12 жасар баланың қызуы жарты жылдан бері түспей келеді

12 жасар баланың қызуы жарты жылдан бері түспей келеді

12 жасар баланың қызуы жарты жылдан бері түспей келеді
ашық дереккөзі
Мақсат сырт көзге өзгелерден ерекшеленбейтін қатардағы бала секілді көрінеді. Алайда соңғы жарты жылдан бері оның дене қызуы түспей келе жатыр. Баланың қызуы кейде 42 градусқа дейін жетеді. Бір таңқаларлығы, өте жоғары температураға қарамастан, Мақсат өзін жақсы сезінеді, тәбеті жаман емес, ұйқысы да тыныш. Бұл туралы turkystan.kz «Мой город» порталына сілтеме жасай отырып хабарлады. 12 жастағы Мақсат Мырзалыұлы қатарластары сияқты футбол ойнап, сурет салғанды, гаджеттермен ойнағанды ұнатады, өзі таэквондодан Азия чемпионы. Мақсаттың анасы Анар Сағынғалиеваның айтуынша, барлығы былтыр қазан айында басталған. Бала ЖРВИ-мен ауырып, тамағы ісіп кеткен. Дәрігерлер ем ретінде антибиотик жазып берген.
«Температурасы 38-39 градус көлемінде болды, ем көмектеспеді, тамағы қып-қызыл болды. Лор дәрігерге жүгіндік, ол антибиотик ішуді жалғастыруға кеңес берді, бірақ ыстығы сол күйі түспеді. Мақсатты балалар ауруханасына жатқызды, дәрігерлер ешқандай ақау таппады. Кейін олар баламнан биопсия аламыз деді. Бірақ мен келіспедім», – дейді баланың анасы.
Бір аптадан кейін Мақсат ауруханадан шыққан, бірақ ыстығы түспеген және үнемі 41 градустан асқан. Ал аяғында көгергенге ұқсайтын бөртпелер пайда болған. Анасының сөзінше, бала қашықтықтан оқуға ауысқан. Ата-анасы баланы жеке емхана дәрігеріне көрсеткен. Олар баланың жағдайын көріп, қайта ауруханаға жатқызу керек екенін айтыпты. Бұл жолы ата-анасы биопсия жасауға рұқсат беріп, мамандар қажетті анализдердің бәрін алған. Қуанышқа орай, Мақсаттың ағзасынан обыр жасушалары табылмаған. Анар Сағынғалиева дәрігерлерге ешқандай шағымы жоқ екенін, олар қолдан келгенше көмектесіп жатқанын айтты. Ал 12 жастағы Мақсат әлі күнге дейін қашықтықтан оқиды, далаға сирек шығады. Анасы баланың ағзасында қандай да бір бұзылыс бар деп алаңдайды. Бірақ оны әзірге бірде-бір дәрігер анықтай алмай отыр. БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі 24 наурыз күні астаналық ғылыми орталықпен телемедицина кеңесі өткенін хабарлады. Онда балаға бірқатар анализдер, биопсия тағайындалды. Тексеріс облыстық балалар ауруханасында жүргізіліп, артынша Мақсатты емханаға жатқызу жоспарланып отыр.