Жаңалықтар

Жаңғырған дәстүр, жаңарған ел

ашық дереккөзі

Жаңғырған дәстүр, жаңарған ел

Биыл Ұлыстың ұлы күнін халық бетпердесіз, бейқам көңілмен қарсы алды. Ел бойынша Наурыз мейрамы кеңінен тойланды. Бұл – індеттен кейінгі елдің алғаш рет жиналып, көңіл серпілтуі, содан да болар, халықтың мерекені сағынысып, арқа-жарқа болғаны байқалды. Әз-Наурыз ерекше тойланды Мейрамды алматылықтар 21 наурыздан бастап той­латты. Алматы қаласына жұмыс сапары­мен келген Пре­зидент «Астана» алаңында өтіп жатқан мерекелік іс-шара­ға арнайы барды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан халқын Ұлыстың ұлы күнімен құт­тықтап, Наурыз­дың ежелден жақсылық пен жасам­паз­дықты дәріптейтін мереке екенін атап өтті. – Әз-Наурыз – береке-бірліктің, шынайы жана­шыр­лықтың және өзара қамқорлықтың мейрамы. Мен бүгін Ұлыс күнін өздеріңізбен бірге қарсы алу үшін Алматы қаласына арнайы келдім. Алматы – Тәуел­сіздігіміздің алтын бесігі. Халқымызға қайта орал­ған Ұлыс тойын мерекелеу осы қастерлі мекеннен бас­талған. Алматы – қазақ елінің рухани, мәдени жә­не іскерлік орталығы, – деді Мемлекет басшысы. Президент зиялы қауымның және өнер, білім, ғылым, бизнес салалары өкілдерінің Алматы шаһарында шоғырланғанына тоқталып, қаңтар оқи­ға­сы кезінде қала тұрғындарының зор қауіп-қатерге тө­теп бергеніне ерекше мән берді. – Сын сағатта тұрғындар нағыз отаншылдықтың үл­гісін көрсетті. Біз ауызбіршіліктің арқасында мем­лекетімізді сақтап қалдық. Мен шаһарды қалпына кел­тіру үшін құзырлы органдарға нақты тапсырмалар бер­дім. Алматыны өркендету және жергілікті жұрттың тұр­мыс сапасын жақсарту менің айрықша назарымда. Қа­зір біздің алдымызда зор міндеттер мен ауқымды жұмыстар тұр. Оны жүзеге асыруға алматылықтар барын­ша атсалысады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанымызға тоқталып, өзінің халыққа Жолдауында ай­тылған көлемді реформалар елімізді түбегейлі жаң­ғыртуға бағытталғанын атап өтті. Президент бүгінгі мерекелік күннің жаңа өз­геріс­терге бастауына, тұғыры мығым, бірлігі бе­кем еліміздің жасай беруіне тілектестік білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөзінен кейін жи­нал­ған жұртшылықпен бірге мерекелік концертті та­ма­шалады. Ал 22 наурыз күні елорданың 20-дан астам алаңын­да Наурыз мейрамы тойланды. Ауа райының қо­лайсыздығына қарамастан қала тұрғындары отба­сы­мен алаңға келіп, күн мен түннің теңелген көктем­нің басты мерекесін атап өтті. Сондай-ақ елорда тұрғындарын Наурыз мере­ке­сі­мен қала әкімі Алтай Көлгінов құттықтады. «Қала тұрғындары бұл мерекені ылғи да ерекше ықы­ласпен күтеді, сол сияқты жұрттың бір-біріне кө­мек қолын созуы отбасылық және мәдени құнды­лық­­тар­дың, халық бірлігінің жарқын көрінісі бола­ты­нын айтты. Мереке күндері біз әлеуметтік аз қам­тыл­ған азаматтарға азық-түлік себеттерін тарату ак­­­­ция­сын тоқтаусыз жалғастырамыз. Қалада Наурыз мейрамы атап өтілетін 20-дан астам орын, сол сияқты елді мекендерде де орындар анықталды», – деп атап өтті әкім. Басты мәдени-спорттық іс-шаралар «Қазақ елі» алаңында, «Жастар» саябағында, Жазушылар аллея­сында, «Ататүрік», «Көктал» саябақтарында, ЭКСПО және Demalys Promenade алаңдарында ұйымдас­тырыл­ды. Бұдан басқа, Наурыз мейрамына орай ұйым­дастырылған орындар қаланың барлық елді меке­нінде өткізіледі. «Бүгін Ұлттық мереке – Наурыз мейрамына орай іс-шаралар өткізілуде. Байқоңыр ауданы бойын­ша мерекелік іс-шаралар 5 орында – «Ататүрік» саябағында, Жазушылар аллеясында және үш елді мекенде өткізіледі. Мереке күні сая­­­­бақта киіз үйлер тігіліп, концерттік бағ­дар­лама ұйымдастырылып, ұлттық спорт түр­лері­нен жарыстар өткізіледі. Әр киіз үйде театр­лан­­дырылған қойылымдарды тамашалауға бо­лады, таңертең қонақтарға наурызкөже мен па­лау таратылды», – деді Байқоңыр ауданы әкі­мі­нің орынбасары Шұғыла Құдайбергенова. Қала бойынша белгіленген орындардың бәрін­де алтыбақан, ұлттық нақышта бе­зен­дірілген киіз үйлер орнатылып, дәстүрлі та­ғам­дар – бауырсақ пен наурызкөже келген жұртқа таратылды. Дәстүр бойынша ұлттық спорт түр­лері­нен жарыстар да өткізілді. Тілек біл­діру­шілер асық ату, қол күресі, арқан тарту, гір кө­теру және т.