Жаңалықтар

Жазушы Еркінбай Әкімқұловтың жаңа еңбегі жарық көрді

ашық дереккөзі

Жазушы Еркінбай Әкімқұловтың жаңа еңбегі жарық көрді

Нұр-Сұлтан қаласында жазушы Еркінбай Әкімқұловтың «Шәмші Қалдаяқов – ән патшасы» атты жаңа туындының салтанатты таныстырылымы өтті деп жазды turkystan.kz. Аталған туынды алғаш рет 2012 жылы жарық көрген, араға жылдар салып екінші басылым шығып отыр. Автор роман-эссе стилінде жазылған туындысында Шәмші Қалдаяқовтың жастық шағы, өмірдегі айтулы сәттері мен тұлғалық қасиеті туралы жазған. Сондай-ақ, кітаптың алғы сөзінде жазылғандай, шығарма бастан-аяқ Шәмшінің өз атынан өрбиді. «Бұл кітаптың тарихы ерекше. Аталған туынды алғаш рет 2012 жылы жарық көрді. Қоғамның сұранысы бойынша, міне, екінші басылымы шығып отыр. Шәмші Қалдаяқовты білмейтін қазақ жоқ. Ол көптеген танымал әндердің авторы ғана емес, еліміздің Әнұраны авторларының бірі. Еркінбай ағамыз Шәмші Қалдаяқовпен замандас болып, дос, шығармашыл тұлға ретінде жақын араласқан. Бұл кітапта туып-өскен ауылынан бастап, өнердің шыңына жеткен сәтіне дейінгі кезең баяндалған. Жалпы, Еркінбай ағамыз - өзіндік жазу стилі бар ерекше жазушы. Өкінішке қарай, ағамыз 2019 жылы бақилық болды. Бүгін ағамыздың рухын еске алып, кітаптың тұсаукесерін ұйымдастырып отырмыз. Жаңа туынды өз оқырманын табатынына сенімдімін», - деді Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай. Кітаптың тұсаукесер салтанаты елордадағы ұлттық академиялық кітапханада өтті. Оған белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, Сенат және Мәжіліс депутаттары мен автордың жақындары қатысты.