Delta Bank менеджерлеріне қатысты тергеу аяқталды
Delta Bank менеджерлеріне қатысты тергеу аяқталды
Қаржы мониторингі агенттігі Delta Bank топ-менеджерлеріне қатысты тергеуді аяқтады деп жазды turkystan.kz.
ҚМА мәліметіне сәйкес, 2012-2017 жылдар аралығында Forbes журналының нұсқасы бойынша Қазақстанның ең ықпалды бизнесмендерінің рейтингіне енген Н.С. Тілеубаев банктің ақшасын қайтарымсыздығы алдын ала белгілі несиелерді беру арқылы жымқырып отырған.
«Тергеу барысында күдіктілер мен олардың жақын туыстарының жалпы құны 48 миллиард теңгеден асатын мүлкі тәркіленді: 5 қант зауыты, 20-дан астам жер телімі, 70 жылжымайтын мүлік нысаны және 40 көлік құралы. Соның ішінде Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей Федерациясы, Латвия және Чехия республикаларында орналасқан активтеріне арест қойылды», – деді ҚМА аса маңызды істері бойынша тергеушісі Салтанат Көшербаева.
Оның айтуынша, қылмыстық әрекеттен келген шығын 200 миллиардтан астам теңге, 200 миллионнан астам доллар және 4 миллионнан астам еуроны құраған.
Қазір қылмыстық іс сотқа жіберілді. Іс бойынша айыпталушылар қамауда отыр.