерті дүрілдеп өтті
25 наурыз күні Дубайдағы Coca-cola Arena ғимаратында әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің «Арнау» атты концерті өтті. Оған әлемнің 69 елінен көрермен келіп қатысты.
2019 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасы мен «Димаш-Әли» шығармашылық орталығы Астана қаласында әншінің концертін ұйымдастырғаны мәлім. «Арнау» деген атау да сол кезде таңдалған еді. Бұл атаудың аясы кең — туған жерге арнау, көрерменге арнау, адамзатқа арнау, т.б. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін», қай тілде де әдемі естілетін атау кейін арнаулы жобаға айналып, Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Лондонда, Нью-Йоркте, Киевте өткен концерттерде жалғасқан болатын. Әлемді шарпыған пандемияның кесірінен кілт үзілген әлемдік турне екі жылдан соң Дубайда қайтадан тізгін қақты. Сондықтан да бұл концертті Димаштың жер бетіндегі жанкүйерлері ғана емес, әншінің өзі де асыға күткені хақ.
17 мың орындық Coca-cola Arena-ға көрермендер бірнеше сағат бұрын келіп алып, сүйікті әншілерін асыға күтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген көрермендерді біріктіріп, бір үйдің баласындай етіп жіберген бір құдірет бар, ол — Димаштың өнеріне деген махаббат. Әнші сахнада жарқ ете қалғанда, теңіздей ақтарылған көрерменнің ықыласын көруге көз керек.
Әйгілі Golden әнімен тізгін қаққан алтын ұл әп-сәтте көрерменді Fly away әнімен «ғарышты аралауға» ертіп әкетті. Содан кейін ағылшын, жапон, қытай, француз, орыс тіліндегі әндер кезек-кезегімен орындалып жатты. Әр ән — бір қойылым. Әрбір деталі ойластырылған, артық бір қимыл, әнтек бір дыбыс шықпайтын тұтас дүние.
Жапон әншісі Коджи Тамакидің Autumn Strong атты әнін Гонконгтің белгілі әншісі Джеки Чун орындаған екен. Сол әнді тыңдаған сәтте-ақ ұнатқан Димаш оны 2017 жылы I am singer байқауында орындауы мұң екен, әннің даңқы Еуропа мен Ресейге жайылып жүре берді. Димаш Дубайдағы концертінде жапон ұлтының болмысын, жапон мәдениетін айшықтайтын осы әнді жапон, қытай тілдерінде шырқады.
«Осы екі жылда сендерді қатты сағындым...» деген ол «тыңдаушының астанасын» билеп әкетті. Кешті ағылшын тілінде жүргізген ол өз ойын еркін жеткізе білді, жарасымды әзіл де айтты, әлемде тек бейбітшілік болса екен деген пікірін де білдірді.
«Ағайын, сіздермен амандасуды ұмытып кетіппін бе? Ассалаумағалейкум. Қазақта: «Енді өзіміз шай ішейік...» деген сөз бар ғой, емін-еркін әңгімелесейікші...» деп қазақ көрермендерін бір күлдіріп алды Димаш. Содан кейін домбырашы жігіттермен бірге «Адай» күйін күмбірлетті. «Он бес жасымда қиялымда осы әнмен әлемнің сахналарын кезіп жүретінмін...» деп «Дайдидауды» шырқағанда залдағы барлық көрермен қосыла кетті. Әсіресе, шетелдіктер «Дайдидау» деп үздіккенде арқаң шымырлап кетеді екен. Орал Байсеңгірдің сөзіне жазылған Димаштың өз әні «Ұмытылмас күн» де музыкасы қосылған сәттен бастап барша көрермен қосыла жөнелетін дүниеге айналыпты. Мұнайдар Баймолданың сөзіне жазылған Айгүл Бажанованың әні «Махаббат бер, маған» да солай. Ешнияз салдың «Дүрдаразы» да рок стилінде мүлде жаңаша сипат алыпты. Айтпақшы, интернеттегі шетелдіктер жазған пікірлерді оқысаң, олардың «Дүрдаразды» әу баста патриоттық ән деп қабылдағанын байқайсың. Алға озып айта кетсек, бұл күні сахнада орындалған 28 шығарманың (ән-күй, – Б.Б) 10-ы қазақ тілінде болды. Қазақ елінің, қазақ әнінің насихаты осы емес пе?!
Димаш бұл кеште Игорь Крутойдың бірнеше шығармасын орындады. «Любовь уставших лебедейді» зал толы жұрт әдеттегідей қосыла шырқады. Ал мәтіні жоқ, дауыс арқылы музыкалық аспаптар ғана шығаратын дыбыстарды беретін вокализ стиліндегі «Знай» мен «Аве Мария» композициясын орындаған сәтте көрерменнің музыкамен бірге ғарышқа самғағаны анық. Ал Олжас Құрманбек сахнаға шығып, Игорь Крутойдың Stranger композициясын қобыз үнімен әрлегенде, Қорқыт кіріп келгендей әсерде болдық. Музыкада шекара болмайтыны рас қой...
Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыздың орындауындағы түрлі композициялар да қос ішекті домбыраның бар мүмкіндігін сарқа көрсетті бұл күні!
