Жаңалықтар

Жолақ лента жорығы

ашық дереккөзі

Жолақ лента жорығы

Колорад қоңызымен таныстығымыз бала күннен басталған. Жаз бойы есік алдындағы бау-бақшаның күтімін ермек қылатын әкем маңдай терімен өсірген көкөністерін әлгі зиянкестен қызғыштай қорып жүретіні есімде. Қара мен сары жолағы жарысқан сүйкімсіз жәндікті картоп жапырағынан аластауға шама-шарқымыз келгенше біз де көмектесетінбіз. Ал, бүгінгінің «колорадтары» бұрынғыдан өзгерек.

Түр-түсі колорад қоңызын еріксіз есіңізге түсіретін Георгий лентасы әдетте Жеңіс күні қарсаңында жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай жан-жақтан төбе көрсете бастайды. Оған етіміз үйреніп кеткен. Алайда мерекелік науқан мәресіне жеткелі төрт айдың жүзі болды. Десе де, Алматыда Георгий лентасын желбіреткендер саны күннен күнге артып келеді. Әншейінде аңғарылмауы мүмкін, ал жол кептелісі көбейгенде әлгі белгібауды байлап алғандар бірден көзге ұрады. Біреуінің айнасында, енді бірінің антеннасында желбіреп барады. Георгий лентасы мен гвардиялық лентаны шатастырып жүр деп жолақ лента таққанның бәрін ақтап алатын әдетіміз бар әу бастан. Бірақ Шығыс Украинаны дүрліктірген шиеленіс саясат пен идеологияда ұсақ-түйектің болмайтынын дәлелдеп берді.

Ресей Қырымды аннексиялағаннан кейін Георгий лентасына деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Украинаның тұтастығына қауіп төндіріп, Донецк пен Славянскті басып алған сепаратистердің төсбелгі үшін дәл осы лентаны таңдауы тегін емес. Олар Георгий лентасын үстемдіктің белгісіне балайды.

Тарихқа үңілсек...

Шын мәнісінде, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет нышаны деп дәріптеп жүрген лентамыздың тарихы тым тереңде. Георгий лентасы өз бастауын 1796 жылдан алады. Дәл осы жылы Ресей империясын 34 жыл билеген Екатерина II патшайымның жарлығымен «Жеңімпаз Георгийдің» құрметіне 4 дәрежеден тұратын Әулие Георгий ордені енгізілді. Қара мен сары жолағы таспадай тартылған лента сол орденге байланған. Тіпті, орыстар бұл белгіні христиан дінінің сеніміне сәйкестендіріп, ең қасиетті медаль дәрежесіне дейін көтерді. Георгий орденімен 1917 жылға дейін 10 мыңға жуық орыс солдаты марапатталған. Олардың арасында Орта Азия халықтарын жаулаған қанқұмарлар да бар. Кейін патша үкіметі құлаған соң, билікті қолына алған Кеңес үкіметі бұл белгіге түпкілікті тыйым салды. 1943 жылы Кеңес армиясы жауынгерлерінің рухын көтеру үшін гвардия төсбелгісі тағайындалған. Алайда Ресей Федерациясы 2000 жылы Георгий орденін әскери орден ретінде қайта жаңғыртты. 2005 жылдан бастап «Риа-Новости» агенттігінің бастамасымен белгібауды Жеңіс күні қарсаңында тарату акциясы белең алды. Бұл дәстүр 2008 жылы рекордтық көрсеткішті бағындырып, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Грузия, Беларусь, Абхазия, Украина, Грекия, Италия, Франция, Эстония, Латвия, Молдова, Әзірбайжан, Қытай, Вьетнам, Бельгия, Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан және Ауғанстан секілді әлемнің 30-дан астам елінде таратылды. Сол жылы 24 сәуір мен 12 мамыр аралығында үлестірілген ленталардың ұзын саны 50 миллионды құраған екен. Ал, биыл бұл көрсеткіш 100 миллионға жеткен. 28-панфиловшылар саябағында лента таратып тұрған белсенді Евгения Кадикова акцияның мақсатын сұраған «Азаттық радиосының» тілшісіне өзін «Almaty paper» компаниясының өкілі ретінде таныстырған. Бұл белгібау «Риа-Новости» агенттігінің тапсырысымен жасалғанын, акцияның ешқандай саяси астары жоқ екенін айтып ақталған. «Мақсатымыз – Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету», – депті белсенді. Алайда Георгий лентасының Жеңіс күнімен қандай байланысы барын ол да, лентаға жапа-тармағай қол созған жұрт та түсіндіріп бере алмаған. Философ Әбдірашит Бәкірұлы «qamshy.kz» сайтына берген сұхбатында: «Жастар оған жылтырақ дүние деп қарайтын сияқты. Ал соны тықпалап отырғандардың әрекеті – жымысқы саясат екені анық. Өмірде қай салада болмасын – дінде, саясатта бұқараның сауатсыздығын өз пайдасына шешіп қалуға тырысатын тәсіл жиі қолданылады. Мысалы, «Валентин күні» деген адамның махаббат сезіміне әсер ету арқылы христиан дінін астыртын санаға сіңіру болып табылады. Бұл да соған ұқсас құбылыс», – дейді.

