Астанада Сәкен Сейфуллин тұрған үй табылды (ФОТО)

Астанада Сәкен Сейфуллин тұрған үй табылды (ФОТО)

Астанада Сәкен Сейфуллин тұрған үй табылды (ФОТО)
ашық дереккөзі
Астанада жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин тұрған үй табылды деп хабарлады turkystan.kz. Бұл туралы өзінің Instagram-дағы парақшасына журналист Дастан Кенжалин жазды.
«Астанадағы Жангелдин көшесі, 29/2 мекен-жайы бойынша орналасқан үйде (бұрынғы адресі – Лесная көшесі, 65) 1916 жылы қазақтың дауылпаз ақыны, жазушы, 1920-1925 жылдары Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы (Премьер-министр) қызметін атқарған Сәкен Сейфуллин тұрған екен. Қазір ол жерде Сәкенді қашып жүргенде паналатқан Әбілда Белжанов деген кісінің балалары тұрады. Ол 1889 жылы қазіргі Қарағанды облысының Нұра ауданында туып, 1970 жылы Целиноград қаласында қайтыс болған. Осы кісі үйді 1916 жылы Ресейдің ішкі өңірінен келген бір адамнан сатып алған екен. Бұрын Сәкен тұрған үй кішкентай болған көрінеді. Ал қазір ол 1964 жылы қайта салынғаннан кейін кеңейген», - дейді әріптесіміз.
Одан әрі ол Әбілда Белжановтың балаларымен сөйлескенін айтады.
«Қазір Әбілда Белжановтың төрт баласы бар екен. Екі баласы қайтқан. 1946 жылы туған Бекен Белжанов 1994 жылы қайтыс болса, 1953 жылы дүниеге келген Жұмағұл Белжанов 2004 жылы бақидан фәниге аттанған. Ал бүгінде төрт баласының үшеуі астанада тұрады. Үлкені – Сәкен Белжанов 1939 жылы туған. Оның атын Әбілда Белжанов Сәкен Сейфуллиннің құрметіне қойған екен. Одан кейінгі ортаншысы – Жұмабай Белжанов 1950 жылғы, Бәтима Белжанова 1955 жылғы. Ал кіші қызы Күлжәмила Белжанова 1958 жылы туған. Қазір ол кісі Алматыда. Осы кісілермен сөйлесіп, Жұмабай аға маған әкесінің әңгімесін айтты. Оның әкесінің үйді 1916 жылы сатып алғанда көп адам Сәкенді үйге кіргізуге қорыққан екен. Содан әкесі Сәкенді ұстатпау үшін үйге кірзігіп, бір бөлмесін берген көрінеді. «Біздің көкеміз Сейфуллинмен жақсы қарым-қатынаста болды. Екеуі сыйласып, бір-бірінің қас-қабағына қарап тұрды. Көкем Сәкенді мақтап отыратын. Бала кезімізде ол туралы көп әңгіме айтатын.  Халқына жанашыр, бауырмал, елінің қамын ойлап жүретін сымбатты азамат болатын дейтін. Содан кейін Сәкен көкеме «Осы үйде бірнеше ай тұрдым. Сіздерге кесірім тимесін деп басқа жақты іздейін» дегенінде көкем өзінің қарындасы Әмина Жазылбекқызының үйіне апарған. Сол үйде ол 3 ай тұрды. Бұрын ол үй Қазақ көшесінде орналасқан еді. Қазіргі мекен-жайы - Сейфуллин мен Айманов көшелерінің қиылысында, бұрынғы «Пожарканың» бер жағында болатын. Бірақ, қазір оның орны жоқ. Ысырылып кеткен», дейді Жұмабай аға» деп жазды журналист.
Оның айтуынша, қазір Сәкен Сейфуллин тұрған жерде үйдің сыртындағы шарбақтар ғана қалыпты. Қазақтың біртуар азаматы осылай басқа адамдар үйге кіргізуге, тіпті атын атауға қорқып жүргенде бірнеше ай екі үйді паналап, 1938 жылы «ұлтшыл буржуа» деген айыппен тұтқындалып, 1939 жылы 28 ақпанда Алматы НКВД-сының қабырғасында атылды. Ол Сталин қайтыс болғаннан кейін 1953 жылы ақталған.  width= (Сәкен Сейфуллин тұрған үйдің орнындағы үй, соның шарбақтарына жазушының қолы тиген)  width= (Әбілда Белжанов зайыбы Бәтима Ахметқызымен)  width= (Әбілда Белжановтың ұрпақтары - Сәкен Белжанов, Бәтима Белжанова мен Жұмабай Белжанов)  width= (Алматыда тұратын атақты өнер иесі Күлжәмила Белжанова ағасы және апасымен бірге)  width= (Көненің көзі - 71-белгі)