Азап арқалатқан артық салмақ

Азап арқалатқан артық салмақ

Азап арқалатқан артық салмақ
ашық дереккөзі

Өткен аптада 350 келі салмағын көтере алмаған қостанайлық Галина Воробьева көз жұмды. Дәрігерлер семіздікті жеңе алмаған әйелдің бетін бері қаратамыз деп қанша жанталасқанымен, оның өміріне араша түсу мүмкін болмады.  Бәлкім, бұл қайғылы жағдай артық салмақтан арылуға асықпай жүрген талай отандасымызға сабақ болар.  Қазақ тағамтану академиясының дерегіне сүйенсек, қазақстандықтардың тең жартысы семіздік пен артық салмақтан зардап шегеді.

Бір қолына фаст-фудын, бір қолына «Кока-коласын» ұстап, көшеде қомағайлана ауқаттанып бара жатқан толық адамдарды бұрын тек шетелдің киноларынан ғана көретін болсақ, қазір бұл еліміздің кез келген аумағына тән көрініске айналды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, әлем халқының 1/5 бөлігі немесе 1,7 млрд адам артық салмақтылар қатарына жатқызылады. Бұл топтардағы адамдардың 250 миллионы созылмалы семіздік ауруы мен оған қосарлана жүретін кең таралған ауруларға шалдыққан. Әлемдегі мезгілінен бұрын болатын әрбір үшінші өлім-жітімнің семіздік пен адамның аз қимылдауынан туындайтын аурулармен байланысты екендігі анықталды. Қазіргі кезде семіздіктің таралу қарқыны артқаны соншалық, бұлай жалғаса берсе 2035 жылға қарай артық салмақтың салдарынан туындайтын ісік аурулары 45 пайызға артуы мүмкін дейді мамандар. Cancer Research UK  онкологиялық ауруларға қарсы британдық қайырымдылық қоры сарапшыларының болжамынша, 20 жылдан соң Ұлыбританиядағы әрбір төрт адамның үшіншісі семіздікке шалдығады. Соның салдарынан ісік ауруларына шалдығу көрсеткіші 26-дан 600-ге дейін ұлғайып, 2035 жылы 38-ден 500-ге дейін баруы ықтимал. Дүниежүзілік статистика әр 10 жыл сайын артық дене салмағы мен семіздіктің таралуы 10 пайызға өскенін көрсетіп отыр. Мамандар семіздіктің 90 пайызы дұрыс тамақтанбаудан және аз қимылдаудан пайда болатындығын айтады. Артық салмақтылар жүрек-қантамырлары ауруларына, жатыр мойны мен аналық, аталық бездердің, сүт безінің, тоқ ішектің, бүйректің, бауырдың және өт қабының қатерлі ісіктері, остео­пороз, артрит, тыныс алу ағзаларының ауруларына жиі шалдығады. Сондай-ақ, бұл дертке шалдыққандарды өмір жасы да 7 жылға қысқаратын көрінеді. БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының баяндамасында Орталық Азия аймағындағы ең семіз адамдар – қазақстандықтар деп көрсетілген. Оған сенсек, Қазақстандағы ересек адамдардың 24,4 пайызы семіз. Ұйым сарапшылары «төрт миллионға жуық қазақстандықтың немесе елдің әрбір төртінші тұрғынының артық салмағы бар» деп есептейді. Бұл, әрине, алаңдатарлық, дабыл қағарлық жағдай. Орта Азия өңірі бойынша орташа көрсеткіш – 18,4 пайыз. Өзбекстанда артық салмағы бар адамдардың үлесі – 17,3 пайыз, Қырғызстанда – 17,2 пайыз, Түркіменстанда – 14,3 пайыз, Тәжікстанда – 9,9 пайыз. Семіздік дертіне шалдыққандар санының өсу тенденциясы Орталық Азияның барлық елдерінде байқалады.