«Желідегі» желік

Белгібаудың империялық астарын сезген Украина төл нышандарын ұлықтауды, туы мен әнұранын, елтаңбасын қорғауды қолға алды. Ел президенті Петр Порошенко жарлық шығарып, Жоғарғы Рада депутаттарына сепаратистік пиғылдағы өзге елдерден келетін символдарға шектеу қоятын және мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді міндеттейтін заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Ал бізде қалай? Әлеуметтік желілерде қызу талқыланады, қауіпті ескерткен жазбаны желі қолданушылары өз парақшаларына орналастырып, көппен бөліседі. Бірақ жабулы қазан әлі жабық күйінде. Мәселен, жуырда осы мәселені белгілі журналист Тоқтар Жақаш өзінің «Фейсбуктағы» парақшасында көтерді. «9 мамырдың өткеніне 4 ай болса да, Алматы көшелерінде «колорадтық» лента таққан көліктер толып жүр. Кешқұрым «Green» дүкенінің жанындағы автобекеттен сондай бір көлікті байқап қалдым. Рөлінде еңгезердей орыс отыр. Есігін ашқызып, лентаны алып тастауын талап еттім. «Қазақстан қоғамын екіге жарғыңыз келмесе, сепаратистік лентаны алып тастаңыз!» дедім. Ол да бой бермейді. «Украинада фашистер бейбіт тұрғынды қырып жатыр», – деп сандырақтап кетті. Ұзақ айтыстық. «Георгий лентасы біздің әулиеміздің құрметіне жасалған», – деп те соқты. Телефонға түсірмек болып ыңғайлана бергенімде, көлігін оталдырып тұра қашты. Осы көріністен ұққаным: сепаратистер біздің тамырымызды басып көріп жүр. Шын мәнінде, өздері де сол қылығы үшін өлердей қорқады. Ал үндемесек, төбемізге шыға бермек. Үлкен-кішіміз жаппай лентаны алып тастауды талап етсек, олар да сабасына түседі», – делінген жазбада. «Не істеу керек?» деген сұрақ төңірегінде желіде қызу пікірталас болған. Белсенді қолданушылар жазбаға 70-тен астам пікір қалдырыпты. Бірі лента таққан көлікті өртеу керек десе, енді бірі аэрозольді бояумен әйнектерін айғыздап, суретін әлеуметтік желілерге таратып, әбден масқаралауды ұсынады. Қысқасы, құрғақ сөзбен сес көрсеткендер жеткілікті. Георгий лентасын бүйіріне басып, КСРО-ның шиқандай қызыл туын көкке көтерген Қызылжардағы автокөліктер шеруін суретке түсіріп алған ақын Дәулеткерей Кәпұлы да «Фэйсбукты» шулатқан еді. Желідегі жұрт біраз дүрлікті, «қол қусырып отыруға болмайды» десті. Алайда сөзден іске көшкен ешкім жоқ. Отаршылдықты насихаттаған барлық белгілерді, жат пиғылдыларға қарсы айғақтарды жинап, құзырлы органдарға талапқа сай шағым түсірілсе, әңгіме басқаша болар еді.

«Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды»

Саясаттың «сайыпқырандары» қоғамдық сананы билеу тәсілдерін жақсы меңгерген. Бұл лента расында да Ресей империясын аңсаушылардың арандату амалы боп шықпасына кім кепіл? Георгий лентасы Ресей Федерацияның туына айналуы мүмкін деген дақпырт өршіп тұр. Бұл жел сөз емес, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Михаил Дегтяревтің аузынан шыққан сөз. Депутаттың «Говорит Москва» радиосының эфирінде «мемлекеттік ту ретінде Георгий лентасын пайдаланатын кез жетті» деген мәлімдемесі қоғамды әбіржітті. Оның айтуынша, жолақ лента барлық кезеңді қамтиды-мыс: монархистерді де, кеңестік жүйеде шыңдалғандарды да. Демек, әзірге ұсақ-түйек боп көрінетін бір жапырақ шүберектің миссиясы орасан. Кезінде: «Колорад қоңыздарын Американың барлау басқармасы КСРО-ның ауыл шаруашылығын құрту үшін әдейі құрлық асырған екен», – деген шу шыққан. Шекаралық шектеу дегенді білмейтін, жер талғамайтын бүгінгі «колорадтардың» қарқыны бұрынғыдан қатты. Бүтін елдігімізге, тұтас тәуелсіздігімізге қауіп төндіруі мүмкін.

Дәурен Бабамұратов, «Болашақ» республикалық қозғалысының жетекшісі, саясаттанушы:

– Мен Георгий ленталарына үзілді кесілді қарсымын. Бірақ дәл қазіргі уақытта бұл лентаны таққанның бәріне күдікпен қарайтын болсақ, кесірі өзімізге тигелі тұр. Олардың бәрін жаппай сепаратистердің қатарына кіргізуден аулақпын. Десе де бұл лентаның о бастағы пиғылы түсінікті, бұл – қазаққа қарсы акция. Оны таққандармен емес, таратқандармен күресу керек деп ойлаймын. Қарсылық бұндай ленталарды Ресейден кіргізбеу, сатылымнан алып тастау, Жеңіс күнінде таратуға тыйым салу сияқты шаралардан басталуы керек.

Мұрат Әбенов, қоғам қайраткері:

–Бұрын осы лентаға аса мән бермейтінмін. Тек Жеңіс күні қарсаңында көзіміз шалатын. Мән-мағынасын білмей, жеңістің нышанымен байланыстырып тағатындар басым болды. Өкінішке қарай, қазір білместіктен гөрі идеологиялық мақсатта қасақана пайдалану өріс алып барады. Оның артында үлкен топ тұр деп ойлаймын. Үлкенді-кішілі шараларды ұйымдастырып жүрген адам ретінде бұл істің машақатын болжай аламын. Лентаны жасату үшін қаражат көзін табу, тапсырыс беру, қаттап-бүктеп шекара асыру, бірнеше елдің, әр түрлі халық өкілдерінің назарын аудару – үлкен ұйымдастырушылықты қажет ететін шаруа. Әсіресе, Украинадағы қақтығыстардан кейін осы жайт мені қатты алаңдата бастады.

Бұл лентаның Ұлы Отан соғысына түк қатысы жоқ. Георгий лентасын гвардиялық лентамен шатастырмаған жөн. Георгий лентасы патша заманынан бері келе жатқан Георгий орденіне жапсырылған лента, ол – отаршылдықтың туы, Орта Азия халықтары үшін басқыншылықтың белгісі деуге болады болады. Ал гвардиялық лентаның жөні басқа. Бір байқағаным, жеңіс күні қарсаңында еліміздің төл нышандары бедерленген әскери форманы кие тұра, кейбір қарулы күш өкілдері омырауларына георгий лентасын тағып алатынды шығарды. Бұл тіпті заңға қайшы әрекет, сонда олар басқа елдің үстемдігін насихаттап жүр ме? Оның саяси-идеологиялық астарынан түсінбеген күннің өзінде, әскери азамат өзінің формасына, мемлекет сеніп тапсырған нышандардың бәріне құрметпен қарауы тиіс.

Іссапармен еліміздің бірнеше қалаларында болдым, әлгі лентаның жүрмейтін жері жоқ. Көліктің айнасына, жүк салғышына қыстырып қояды. Сонда оны жалау қып желбіреткен адамдар өз болашағын қай мемлекетпен байланыстырады? Қазақстанның топырағын басып, нанын жеуге жарап тұр, бірақ ел басына күн туса, мұрттары қисая қоймас.

Анар Лепесова