Түркістан облысында 17 жастағы аяғы ауыр келіншектің жоғалғаны туралы тың мәлімет шықты

Түркістан облысында 17 жастағы аяғы ауыр келіншектің жоғалғаны туралы тың мәлімет шықты

Түркістан облысында 17 жастағы аяғы ауыр келіншектің жоғалғаны туралы тың мәлімет шықты
ашық дереккөзі
Бір ай бұрын із-түзсіз жоғалған келіншек Назым Алдаш 28 наурыз күні Жаңатас қаласынан табылды деп жазды turkystan.kz. Түркістан облысының тұрғыны - кәмелеттік жасқа толмаған Назым Алдаш туралы оқиға көпшілікті елең еткізген еді. 22 ақпанда ол Түркістан облысының Сауран ауданындағы үйінен шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен. Бұдан бұрын туысқандары келіншектің азаматтық күйеуінің қатыгездігі туралы мәлімдеген болатын. Ал тәртіп сақшылары бір айдан астам уақыт бойы жоғалған әйелді сол азаматтық күйеуімен бірге Жамбыл облысынан тауып алған еді. Назымның анасы Гүлжамила Бекетова оқиғаның мән-жайын айтып берді.
«Өткен жылдың қазан айында қызымды Алматыға кетіп бара жатқан жерінен алып қашып кеткен болатын. Қайтып келгені ұят болар деп, қыз жігіттің үйінде қалып қойған. Артынша аяғы ауыр болды. Бірақ олар сол күйі заңды некелерін қимады», – дейді анасы.
Кейін Назым күйеуінің ұрып-соққанына шағымданып, анасынан оны үйіне алып кетуін өтінген екен.
«Қызымның үстінің сау жері жоқ. Оны қой бағуға мәжбүрлеп, үнемі ұрып-соғып отырған. Қызым күйеуі өзін қамшымен ұрып, байлап, тепкіге жыққанын айтқан. Біз оны ол жақтан алып кеттік. Кейін ол үйден ауруханаға шығып кеткен. Артынша жоғалып кетті. Назым соның алдында бір танысымен хабарласқан екен. Біз оны тауып алдық. Оның айтуынша, бұның бәрін ұйымдастырған оның азаматтық күйеуі», – деп мәлімдеді қыздың анасы.
Наурыздың 28-і күні жоғалған келіншекті тәртіп сақшылары Жаңатас қаласынан тапты. Полиция өкілдерінің айтуынша, ол осы уақыт бойы азаматтық күйеуімен бірге тұрған екен.
«Қазір келіншек өз туысқандарына қайтарылды. Болған оқиғаның мән-жайы анықталуда», – деп мәлімдеді Түркістан облысы ПД Қылмыстық полиция басқармасының басшысы Сұлтанбек Үсіпбеков.
Ал Назым болса, өзін біреудің ұрып-соққанын жоққа шығарып отыр. Қайтадан алып кетеді деп қорыққандықтан, анасына хабарласпаған.
«Мен күйеуіммен бірге болдым. Ол мені ұрмады. Енем біздің қайда екенімізді білді. Күйеуіме қайтып барғым келеді», – деді Назым Алдаш.