Қазақстан халқының жартысы артық салмақ арқалап жүр

Қазақ тағамтану академиясы, Ұлттық дұрыс тамақтану орталығы мен Профилактикалық медицина академиясының президенті, медицина ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА мен РМҒА академигі Төрегелді Шарманов халықаралық ұйым баяндамасында көрсетілген дерекпен келіспейді. Оның айтуынша, Қазақстан халқының жартысынан астамы артық салмақ пен семіздіктің зардабын тартып отыр. Академик мұндай тұжырымға қалай келді деген сауалдың жауабын тарқатып көрелік. Ұлттық Дұрыс тамақтану орталығы таратқан мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда жастар арасында денсаулыққа үлкен зиян келтіріп, ағза жұмысын ақсататын тамақтар мен сусындарға деген сұраныс жоғары. Мысалы, әрбір үшінші оқушы қалтасындағы ақшасын фаст-фудқа жұмсайды, әрбір үшінші бала кем дегенде аптасына бір рет тәтті газдалған сусындар ішеді, әрбір оныншысы энергетикалық сусындар сатып алады екен. Ал студент қауымның 60 пайызы фаст-фудпен ауқаттанады. Соның ішінде әрбір жетінші студент күн сайын фаст-фудпен қоректеніп, газдалған немесе энергетикалық сусындарды үзбей ішеді. Ал күнделікті мұндай тағамдарды тұтынудың соңы тәнді тұралататыны белгілі. Жасанды донер де, фаст-фуд та, дәмді сусын да ағзаға қажетті минералдар мен дәрумендер қорын толтыра алмайды. Керісінше, адамның тамаққа деген тәбетін қоздырады да, құрамындағы дәмдеуіштер мен майлы қоспалар оны тұтынушы адамның ағзасындағы тоқ ішек бойында, қарын, бөксе, мықын секілді жерлерінде қордаланып, жинала бастайды. Осылайша дене артық салмақ қоса бастайды және ол жас талғамайды. Ұлттық зерттеулердің мәліметтері бойынша сонау 1995 жылдан бергі көрсеткіштерді сатылы түрде қарастырсақ, 1996 жж. Қазақстанда халықтың ересектер тобының 42%-да артық дене салмағы бар екені анықталған. Соның ішінде ерлерге қарағанда әйелдер семіздікке 47% көбірек шалдыққан. 2005 жылы 5 жасқа дейінгі балалардың 9%-ы артық салмақтан зардап шексе, ал 2006 жылы 5 жасқа дейінгі балалардың 11,4%-да семіздік синдромы байқалған. 2008 жылы 25-29 жас аралығындағы әрбір екінші әйел 50,6%, ер-азаматтар 45,4% артық салмаққа бой алдырған. Ашығын айту керек, соңғы 10 жыл аясында мұндай жағдайлар 15-24 жас аралығындағы ер адамдар арасында 10,2%-ды құраса, әйелдерде оның үлесі 11,5%, яғни 4,5 есеге сирек кездесті. Қазақ тағамтану академиясының 2012 жылдан бергі, яғни соңғы төрт жылда жүргізген зерттеулерінің нәтижесі бойынша артық салмақтың таралуы орта есеппен әйелдер арасында 30,6% және ерлер арасында 36,8%-ды көрсетсе, оның асқынған түрі – семіздіктің таралуы орта есеппен әйелдер арасында 27,6%-ды, ерлер арасында 15,9%-ды құрады. Бұл көрсеткіштер Қазақстан халқының жартысынан астамы артық салмаққа және семіздікке шалдыққанын айғақтайды. «Қазақ тағамтану академиясы 2012 жылы Қазақстанның 14 облысы мен Астана, Алматыда тұратын 1-14 жас аралығындағы 830 бала мен жасы он бестен асқан 3735 ересек адамдардың денсаулығын тексерді. Зерттеу нәтижесінде халықтың салмақ нормалары туралы, семіздік пен содан туындайтын аурулардың алдын-алу тәсілдерінен бейхабар екендігі анықталды. Респонденттердің 76 пайызы өз салмағын қалыпқа сай десе, 19 пайызы артық салмақ жинадым деп есептейді. Тек 18 пайызы ғана семіздікке шалдыққанын мойындайды. Салмағым нормадан артық деп есептейтіндердің 53 пайызы одан құтылу шараларын қарастырып көрген. Адамдардың басым бөлігі артық салмақ пен семіздіктің, дұрыс тамақтанбау салдарынан туындайтын өзге де аурулардың алдын-алуда тамақтану мен дене шынықтыру факторларын ескермейді. Респонденттердің 92 пайызы дұрыс тамақтану жолдары туралы мәлімет алғысы келетінін айтқан және халықты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үнемі аталған мәселе жайында құлақтандырып отыру керек деп есептейді», – дейді Төрегелді Шарманов. Ең өкініштісі, семіздік синдромы адамдардың орташа ғұмыр жасына шектеу қойып отыр. Мамандар артық салмақ өмір сүру ұзақтығын шамамен 7 жылға қысқартатынын алға тартады. Егер бұған дейін дене салмағының жеткіліксіздігі әлем бойынша өлім-жітімнің себебі екендігі айтылса, енді артық салмақ пен семіздік өлімнің басты себепкері болып отыр. Ал одан да нақтырақ айтсақ, артық салмақ пен семіздік әлем бойынша өлім-жітімнің негізгі себептерінің ішінде бесінші орында тұр. Семіздіктен жылына 2,8 млн ересек адам өмірмен қоштасады. Диабет – 44%, жүректің ишемиялық ауруының 23%-ы, кейбір қатерлі ісік ауруларының 7-41%-ы артық салмақ әсерінен туындаған.

