Жаңа облыстарды қалыптастыру үшін комиссия құрылды

Жаңа облыстарды қалыптастыру үшін комиссия құрылды

Жаңа облыстарды қалыптастыру үшін комиссия құрылды
ашық дереккөзі
Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жаңа облыстарды қалыптастыру үшін комиссия құрылатыны туралы хабарлады деп жазды turkystan.kz. Әлібек Сәкенұлы бүгінде министрлік Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құру бойынша өз жұмыстарын бастап кеткенін мәлімдеді. Наурыздың 25-і күні Премьер-министрдің өкімімен аталған облыстарды қалыптастыру үшін комиссия құрылды.
«Комиссияның негізгі міндеті жаңа өңірлерді құруға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-әрекетін қамтамасыз ету болып саналады. Бұған қоса, жауапты орындаушыларды және іске асыру мерзімдерін көрсете отырып, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Президент Жарлығын қабылдау жөніндегі жұмыс алгоритмі әзірленді. Алгоритм ұйымдастырушылық-дайындық және жүргізілетін жедел іс-шаралар тізбесін қамтиды. Алгоритм аталған облыстардағы әкімдіктердің назарына жеткізілді.  Президент Жарлығының жобасы жақын арада Президент Әкімшілігіне жіберіледі», – деді министр.
Сонымен бірге, елімізде біршама реформалар жүзеге асырылатын болды. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған Конституциялық Сот құрылады. Конституцияда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі мен қызметінің кепілдіктері регламенттеледі. Сондай-ақ, адам құқықтары жөніндегі уәкілге Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы беріледі. Прокуратура органдарына азаптау туралы істердің айрықша тергеулігін белгілеу көзделіп отыр. Сондай-ақ, «Прокуратура туралы» Конституциялық заң жобасын әзірлеу жоспарланып отыр.
«Жоғары Сот Кеңесінің конкурстық рәсімдерін онлайн трансляциялауды және олардың қорытындылары бойынша егжей-тегжейлі, дәлелді түсіндірмелер жариялау енгізіледі. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту бойынша үш түрлі шара жүзеге асырылады», – деді министр.
Қазіргі таңдағы қоғам сұраныстарын және медиа саланың даму үрдістерін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау жоспарланып отыр. Реформаларды дайындау мен іске асыруға қоғамдық ұйымдар мен сарапшыларды кеңінен тартуға бағытталған мемлекеттің азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылын күшейту жөніндегі тәсілдер әзірленбек.