Көрерменнің есінде қалған тағы бір әдемі сәт — әншінің анасы Света Айтбаеваның ән салғаны. Даңқты композитор Ахмет Жұбановтың атақты «Қарлығаш» әні Светаның орындауында өзгеше бір өрнек тапқан. «Мен ән айту үшін емес, Димаштың жер бетіндегі барша көрерменіне алғыс айту үшін шықтым. Осы әнді менің айтқан алғысым деп қабылдаңыздар...» — деген Светаның жүрекжарды лебізін Димаш аударған сәтте көрермен ұзақ қол соқты. Кейін, интернетте жазылған пікірлерге назар аударсақ, концертке қатыса алмай қалған әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдармандар да «Қарлығашқа» зор ілтипат білдіріпті. Енді сахнада Димаштың әке-шешесімен бірге ән шырқағанын көргісі келеді екен.
«Айта бермейтінім болмаса, менің ішім үнемі толып жүреді. Соның бірқатарын әнмен жеткізгім келеді...» деген Димаш Ренат Ғайсиннің пандемия кезінде жазған «Қайран елім» әнін әуелетті.
Пандемия демекші, осы екі жылда Димаш сахнаны әбден сағынған екен. Әрине, осы арада ол қарап жатқан жоқ, жатпай-тұрмай өзін жетілдірумен айналысты, бірақ сахнаның жөні бөлек қой.
Айтпақшы, әлемде соңғы уақытта болып жатқан оқиғаларға байланысты Дубайдағы концертті ұйымдастыру әсте оңайға түспегені тек оны ұйымдастырушыларға аян. Әншінің әкесі Қанат Айтбаевтың айтуынша, Еуропа, Азия, Ресей, Украинаның мықты музыканттары, техникалық қызметкерлер мен режиссерлерден құралған топ әуелі концертке онлайн түрде дайындалған. Кейін Қазақстанның астанасында бас қосып, екі апта бірге тер төкті. Соның арқасында мүлт кеткен бір сәт болған жоқ. Димаш концерт бітер сәтте олардың әрқайсысын жеке таныстырып, ерекше ілтипат білдірді.
...Концерттен кейін де көрермендер тарап кете алмай, Coca-cola Arena-ның алдында біраз тұрды. «Қазақстан, Димаш». Шетелдіктердің аузында осы екі ауыз сөз. Бізге ықыластанып қарайды. Димаш туралы, қазақ ұлты жөнінде кішкентай болса да бір дерек біліп қалуға ұмтылады. Мерейленіп қалады екенсің. Ал қазақтар бір-бірін құшақтап, құттықтап жатыр. «Бірнеше сағат ғарышқа барып келгендей болдым...», — дейді осы концертке арнайы келген алматылық кәсіпкер Қуатбек Хайроллаев. «Ғажап, қандай керемет!» — дейді Алматы облысында түйе шаруашылығын дамытқан, Дубайға әдейі Димаш үшін келіп, арасында араб бизнесмендерімен іскерлік қарым-қатынас орнатып үлгерген Сыдық Дәулетов.
Айта кету керек, осы концертке Қазақстаннан біраз адам барыпты. Нұрлан Өнербаев, Ұлықпан Жолдасов, Мирас пен Құралай секілді өнер иелері де арнайы келіпті. Оның үстіне Дубайда әртүрлі жұмыс істеп жүрген жерлестеріміз де қалмай қатысты. Тек қазақ емес, түркі жұртының да біраз өкілінің айдарынан жел есіп жүр. «Қазақстаннанмын» десең, қонақүй қызметкерлері мен таксишілерге дейін: «О, Димаш» деп әңгіме өрбітуге бейіл боп тұрады.
Р.S. Бала күнінде Димаш: «Мен әлемнің сахналарында ән айтамын. Мамамды (Әжесін айтады, — Б.Б) ертіп жүремін...» дейді екен. Сол кезде тек өзі ғана сенетін арманы шындыққа айналды. Дубайдағы концертке Димаштың әжесі Миуа Низамутдинова мен нағашы әжесі Бибігүл Төлемісова бірге барды.
24 наурыз күні Buri Al Arab қонақүйінде БАЭ-дегі ең ірі салтанатты шараның бірі — EMIGALA Fashon Awards мода кеші болды. Димаш мұнда SOS әнін орындап, екі әжесімен бірге қызыл кілем үстінен жүріп өтті. Кеште EMIGALA Fashon Awards директоры Мишел Дахер Димашқа «Үздік әлем жұлдызы» номинациясы бойынша Emigala international Awards сыйлығын табыстады. Димаш сыйлығын өзін бес жасынан бастап күн сайын музыка мектебіне тасыған әжесі Миуа Низамутдиноваға табыс етті.
Р.Р.S.
Германияның Қазақстандағы елшісі Моника Иверсен жақында Димашпен кездесіп, әйгілі әншінің «Арнау» жобасы аясындағы концерті сәуір айында Германияның Дюссельдорф қаласында өтетінін хабарлады. «Димаш-Әли» шығармашылық орталығының жетекшісі Қанат Айтбаевтың айтуынша, әлемдік турне Дюссельдорфтан кейін Прага қаласында жалғасады.
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