40 млн бала семіздікке шалдыққан

Дәрігерлер семіздік синдромы балалар арасында да кең тарай бастады деп дабыл қағуда. Дүние жүзіндегі семіздікке шалдыққан балалардың көрсеткіші қазіргі уақытта 1970 жылдармен салыстырғанда 10 есеге артқаны расында да алаңдатарлық. 2011 жылы 5 жасқа дейінгі 40 млн балада артық салмақ анықталған. Бұрын табысы жоғары елдерге тән артық салмақ пен семіздік қазіргі таңда табыс деңгейі төмен және орташа елдер мен қалаларда да кең таралып отыр. Дамушы елдерде 5 жасқа дейінгі балалар арасында артық салмағы бар 35 млн бала болса, дамыған елдерде осындай балалар саны 8 миллионды құрады. Семіздік эпидемиясының таралу көрсеткішінің әр мемлекетте әр түрлі болуын мамандар әлеуметтік-экономикалық даму деңгейімен байланыстырады. Құрамында майдың, тәттінің мөлшері жоғары өнімдер ең арзан, қолжетімді және калориясы жоғары азық-түлік санатына жатады. Қалта көтерімді болғандықтан әдетте сондай өнімдерді тұтынатын әлеуметтік осал топтар семіздікке жиірек шалдығады. Олар үшін өмір сүру салтына және денсаулыққа, физикалық белсенділікті жоғарылату бойынша шараларға қатысты білім мен ақпаратқа қол жеткізу қиынға түседі. Артық салмақ адамның өзі үшін ғана емес, оның отбасына, ол жұмыс істейтін мекемеге, тіпті кең көлемде қарастырар болсақ, мемлекет үшін де көп қиындық тудырады. Көп жағдайда біз семіздіктің физиологиялық, медициналық кедергілеріне тоқталамыз да, одан туындайтын экономикалық шығындарды қаузай бермейміз. Артық салмақтан болатын экономикалық шығын тікелей семіздіктен туындайтын ауру түрлерімен сипатталады. Атап айтқанда, адамдар арасындағы семіздік салдарынан дамитын жүрек-қантамырлары, диабет, қатерлі ісік сияқты сырқаттардың әсерінен өлім-жітімнің артуымен, ем-домға кететін шығынның көбеюімен, сондай-ақ, қызметкерлердің немесе жұмысшылардың сырқат салдарынан жұмыс күндерін жоғалтуымен, жұмысқа қабілеттіліктерінің төмендеуімен түсіндіруге болады. Себебі жұмыс өнімділігінің кемуі жұмысшының да, жұмыс берушінің де қалтасын қағады. Жұмыс берушілер қалыпты салмағы бар жұмысшымен салыстырғанда семіздікке шалдыққан жұмысшыға аурушаңдық деңгейінің жоғары болуына байланысты үлкен кепілдік және компенсациялық қаржы төлеуге мәжбүр.

Талғаммен тамақтану – саулық кепілі

Семіздіктен арылудың тиімді жолы – дұрыс түзілген тамақ рационы. Мүсіннің мінсіз, деннің сау болуы үшін күнделікті тұтынатын тағамға талғаммен қараған жөн. Диетологтар құрамында холестерин, май, түрлі дәмдеуіштері жоқ, тәтті, дәмді тағамдардан бас тартуға шақырады. «Таңертең ағзада метоболизмді тудыру үшін міндетті түрде ботқа немесе ірімшік пен наннан жасалған қаттама (бутерброд) жеген дұрыс. Ал түскі тағам рационында міндетті түрде ыстық тамақ пен көкөніс салаттары болғаны абзал. Жалпы адам ағзасының толыққанды тынығуы үшін кешкі ас мәзірінің алатын орны өзгеше. Олай дейтінім, кешкі асты барынша шектеу қажет. Әрине, ішу керек, бірақ мүмкіндігінше кешкі сағат 19-дан кейін тамақтанбаған дұрыс, өйткені ағза осы уақыттан бастап бәсеңдеп, демалуға әзірлене бастайды. Ал кешкі асты кешіктіріп тұтынсаңыз, түн ортасына дейін ас қорыту органдары тынығудың орнына ішкен-жегенді қорытумен айналысады да, тұтастай тәнді тынықтырудың орнына тұралатады. Адам мазасыз күй кешіп, таңертең шаршап, енжар күйде тұрады. Ең дұрысы, аз-аздан күніне бес рет тамақтану. Тұтынатын тағам құрамында неғұрлым көкөніс өнімдері, табиғи су, жеміс-жидектер қорының мол болғаны ләзім. Ал жастары ұлғайған жандарға мүмкіндігінше қуырылған тамақтан гөрі суға пісіріліп, буға бұқтырылған тамақтарды тұтынған жөн. Бұл анағұрлым жеңіл қорытылады әрі асқазан-ішек жолдарының жұмысын жеңілдетеді», – дейді академик Төрегелді Шарманов. Сымбатты денеге қол жеткізудің тағы бір кепілі – үнемі қозғалыста болу.  Мүмкіндігінше таза ауада көбірек жаяу жүру, таңертең жүгіру, дене жаттығуларын үзбей жасау ағзадағы артық салмақтан арылуға көмектеседі. Алайда салмақ шамадан тыс артқан кезде диета немесе спорттық жаттығулардың пайдасы тие қоймайды. Өйткені семіздік салдарынан туындайтын инсульт, инфаркт, қант диабеті, артрит, артериалды гипертензия, секілді  аурулар адамның артық қозғалуына мүмкіндік бермейді. Сондықтан науқастар хирургиялық көмекке жүгініп, асқазанды кішірейту, бандаждау  отасын жасатуға мәжбүр болады. Операциядан кейін науқастың асқазаны кішірейеді. Бұрынғыдай қалағанынша жеп-іше алмайды. Мәселен, түскі астың мөлшері 50 немесе 100 грамм болуы мүмкін, одан артық асты жеуге кішкентай асқазан мұрша бермейді.

