Алексей Ниді кім алмастырады?

         Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасын 1994 жылдан бері жаттықтырып келген Алексей Ни допинг дауынан кейін өз еркімен қызметінен кеткені белгілі. Оны алмастыратын жаңа бапкер 5 желтоқсанда тағайындалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат

         ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты денешынықтыру және спорт істері жөніндегі комитеттің төрағасы Елсияр Қанағатовтың айтуынша, келесі аптада ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының ендігі бас бапкері кім болатыны белгілі болады.

          «Алексей Ни өз еркімен арыз жазды. Ол кісі қызметінен кетті. Әзірше, міндетін атқарушы (аға бапкер – авт.) бар. Енді, желтоқсанның 5-і күні барлық үміткерлерді қарап, нақты шешім шығаратын боламыз. Ауыр атлетика федерациясының өкілдері қатысады. Сол жерде бас бапкерді бекітеміз», – деді Е.Қанағатов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

         Ал «бас бапкерлікке сай адам бар ма?» деген сұраққа комитет басшысы: «Иә, адам бар», – деп қысқа ғана жауап берді.

         Құраманы 20 жылдан астам уақыт басқарған бапкердің кеткенін ауыр атлеттердің бір тобы қолдаса, бір тобы қарсылық білдіруде. Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл – Алексей Нидің қызметінен кетуін қаламайтын атлеттер қатарында.

         «Енді, әрине, бізді әлемдік жарыстарға апарып, жер-жаһанға танытқан адамның кеткенін қаламаймыз. Барлық спортшылар ол кісінің қалғанын қалайды. Себебі біздің оқу-жаттығуларымыз жақсы өтеді. Сол адамның арқасы деп ойлаймын. Бізді әрқашан қолдап, қолпаштап, осындай спортшы бар деп, алып жүреді. Көрмей жүрген үлкен басшыларға біз туралы айтып, көрсетіп, жарыстарға апарады. Арасына бүйтіп-бүйтіп тығып жіберіп, көп жағдайда көмектеседі», – дейді Ж.Жаппарқұл Оның айтуынша, бүгінде Алексей Нидің кеткенін қолдап жатқандар да аз емес.

 

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button