Американың Индиана университетінде қазақ тілін үйретіп жүрген Мөлдір
Американың Индиана университетінде қазақ тілін үйретіп жүрген Мөлдір
Бұған дейін кәрі құрлықтың белді университеттерінде қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс оқып жүрген мамандар туралы жиі жазған едік. Сол кезде «Ал Америкада қазақ тілін оқытып жүрген кім бар екен?» деп қызыққанымыз бар. Мөлдір Оразбаева – АҚШ-тағы жетекші ЖОО-лар қатарына енетін Индиана университетінде америкалықтарға қазақ тілін үйретіп жүрген жас мұғалім. Америкада қазақ тілі пәнінен сабақ беруді дұрыс жолға қоюға бағытталған Fulbright Foreign Language Teaching Assistant бағдарламасының грантын ұтып алған Мөлдір америкалықтардың қазақ тіліне деген қызығушылығы зор екенін айтады. Елге келген соң, Америкада жиған-тергенін қазақстандық студенттерге бөлісуді көздеп жүрген Мөлдірге хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Индиана университетінің студенттеріне қазақ тілін үйрету мүмкіндігі қайдан туындағанын сұрамас бұрын, алдымен қиыны мен қызығы қатар жүретін ұстаздық қызметке қалай араласқаныңызды айта кетсеңіз.
– Жалпы шет тілін, соның ішінде ағылшын тілін үйрену процесіне деген қызығушылық бала кезімнен бастау алған. 6 жаста болғанымда анам Жезқазғандағы Оқушылар сарайына ертіп келіп, «Көңілің қалаған үйірмені таңда» дегенде «ағылшын тілі курсына барамын» деп айтқаным есімде. Сосын, есіңізде ме, бір кездері Қазақстанның алыс аймақтарына ағылшын тілін үйреткісі келетін америкалық еріктілер келіп, лагерь ұйымдастырып, қызыққа толы сабақтар өткізетін еді ғой. Сол мамандардың өткізген сабақтарынан әсер алғаным соншалық, оқуға деген ынтызарлығым бұрынғыдан бетер арта түсті. Сөйтіп, Жезқазғанда орта мектепті тәмамдаған соң Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «шет тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша білім алдым. Екінші шет тілі қытай тілі болғандықтан, 2-курста академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Қытайда бір семестер оқыдым. Ол оқудан келген соң, қытай тілін үйренуге қызығушылығым жоғарылап, оны жетік меңгеруді мақсат еттім. Еліміздегі Конфуций институты филиалының өкілдері қытай тілін меңгергендерге арнайы шәкіртақы тағайындап, аспан асты еліне оқуға жібереді. Ол грантты ұтып алған мен бакалавриатта оқып жүріп Қытайда тағы бірнеше ай оқып келдім. Содан соң «Болашақ» бағдарламасымен пара-пар Қытай мемлекеттік грантын жеңіп алып, Шандон провинициясында орналасқан Циндао университетінде магистратура бөлімінде білім алдым. Онда оқып жүргенде белсенділік танытып, көп іс-шараға қатыстым, әсіресе, Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшыларының саммитінде, Теңіз экспосында қазақ және қытай тілінен аудармашы болып жұмыс істедім. Магистратураны бітірген соң, өзім оқыған Қарағанды мемлекеттік университетінің басшылығы оқытушылық қызметке шақырып, еңбек жолымды сонда бастадым.
Сабақ барысында[/caption]
– Елшіліктің ресми сайтында бұл бағдарлама «Америка университеттері мен колледждерінде қазақ тілі пәнінен сабақ беруді дамытуға көмектеседі» делінген. Бізді Американың ЖОО-ларында қазақ тілін үйренгісі келетін америкалық студенттерге мүмкіндік жасалатыны таңғалдырып отыр.
