Осакада чемпион атанған Ерсін Кинбозан
Осакада чемпион атанған Ерсін Кинбозан
– Жапонияда сумомен кәсіби түрде айналысып жүргеніңізге біраз уақыт болғанымен, интернетте сіз туралы мәлімет аз. Сумоға қызыққаныңызға қарағанда елде жүргенде қазақша күреспен айналысқан болар деп ойлап отырмын. – Иә, қазақша күреспен шұғылдандым. Сүйегім ірі, денелі болып өстім. Сыныптастарымның ішінде ең ірісі мен едім. Құдай осылай жаратқан соң күреспен айналысамын деп шештім. Оның үстіне, мұндай денемен футбол немесе шахмат секциясына бара алмайтыным белгілі (күліп). Негізі, мен – Алматы облысы Балқаш ауданының тумасымын. Бірақ 5 жаста болғанымда ата-анам Алматыға көшіріп әкелді. Сонда мектеп қабырғасында оқып жүргенімде күреспен шындап айналыстым. «Қазақстан барысы» турнирінің іріктеу сайысына қатысқаным бар. Алайда сол сайыста мойнымнан жарақат алып, бұрынғыша жаттығуға мүмкіндік болмады. – Сізді танитындар Император кубогін 25 рет ұтып алған танымал сумошы Асасёрю Акинори шәкірт етіп тәрбиелеу үшін Жапонияға шақырып, университетке оқуға түсуіңізге қолғабыс жасағанын айтады. Бізді қызықтыратыны, Асасёрюдің көзіне қалай түстіңіз? Ол Алматыға арнайы келді ме әлде сіз Жапонияға бардыңыз ба? – Асасёрю шәкірт іздеп Алматыға келген болатын. Ол белгілі кәсіпкер Сырымбек Таумен жақсы араласатын болып шықты. Сырымбек аға әкемнің досына Асасёрюдің Қазақстаннан шәкірт тауып, баптап шығарғысы келетінін айтқанда ол кісі «Менің досымның 17-18 жастағы ұлы бар. Соған айтып көрейік. Кездесіп көріңдер» депті. Содан олармен кездесіп, соңында барлығы келісе кетіп, ақырында Жапонияға баратын болдым. Ондағылар 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша оқитындықтан, бір жыл мектепте, сосын сол елдегі жетекші университеттердің бірі саналатын Нихон университетінің спорт факультетінде 4 жыл білім алдым. Осы ретте айтайын дегенім, өткен аптада елдегі БАҚ беттерінде таралған мен туралы деректің көбі шындыққа жанаспайды. «Нихон университетінде үш бірдей бапкерден (ояката) тәлім алады» делінген. Біріншіден, мен ол университетті аяқтағаныма 2 жыл болды. Екіншіден, ояката деп кәсіби спортта жаттықтыратын бапкерді атаймыз. Ал университетте үш жағыңнан тартқыштап, жаттықтырған бапкерді сэнсей дейміз. Содан соң «Оқуға барғанда салмағы 130 келі болып, қазір 190 келіге дейін жеткен» деп жазыпты. Мен өмірімде 190 келіге «жақындап» көрген емеспін. – Тіпті, сіз секілді мектепте бір жыл, университетте төрт жыл оқыса да ма? – Иә. Мейлі сен онда 10 я 20 жыл тұр, жапондық төлқұжатың болмаса алты ай тіл курсына қатысуың қажет. Ал сол алты ай ішінде жарысқа қатысуға рұқсат етілмейді. Бұл талапты орындаған мен жылына 6 рет, тақ айларда өткізілетін чемпионаттардың (басё) қыркүйек айында өтетініне үлгеріп тұрған едім. Бірақ сумо федерациясына кіру, сондай-ақ виза жасатуға байланысты құжаттар біраз кідіртіп, ақыры ол жарысқа қатыса алмадым. Сөйтіп, қараша айында Фукуокада төртінші жоғарғы дивизион саналатын санданмэда ұйымдастырылған чемпионатта күресіп, 7:0 есебімен жеңіске жеттім. Биыл қаңтар айында Токиода үшінші жоғарғы дивизион – макушитада бақ сынап, 5:2 ұпайымен жеңіліп қалдым. – Көпшіліктің өткен аптада Осакада сайдың тасындай іріктелген сумошылар қатысқан басёдағы жетістігіңізді сүйіншілеп жеткізіп, тарихи жеңіске теңеп жатқаны ағаттық болғаны ма? Кәсіби спортқа араласқан қараша айындағы чемпионатта жеңіске жетсеңіз, Осакадағы екінші жеңісіңіз ғой демек? – Иә. Осакада кәсіби спортта екінші рет жеңіске жеттім. Ал оның алдында қатысқан чемпионаттың нәтижесі туралы көбі білмейді. Әр жерден бір жылт-жылт етіп көрінгенді суқаным сүймейді. Сондықтан нәтижелерім туралы ешкімге тіс жармадым. Жария қылғым келмеді. Сұхбаттасудан әдейі бас тартып, бәрінен жырақ жүргім келді. Тек сіз «қаз-қалпында әрі шынайы ұсынамын» деген соң келістім. Былайынша тыныштық ұйыған өмірімде осылай тыныш жүре бергенім жақсы. Мен журналистерді айтпағанда, қасымдағы жапондықтарға «иә», «жоқ» деп жауап беремін (күліп). Өзіңіз айтып өткендей, елдегі