Жаңалықтар

Рамазан айы құтты болсын!

ашық дереккөзі

Рамазан айы құтты болсын!

Қадірлі отандастар! Баршаңызды күллі мұсылман баласы асыға кү­те­тін қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүрек­­тен құттықтаймын! Әр шаңыраққа бақыт пен береке, мықты денсаулық тілеймін! Шариғатымыз бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ора­за ұстау – парыз. Алайда жолаушылар, науқас жан­дар мен сырқаты асқынып кетуінен қауіптенген адамдар, сондай-ақ, жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдер ораза ұстауды кейінге қалдыруына бо­ла­ды. Бұған шариғатымыз рұқсат береді. Біз талай сындарлы сәттерді бастан кешіп келе жат­қан халықпыз. Иманымыз бен бірлігіміздің ар­қа­сында қиындықты еңсеріп, өсіп-өнген елміз. Алла­ға шүкір, елдігімізді көрсетіп, кешегі «қасіретті қаң­тар» оқиғасын еңсердік. Екі жылға созылған пан­демиялық жағдай кезінде де бірлігімізді көр­сеттік. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Шын мәнінде қиын­­­­дықпен бірге жеңілдік бар» («Шарх» сүресі, 6-аят) дейді. Міне, бүгінде қасиетті Рамазан айын­да жа­мағатпен ауыз ашып, көпшілікпен бірге құл­шы­лық жасауға мүмкіндік алдық. Осы күнге жет­кізген және осындай ұлы мүмкіндікті нәсіп еткен Жарату­шы Жаббар Иемізге сансыз шүкірлер айтамыз. Рамазан – тәрбие мен тағылым айы. Қасиетті айда мұсылман баласы қанағат, шүкір, мейірім, бауыр­малдық, кешірім сынды көркем мінезді қа­лыптастыруға тырысады. Өйткені қасиетті айда мұ­сылманға көп жақсылық пен мүмкіндіктер бері­леді. Бұл туралы ардақты Пайғамбарымыз Мұ­хам­мед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл айда жәннат есіктері ашылады. Ораза тұт­қан адам­ның алдыңғы және кейінгі күнә­лары кешіріле­ді», – деген сүйінші хабар жеткізген. Ендеше, берекелі айда көбірек сауапты амал жа­сауға асығайық, ағайын. Ата-анамыздың, қазына­лы қарттарымыздың дұғасы мен алғысын алуға тырысайық. Мүмкіндікке қарай мұқтаж жандарға қолұшын беріп, науқастың көңілін сұрап, сауап алайық. Осы ретте кәсіпкер азаматтарды қасиетті ай­дың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырамын. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың са­лауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бауырының қа­жетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде-кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді», – деген. Рамазан – Раббымыздың мейірім-махаббатына бөле­нетін ай. Берекелі айдың берекетінен құр қал­майық, халайық. Сауабы еселеніп жазылатын айда әр­бір ізгі амалымыз қабыл болғай. Алла Тағала ұста­ған оразамызды, қоғам үшін жасалған қайырлы істе­рімізді мол сауаптан жазғай. Еліміз аман, жері­міз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай. Әмин!