– Иә, қазақша сөйлегісі келетін америкалықтың Америкадан ары аспай-ақ ана тілімізді үйренуге мүмкіндігі бар. FLTA жетекшілері маған оқу бағдарламасына қазақ тілі пәні кіріктірілген екі университет: Индиана мен Джорджия университеттерінің біреуін таңдау құқығын берді. Индиана университетінде Орта Азия елдерінің тілі мен мәдениеттін зерттеуге бағытталған кафедра бар. Онда оқитын студент осы аймаққа кіретін елдердің бірінің тілін үйренуі қажет. Ал Джорджия университінде орыс флагманы бағдарламасы бойынша оқытылатын қазақ тілі орыс тілінің көлеңкесінде қалып қояды. Онда Қазақстанның ірі қалаларына барып, орыс тілін үйренгісі келетін студенттер алдымен қазақ тілінен емтихан тапсыруы қажет. Осылайша, олар бұл емтиханнан мүдірмей өту үшін қазақ тілінің бірнеше деңгейін меңгеруді көздейді. Индиана университетіндегі кафедраны таңдаған себебім – онда қазақ тілі ешбір тілдің көлеңкесіне жасырынбай, негізгі тіл ретінде оқытылады, сондай-ақ Қазақстан туралы да көп мәлімет беруге мүмкіндік бар. Мен – Индиана университетінде қазақ тілінен сабақ беретін жалғыз мұғаліммін. Мұны мен ана тілімізді, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді дәріптеу үшін маған берілген бақ деп білемін. Айта кетерлігі, мен сабақ беретін студенттердің басым бөлігі – қазақ тілін жүрдім-бардым емес, шындап үйренгісі келетін энтузиастар. Қазақ тілін үйренудегі мақсатын түсіндірген олардың бірі «Қазақстанда көздің жауын алатын жер көп. Алдағы уақытта сонда саяхаттап бармақпын. Сол кезде қазақтармен қазақша сөйлеп, барлығын өзім сұрап білгім келеді» деп түсіндірсе, америкалықтар Қазақстаннан асырап алған, ұлты бөлек екінші студентім «Мен – Қазақстаннанмын, сол үшін қазақ тілін білуім тиіс» дейді. Олар мектепте Орта Азия елдерінің географиясын оқымағандықтан, осы аймақта орналасқан әсем жерлер туралы естіп-білген соң, өз көзімен көргісі келеді. Содан соң докторантура бөлімінде оқитын студенттер Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларға қызығатындықтан қазақ тілін үйренгісі келетінін айтады. Ал хоккейге қатты қызығатын бір студентім университетте дәл ортасында елтаңбамыз бейнеленген, Қазақстан деген жазуы бар ұлттық құраманың жейдесін киіп жүреді. Қазақстандық хоккейшілердің өнерін бақылап, ойынын қалт жібермей, жанкүйерлік танытады. Жалпы, америкалықтар бірегей, жан-жақты болу үшін көп елдің мәдениетінен хабардар, сарапшы болғанды жөн санайды.
[caption id="attachment_173209" align="alignnone" width="2048"] Наурыз мерекесін тойлау кезінде[/caption]
– Сабақ үстінде мәдениетіміз туралы да төпелей сұрайтын болар.
