Қасым хан туралы кинофильм прокатка жол тартады

Қасым хан туралы кинофильм прокатка жол тартады

Қасым хан туралы кинофильм прокатка жол тартады
ашық дереккөзі
Жуырда Қасым ханның тарихта жүріп өткен жолы, бейнесі, ұлылығы жайында сыр шертетін «Ұлы дала таңы» фильмі жарық көреді деп жазды turkystan.kz туындының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Аталмыш картинаны Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірді.
«Оңай болған жоқ. Алайда, мен және біздің команда атқарған жұмысымызбен және көп күттірген нәтижемізбен мақтанамыз», - деп жазды режиссер Ақан Сатаев өзінің әлеуметтік желі парақшасында.
Фильм оқиғалары XV ғасырдың 70-жылдарынан XVI ғасырдың 20-жылдарына дейінгі аралықты қамтиды. Атап айтсақ, Қазақ халқының тарихындағы Қасым ханның билік құрған кезеңі мен мемлекет өркендеп, Шығыс Дешті-Қыпшақтың кең аумағына бақылау орнатылғаны туралы баяндалады. Дәл осы жылдары қазақтар дербес этникалық қауымдастық ретінде біздің аумақтан тыс жерлерге де белгілі болды. 1510 жылы Ұлытау шайқасында Қасым хан жеңіске жеткен соң оның ұлылығы, атақ-абыройы күллі Дешті Қыпшаққа тараған. Қасым ханның тұсында қазақ әскерінің саны бір деректе – 400 мың, тағы бірінде 300 мың делінсе, халық саны 1 миллионға жетті. Фильмдегі басты рөлді  Берік Айтжанов (ересек Қасым хан), Данияр Оразаев (жас Қасым хан), Айдос Әбдіқадыров (жас Бұрындық хан), Ерік Жолжақсынов (ересек Бұрындық хан), Нұрлан Әлімжанов (Мұхаммед Шайбани), Алтынай Нөгербек (жас Жахан Бегім), Шамшагүл Меңдиярова (қарт Жахан Бегім), Тұңғышбай Жаманқұлов (ересек Әли Рашид), Қуаныш Құдайберген (жас Әли Рашид) және т.б. сомдады. Қазақ хандығы тарихында Қасым ханның алар рөлі орасан зор екені мәлім. Өйткені, билік еткен сол бір жылдары Қазақстан аумағын батыста Еділге дейін, шығыста Ертіске дейін, оңтүстікте Сырдарияға дейін, Солтүстікте Тобылға дейін жеткізіп ғана қоймай, өмірінің соңғы жылдарында «Қасым ханның қасқа жолы» атты жаңа заңдар жинағы енгізілген. Осы орайда, көркем фильмде жинақтың жекелеген баптарымен қатар,  оның адамгершілігі, қолбасшылығы, билікті басқарудағы ерекше қасиеттері айқын көрініс тапқан.