Жаңалықтар

«Хабар», 24kz, Qazaqstan, Balapan телеарналары хабар таратуды тоқтатты

ашық дереккөзі

«Хабар», 24kz, Qazaqstan, Balapan телеарналары хабар таратуды тоқтатты

«Қазмедиа орталығында» апат болды. Адамдарды эвакуациялау қажеттігі хабарланды. «Хабар», 24kz, Qazaqstan, Balapan телеарналары хабар таратуды тоқтатты деп хабарлады turkystan.kz. Алдын ала ақпарат бойынша, сағат 20:41-де Нұр-Cұлтан қаласы ТЖД Өрт сөндіру бөлімшелері Қонаев көшесі, 4-үй мекен-жайына аттанды. Аталған мекен-жайда паркингтегі трансформатордан от шыққаны белгілі болды. Эвакуациялау жұмысы дербес жүргізіліп жатыр. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазір оқиға орнында қалалық ТЖД жеке құрамының 13 адамы мен 3 техникасы жұмыс істеп жатыр. «Ауа райының қолайсыздығына байланысты, алдын ала деректер бойынша, қатты желдің салдарынан «Қазмедиа орталығы» ғимаратының электрмен жабдықтау жүйесіне су кірген. Жағдай анықталып жатыр, шатырдың ішінара зақымдануы мүмкін. Депоның қосалқы стансасында от тұтануына байланысты сағат 20:15-те телерадиоарналар эфирден ажыратылды. Ғимараттың құлақтандыру жүйесі қосылып, барлық персоналдарды эвакуациялау бойынша шаралар қабылданды. Техникалық қызметтер апаттың салдарын жою бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр», - делінген «Қазмедиа орталығының» әкімшілігі таратқан хабарламада.