Республикалық маңызы бар 3,6 мың шақырым автожол салынып, жөнделеді

Республикалық маңызы бар 3,6 мың шақырым автожол салынып, жөнделеді

Республикалық маңызы бар 3,6 мың шақырым автожол салынып, жөнделеді
ашық дереккөзі
Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смаилов мәлімдеді деп хабарлады turkystan.kz.
«Мына мәселелерді атап өткім келеді. Біріншіден, бүкіл әлем елдері жүкті темір жол арқылы контейнерлермен тасымалдауға белсене көшіп жатыр. Мұны, әсіресе, Қытай бағытына қарай немесе сол жақтан шығатын жүктерден байқауға болады. Индустрия министрлігіне «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірлесіп, қысқа мерзім ішінде жүкті контейнермен тасымалдауға көшу мәселесін пысықтауды тапсырамын», - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Сондай-ақ ол көлік инфрақұрылымының қабілетін ұлғайту қажет екенін айтты.
«Осыған орай, Қаржы министрлігі Ұлттық экономика және Индустрия министрліктерімен, «Самұрық-Қазына» қорымен және «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, тиісті жобаларды қаржыландыру мәселесін пысықтасын. Бірінші кезекте, бұл – Достық-Мойынты және Алматы айналма станциясына қатысты. Үшіншіден, жылжымалы жүк вагондарының паркі жылдан-жылға тозуда. Ал толыққанды теңіз сауда флотының болмауынан теңіз логистикалық инфрақұрылымын толық қуатында пайдалана алмай отырмыз», - деді Премьер-министр.
Сондықтан жылжымалы темір жол құрамдары мен теңіз паромдарын сатып алу және жаңарту үшін қолдау шараларын әзірлеу қажеттігі қоса айтылды.
«Төртіншіден, биыл республикалық маңызы бар 3,6 мың шақырым автожол салынып, жөнделеді. Индустрия министрлігі «Қазавтожол» компаниясымен бірге биылғы құрылыс маусымын барынша тиімді пайдаланып, жоспарланған 8 учаскенің барлығын іске қосуды қамтамасыз етсін. Бесіншіден, транзиттік тасымал әлеуетін арттыру үшін шекарадан өту кезіндегі әкімшілік кедергілерді азайту қажет. Кедендік-шекаралық рәсімдерді мүмкіндігінше жеңілдету керек», - деді Әлихан Смайылов.