Ермұхамет Ертісбаевқа Қазақстан Халық партиясының билеті табысталды
Ермұхамет Ертісбаевқа Қазақстан Халық партиясының билеті табысталды
Қазақстан Халық партиясының XIX кезектен тыс съезі барысында партияның саяси басшылығын қайта сайлау мәселесі қаралды. Ұйымның төрағасы лауазымына Ермұхамет Ертісбаев сайланды деп хабарлады turkystan.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Партияның парламенттік фракциясының бұрынғы басшысы әрі партия жетекшісі, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров төрағаның бірінші орынбасары болып бекітілді. Съезде қазіргі кезеңдегі Қазақстан Халық партиясының жаңа мақсаттары мен міндеттері де талқыланды. Халықшылдар атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндап, мүгедектер құқықтарын қорғау жөніндегі жобалық кеңсенің құрылуы мен еліміздің кәсіподақтарымен еңбек құқықтарын қорғау бағытындағы ынтымақтастық туралы әңгімеледі. Айқын Қоңыров өз сөзінде еліміздің күрделі өтпелі кезеңді бастан өткеріп жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары қоғамды демократияландыруға және билік тармақтарының теңгеріміне алып келетінін жеткізді. Бұл процесте саяси партиялар маңызды рөл атқаруы тиіс. «Біздің партиямыздың әділ демократиялық мемлекет туралы идеясы жан-жақты дамуды талап етеді. Партияның трансформациясы бұдан былай да жалғаса береді және бұл процесс үздіксіз болуы керек. Біздің алдымызда партиялық құрылымдарда, мемлекеттік қызметте, өкілді органдарда, азаматтық секторда жұмыс тәжірибесі бар жаңа кадрлармен партиялық басшылықты еселеп күшейту мәселесі тұр», - деді А. Қоңыров. Съезд барысында ҚХП төрағасы қызметіне Е.Ертісбаевтың кандидатурасы ұсынылды. «Ол белсенді партия көшбасшысы бола алады. Ісіне мығым депутат, мемлекетшіл министр, дипломат ретінде танылған. Біздің партиямызға алғаш рет осындай ауқымдағы мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткері келді. Оның тәжірибесі мол, білімі мен тәжірибесі жетерлік», - деп атап өткен жиын қатысушылары Е.Ертісбаевтың кандидатурасын бірауыздан мақұлдады. Өз кезегінде жаңа төраға партия мүшелеріне сенім білдіргендері үшін алғысын айтып, бұл сенімді жан-жақты ақтау үшін өз күшін, білімі мен саяси тәжірибесін барынша жұмсауға уәде берді. Сонымен қатар ҚХП-ға деген ел сенімі айтарлықтай өсіп келе жатқанын айтты. «Халық партиясы» деген атаудың өзі уақыт өте келе мәслихаттарда да, Мәжілісте де, Сенатта да басым болуы тиіс дегенді білдіреді», - деді Е.Ертісбаев.Тағы оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2-сынып оқушысынан хат келді