ҚАЛЫҢДЫҚТЫҢ ЖАСАУЫ БӘСЕКЕГЕ АЙНАЛСА...

ҚАЛЫҢДЫҚТЫҢ ЖАСАУЫ БӘСЕКЕГЕ АЙНАЛСА...

ҚАЛЫҢДЫҚТЫҢ ЖАСАУЫ БӘСЕКЕГЕ АЙНАЛСА...
ашық дереккөзі

Ұлды ұяға, қызды қияға қондыруды әрбір ата-ана өзінің борышы санайды. Бұл – қазақ халқының дәстүрінде ертеден қалыптасқан жағдай. Ұлы үйленіп, отбасына келін түсіргенде «үйімізге бақ боп келсін» деп тілек тілейді. Ал қыз баланы ықылымнан жат жұрттық санаған қазақ халқы бойжеткен аруының өзге үйдің босағасынан аттауына ерекше мән беріп, қыз баланы ұзатуға ұзақ дайындалатыны белгілі. Әрбір ата-ана қызының жасауын әзірлеу үшін де барын салады. Тіпті, бүгінде қыз жасауын даярлаудың талаптары да қиындай түскен тәрізді.

Қазақы салт-дәстүрдің бірі саналатын қыз жасауының түрі жыл өткен сайын өзгеріп келеді. Жас отауға көмек болсын деген ниетпен тұрмысқа ең қажетті деген заттарды қызының артынан апару – ата-ананың міндеті. Дегенмен, бүгінде қыз жасауын беру бәсекеге айналып кеткендей. Бұрынырақта қызы бар үйдің анасы қызы бойжете бастағаннан кейбір құнды заттарды сақтап жүретін болған. Мәселен, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан жәдігер, әжесінен қалған әшекей бұйымдар немесе құрақ көрпе сынды заттарды жинаған. Сонымен бірге, қыздың жасауына көрпе-жастық, кілем, сандық, ас үйге қажетті керек-жарақтар ғана берілген. Ал бүгінгі күні бұл талаптар түбегейлі өзгеріске ұшырады. Құдалардың алдында ыңғайсыз жағдайға қалмауды, өзгелерден ұпайы кем болмауын ойлайтындар қазір қыз жасауына елде жоқ дүниені қосуға тырысып бағады. Тіпті, жағдайы келмесе де, қалтасы көтермесе де, «қызым жерге қарамасын» деп несиеге бүкіл дүниесін түгендеп беретіндер де кездесіп жатады. Қыздың артынан жасау апару салт дегенімізбен, мұндай дарақылыққа жол берудің қаншалықты қажеті бар? Қыз тұрмысқа шыққанда артынан алып баратын дүние-мүлкі қыруар қаржыны талап етеді. Әрине, елдің әр өңірінде қыздың жасауына деген көзқарас әрқилы. Бірақ оңтүстік жақта бұл дәстүрге аса мән беріледі. Тіпті, «қыздың артынан барған дүниесі жаңа түскен келіннің абыройлы болуына тікелей қатысты» деген пікірді құптайтындар да табылады. Осының салдарынан бүгінде қыздың төсек-орын жабдықтарын былай қойғанда, заман талабына сай кіржуғыш машина, тоңазытқыш, шаңсорғыш, қымбат теледидар, ас үйге арналған жиһаз, сәнді ыдыс-аяқтар жиынтығы жасаудың заманауи үлгісіне айналған. «Көрпеңе қарай көсіл» деген қазақтың даналық сөзі той жасау мен қыздың артынан апарар дүниесін дайындауға келгенде әдіре қалатын болды. Бүгінгідей бәсеке заманында кез келген ата-ана қыз жасауына тойға жұмсалған ақшадан кем түспейтін қаржы жұмсайды. Аттаған босағасында күндемесін, менсінбеушілік болмасын деген ата-ана қызының дүниесін жинау үшін барын салады. Өйткені мұндай кезде «Келіннің жасауы қандай екен?» дейтін абысын-ажын мен ағайын-туыс міндетті түрде табылады. Заманауи қыз жасауына арналған сәнді «махаббат көрпе», «құдағи көрпе» секілді анасының қолынан шыққан бұйымдар, жатын бөлмеге арналған жиһаз, ыдыс-аяқ пен киім-кешекпен қоса кейінгі жылдары тіпті көліктің немесе пәтердің кілті де жасаудың ажырамас бір бөлігіне айналғандай. Әрине, қолынан келіп, қалтасы көтерсе, екі жастың өз алдына үй болуына мүмкіндік беретін барлық дүниесін алып берсін. Ата-ананың барған жерінде жұпыны жасау қызғалдағымның бетіне салық болмасын дейтіні түсінікті. Десек те, қолдан келсін-келмесін тыраштанып, қарызға батып, қыздың жасауын әзірлеу қаншалықты дұрыс?! Бүгінгі қазақ өзі кіммен жарысып жүр? Ал осы ретте ата-анасы жинап берген дүние екі жастың бақытты отбасы болуына дәнекер бола алар ма екен?! Бақытты дүниемен өлшегеннен гөрі, қыз баланы шаңырақтың шаттығы мен берекесін сақтай білуге үйреткен жөн тәрізді. Әйтпесе, соңғы жылдары елімізде отбасы ойран болып, ажырасып кетіп жатқан жас жанұялардың қатары көбейіп барады. Әлбетте, қазақтың салт-дәстүріне қарсы келмейтініміз хақ. Бірақ барымды көрсетем деп дарақыланудың, жастарды «дайын асқа тік қасық» болуға үйретудің қажеті шамалы.