– Иә, оларды ұлттық бірегейлігімізге қатыстының барлығы қызықтырады. Сабақ ортасында «Неге сіздер дәл осылай жасайсыздар?», «Қалай сонда?» деп таңғала сұрайды. Апта сайын еркін форматта әңгілемесу сағатын өткіземін. Сонда олар салт-дәстүр туралы көп білгісі келетінін айтады. Қыз қуу туралы естіген бойда «Қызды неге қуасыздар сонда?» деп сұрайды, көкпар ойынын сөз етсем, «Неге ешкінің терісін ғана қолданасыздар?» деп сұрақтың астына алады. Мұның барлығын кішкентайдан біліп өскеніміз өз алдына, дегенмен алдыңа өзге ұлт өкілі келіп, себебін сұрағанда «қалай түсіндірсем болады?» деп қипалақтап қалады екенсің (күліп). Түнеугүні Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген» өлеңін оқытсам, «Қалай сонда? Қазақтар қалайша мың рет өліп, мың рет тіріледі?» деп сұрайды (күліп). Бірақ олар осындай сөйлемдердің астарына үңіліп, сырына қанығып, тұңғиығына терең бойлаған сайын ана тіліміздің құдіреті шексіз екенін түсіне бастағандай. Содан соң «Қызық екен, иә. Ал бізде былай...» деп салыстыратын болды. Өткенде елден әкелген көп асықты алып, сыртқа шығып, ойнатқыздым. Сонда олар балалық шаққа саяхаттап, сол кездегі ойнаған ойындарын еске алды. Кеше Наурыз мерекесінде камзол киіп, бауырсақ пісіріп әкелдім. Сосын ұлық мерекенің Қазақстанда қалай тойланатынын айтып, наурыз көже, алтыбақан, бата беру туралы дәріс оқыдым. Қазақтардың жетіні неліктен киелі сан деп есептейтінін де түсіндірдім. Жалпы, қазір олар біз туралы көп дерек біледі деп мақтанышпен айта аламын. Бағдарлама ережесіне сәйкес мұнда тоғыз ай ғана сабақ беремін, десе де алдағы уақытта барлығы Қазақстанға келетін болғандықтан, тілді ұмыта қояды деп ойламаймын. Кейбірі келесі жылы басқа мұғалім келсе оқуды жалғастырмақ ойы бар. Бірақ оларға «қазақша сөйлескілерің келсе, күн демей, түн демей, маған хабарласыңдар, әркез көмектесемін» деп осы бастан айтып жүрмін.
– Америкалықтарды ана тілімізді үйренуге ынтықтырудан бөлек, өзіңіз де көп нәрсе үйреніп жүргенге ұқсайсыз. Оқытушылықпен қатар, сіз де студент ретінде білім алып жүрсіз бе?
– Иә. Бізге бірінші семестрде екі курс бойынша сабақ оқу міндеттеледі. Алғашында лингвистика және психолингвистика пәнін оқып, сосын көп оқытылмайтын тілдерді оқыту әдістемесі курсынан көп нәрсе үйрендім. Қазақ тілі көп оқытылмайтын тілдер тобына кіретіндіктен, оны оқыту әдістемесін әлем тілдері арасында көш бастап тұрған үздік бес тілді үйретудің әдістемесімен тіпті салыстыруға келмейтіні белгілі. Сондықтан қазақ тілін әлеме әйгілегіміз келетін біздің шетелдіктерден үйренеріміз көп. Ал осы семестерде жаһандық нарратив және мультикультурализм, америкалық мәдениет және ағылшын тілін шет тілі ретінде оқыту (TESOL) бойынша дәрістерге қатыстым. Бұйырса, мамыр айында елге қайтамын. Әрбір фулбрайтер бағдарлама біткен соң еліне барып, екі жыл жұмыс істеуі қажет. Осында жиған-тергенімнің барлығын қазақстандық студенттерге үйретуге асықпын. Мақтанбаймын, бірақ менің тіл үйретуден талантым бар деп ойлаймын. Бұған дәлел көп, нәтиже де жетерлік. Айналам да үнемі айтады. Ағылшын десе ағылшын, қытай десе қытай, қазақ десе қазақ тілін үйретемін. Алдағы уақытта шетелдіктерге қазақ тілін оқытуды жалғастыра беруім мүмкін. Бәлкім, басқа тілді үйретуге көңіл бөлуім ықтимал. Десек те қазір бойымды кернеген басты мақтаныш – Америкада қазақ тілі үйретуге бар күшімді салғаным. Бұл – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Студенттерім фойеде мені көріп қалса анау жақтан «Сәлеметсіз бе, Мөлдір Ғалымжанқызы!» деп бүкілінің көзінше айқайлап келіп, амандасқанда ет жүрегім елжіреп сала береді. Үзіліске шығып тұрған басқа студенттер «Мынау қай тілде сөйлеп жатыр?» деп сыбырласып, бір-бірінен сұрап жатады. Ал мен болсам «Америкада америкалық азамат маған қазақша амандасып жатыр ма? Рас па?» деп өз көзіме өзім сенбей, біраз кідіріп қаламын. Сәлден соң мұның барлығы түс емес, өңім екенін түсінген соң, ерекше сезімді бастан кешіремін. Мұғалім үшін бұдан асқан бақыт бар ма?!
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