Отадан шипа іздегендер

Қазір Америкада семіздік, артық салмақтан арылту мақсатында жылына 200 мың операция жасалады екен, ал 8 миллион ғана халқы бар кішкентай Швецияда 8 мың адам отаның көмегіне жүгінеді. Қазақстанда да семіздіктен құтылу үшін ота үстеліне жататындар бар. Жылына ондаған қазақстандық хирургиялық жолмен асқазанын кішірейтеді. Отаның бұл түрі туралы сөз болғанда отандық хирургтар арасынан «Қазақстан Бариатрикалық және Метаболикалық Хирургтер Қоғамы» республикалық бірлестігінің президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Астана» медициналық университеті эндохирургия кафедрасының меңгерушісі, жоғары санатты хирург дәрігер Орал Оспановтың есімі бірінші аталады.        «Семіздікті, артық салмақты емдеу отасын Қазақстанда алғаш рет 2004 жылы жасадым. Оның алдында Ресейдің Омск қаласында жүргенде жасадым. Сол жақта институтта оқып, кандидаттық, докторлық қорғағаннан кейін отаны ашық түрде жасай бастадық, алайда өте аз жасалатын еді, адамдар аз келуші еді. 2006 жылы Берлинде хирургтер конгресі өтті, соған қатысып, бірқатар материалдар алып, тәжірибе жинақтап қайттым. Бандаждау отасы бізде ол кезде дамымаған еді. Осы тәжірибені сол кездегі денсаулық сақтау министріне көрсеттім. Осы бандаждауды 2010 жылы, яғни 4 жылдан кейін ғана енгізе алдық. Одан соң асқазанды кішірейту операциясы, асқазанды тұйықтау операцияларын жасай бастадық», – дейді оташы.  Хирургтың айтуынша, мұндай оталар семіздіктің үшінші деңгейіне шалдыққан адамдарға жасалады. Алайда қант диабеті, гипертониялық аурулармен ауыратын болса, семіздіктің 1-інші деңгейінен зардап шегетіндер де хирургиялық көмекке жүгіне алады. «Семіздікке шалдыққан кейбір адамдар тыныс ала алмайды. Пиквик синдромы деген бар, адам қараптан-қарап отырып тынысы тарылып, сәл қозғалса, демала алмай қалуы мүмкін. Мұндай адамдарға да дереу ота жасалуы керек», – дейді тәжірибелі маман. Орал Оспанов соңғы екі жылда бір ғана Ақтөбе қаласында семіздікке шалдыққан алты адамға ота жасаған. Ота үстеліне жатар алдында олардың салмағы 120-140 келінің айналасында болған. Операциядан кейінгі жүйелі емнің нәтижесінде олар 40-50 келі салмақ тастапты. Отандық хирургияның дамуы қозғалудан қалып, азаннан қара кешке дейін төсекке таңылған талай адамның үмітін оятты. «Аузын тыйса қайтеді?», «Осылай семіргенше жей беруге бола ма?», «Ұйықтай бермей, спортпен неге айналыспайды?»деген түйреулерден шаршап, жұрт назарынан безген қаншама жанның өмірін өзгертті. Алайда «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді қазақ. «Ауру – астан» екенін ескерткен де біздің халқымыз. Жан мен тән сау болсын десек, асайтын асқа мұқият болған жөн. Талғамай жеген тағам тоқсан түрлі кеселдің бастауы екенін ұмытпайық.