журналистердің Осакада топ жарғанымды тарихи жеңіске балап, тұңғыш рет чемпион атанды деп жазғанын көзім шалып қалды. Алайда бұл – менің екінші жеңісім. Бірақ қараша айындағы жетістік туралы естіп білмеген көпшілік наурыз айындағы чемпионаттың нәтижесін сүйіншілеп жазуда. – Сумошылардың әскер қатарында жүрген сарбаздар секілді қатаң режимді ұстанатыны рас па? Бір күндік режиміңізді баяндап бере аласыз ба? – Рас. Бізде қатал тәртіп ұстану қажет. Таңғы алтыда ұйқыдан тұрған соң, жуынып, жатын орныңды жинайсың. Сосын қол-аяғыңа пластер жабыстырып, жаттығу залына беттейсің. Он бірге таман жаттығу аяқталған соң, дохёні (сумо алаңы) тазалауың қажет. Сосын тамақтанамыз, жуынамыз. Одан кейін кезекші болған жағдайда, асүйге барып, ыдыс-аяқ жуамыз. Бірінші, екінші және үшінші қабаттағы асүйді тазалауға арнайы кезекшілік жасалады. Соны атқаруымыз қажет. Түскі ас ішкен соң, екі сағаттай тынығамыз. Сағат төрттер шамасында айналамызды жинастыруға кірісеміз. Содан соң жаттығу залына барамыз. Кешкі тамақ ішіп, жаттығу киімдерімізді жуамыз. Сосын дәрі-дәрмек, дәрумендерімізді ішіп, ұйқыға кетеміз. Түнгі онға дейін жатақханада болуың қажет, дәл сол уақытта бізге жетекшілік ететін ояката барлығымыздың түгел екенін хабарлайды. Сосын түнгі он бірде жарық өшіріледі. Біздегі талап осындай. – Бірақ жоғары дивизионға көтерілген сайын сумошыларға қойылатын талаптар саны азаятын шығар? – Иә, дивизион бойынша жоғарылаған сайын, талаптардың күші де жойылады. Қазір мен макушита дивизионында күресемін. Маған аса қатал талап қойылмайды. – Десе де әрдайым мұндай талаптарға сай жүру қиын екені белгілі. Ара-тұра қолды бір сілтеп, сумодан кеткіңіз келетін сәттер бола ма? Бастапқыда бөтен елге барып бейтаныс спортпен айналысуға жүрексінген жоқсыз ба? – Басында Асасёрюдің айтқан ұсынысына ойланбастан келістім. Бірден «барамын» дедім. Әкем «Балам, ойланып көр. Барамын десең, ұстамаймын. Қолынан ұстатамын, ақшаңды қалтаңа салып, жағдайыңды жасап беремін. Бармаймын десең де, ренжімеймін, бірақ ертең өмір бақи өкініп жүрмесең болғаны. Елдегі он сегіз миллион адамның ішінен тек саған осындай таптырмас мүмкіндік беріліп отыр. Өзің шеш» деп ақылын айтты. Бастапқыда қиналғаным рас. Өзіңіз ойлап көріңізші, Жапонияға алғаш рет табан тіреген мен жапонша түсінбеймін, ағылшынша кішкене білемін, бірақ жапондықтар бұл тілді жетік меңгермеген. Абдырағаным рас. Оған жоғарыда айтып өткен қатаң талаптарды қосыңыз. Өз басымнан өткен соң, мұндағы талаптардың ешбір спорт түріндегі ережеге ұқсамайтынын түсіндіріп жеткізе алмаймын. Әдепкіде қайтқым келіп, қипалақтағаным бар. Ондай сәтте әкем «Балам, шыда, чемпион болу оңай деймісің? Чемпион болу оңай болатын болса, екінің бірі чемпион болмай ма? Шыда!» деп желпіндіріп қойды. Сөйтіп жүріп шыдадық, тіл үйрендік, төңірегімізге үйрене бастадық. Бір қарасам, алты ай, енді бір қарасам бір жыл өтіп кеткен. Сөйтіп бірте-бірте осындағы режимге бойым үйреніп кетті. Оған қоса, әке-шешем, ағайын-туыс үміт артып отырған соң ұятқа қалдырмайын деп тырысып-бақтым. Оның үстіне, жылқы тектес халық болған соң, шыдамдылық қанымызда бар қасиет. Қанша қиын болса да, адам баласына білдіртпей, соңына дейін шыдап-бағып, жарияға жар салмай діттеген мақсатыңа жеткенді құп көремін. – Қанша қиын болса да, ёкодзуна атанбайынша тынбаймын дейсіз ғой? Спорттан тыс қандай жоспарыңыз бар? – Жоғары дивизионға шығу үшін көп жаттығу керек. Қазір маған ең жоғарғы әрі мықты дивизион саналатын макуутиге өтуге бір-екі саты қалды. Содан соң ондағы комусуби, сэкивакэ, одзэки, ёкодзуна рангіне таласуға мүмкіндік бар. Маған дәл қазір жыл сайын өтетін алты жарыстың алтауында да тұрақтылық көрсету керек. Біреуіне қатыспасаң рангің «түсіп» қалады. Келесі басё мамыр айында өтеді. Сонда тағы топ жаруды көздеп отырмын, қазір сол үшін күні-түні жаттығып жүрмін. Тағы бір мақсат – кіндік қаным тамған жер Қазақстанға оралып, жеке кәсіп ашып, ауылшаруашылығымен айналысқым келеді.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