б. бойынша сынға түсті. Мереке аясында қалада игі істерге ар­нал­ған акциялар ұйымдастырылып, мұқ­таж жандарға азық-түлік себеттері тара­ты­лады. Атырау қаласының шағынаудандарында да Наурыз мерекесіне арналған бірнеше іс-шара өтті. Махамбет атындағы академиялық қа­зақ драма театры алдында өткен іс-шараға об­лыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қаты­сып, тұрғындарды мерекемен құттықтады. – Наурыз мерекесі адамдарды ұлт пен дін­ге, діл мен тілге бөлмей, керісінше қайырымды­лық, ізгілік және мейірім сынды ізгі қасиеттерге бірік­тіреді. Осыдан болар, аталған құнды­лық­тар­ды қанына сіңірген қазақ ұлты үшін бұл күн ерекше әспеттеледі. Бабаларымыз Ұлыс­тын ұлы күнінде бір-біріне деген өкпе-ренішті ұмытып, бір-біріне жақсылық тілеген. Қыстан қымтырылып шыққан әлсіздердің шаруасына көмектесіп, бұлақ көздерін ашып, тал егіп, игі­лікті істер істеген. Күн мен түн теңесіп, байтақ да­ла көктем шуағымен нұрланатын Наурыз – жыл басы, жақсылықтың бастауы. Құт-бере­кенің арқауы – Наурыз әр шаңыраққа мол­шы­лық сыйласын! Еліміз өркендей берсін! – деді Махамбет Досмұхамбетов. Мерекелік іс-шарада 100-ден астам ба­ла­ға «Наурыз-қоржын» сыйлығы бе­ріл­ді. Балалар анимациялық қойылымдарды та­ма­шалады. Өскемен тұрғындары да Ұлыстың ұлы күнін кең көлемде атап өтті. Орталық алаң­ға жиналған жұртшылыққа ұлттық тағам­дар ұсынылып, кинотеатрларда отандық фильм­дер тегін көрсетілді. Шаһар жұрт­шы­лы­ғы мен жастары мерекеге орай «Эко Наурыз» акция­сын өткізіп, Шешек асуы маңындағы бұлақ­ты қоқыстан тазартты. Мереке күні бас алаң­да киіз үй қалашығы, балалар ойын алаң­дары мен халық шеберлерінің сәндік-қол­дан­балы өнер көрмесі ұйымдастырылды. Ал жәр­меңкеде Өскемен тұрғындары әртүрлі дәм­ді тағамдардан дәм татып, сауда көркін қыз­­дырды. Қызылорда жұртшылығы Наурыз мере­ке­сін сән-салтанатымен қарсы алды. Орта­лық алаңда ақшаңқан 18 киіз үй тігіліп, ұлт­тық салт-дәстүрді дәріптейтін іс-шаралар, спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Ал Шымкентте мереке тоғыз күн бойы той­ланды. Биыл Шымкентте наурызнама дәс­түрі заманауи үлгіде жаңартылып, тоғыз күн түрлі атаумен мерекеленіп жатыр. Әр күн өзін­дік сипаты, өзіндік ерекшеліктермен ұйым­дастырылуда. Сондай-ақ, «Ұлттық тағам­дар», Nauryz Fashion Day және «Гастроном Fest» фестивалі өтті. Бүгін, Ұлыстың ұлы күніне орай, үшінші мегаполисте 10 жерде мерекелік бағ­­­­дарламалар өтіп, тұрғындар мен қала қо­нақ­тарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Семей халқы да наурыз мейрамын ерек­ше тойлады. Жиналған қауымға мере­ке­лік концерт қойылды. Алаңдарда спорттық сайыс­тар да өтіп, сәндік-қолданбалы өнер жәр­меңкесі ұйымдастырылған. Жалпы ШҚО-да Наурызға орай 300-ден астам іс-шара өтті. Қостанай облысында Наурыз мейрамы қар­саңында 317 аз қамтылған отбасына азық-түлік жиынтығы тапсырылған. Мерекелік марапат Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақстан Президентінің Жарлығымен елдің әлеу­меттік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғам­дық қызметі, азаматтарды қорғауда және құт­қаруда көрсеткен жеке жанқиярлығы, қоғам­дық тәртіпті қамтамасыз етуге көрсеткен кө­мегі үшін еліміздің бір топ азаматы мемлекеттік наг­радалармен марапатталды. Олардың қата­рын­да өндіріс, денсаулық сақтау салалары­ның қызметкерлері, бизнес өкілдері, мәдениет және ғылым қайраткерлері, спортшылар, волонтерлер бар. Мемлекет басшысының айтуынша, бү­гінде әрбір отандасымыз егемен елі­мізді өркендетуге өз үлесін қосуда. Халқы­мыз қашанда береке-бірлікке, ырыс-ынтымаққа баса мән берген, өзара жанашырлық пен қам­қор­лықты барынша дәріптеген. – Ел ішінде бейбіт күнде еңбегімен, қиын сәт­те ерлігімен көзге түскен жандар аз емес. Ке­шегі дүрбелең кезінде қаншама азаматымыз жұрт­ты сабырға шақырып, салиқалы сөз айтты. Олар өз басын қатерге тігіп, айнала­сын­дағы адамдарға көмектесті. Жауапты сәтте жұртына қорған болып, елдіктің нағыз үлгісін көр­сетті. Осындай отаншыл тұлғаларымыз – жас ұрпаққа өнеге. Халқымыз «Ер – еңбегімен қадірлі» деп бекер айтпаған. Елге еңбегі сіңген жан­дарға Ұлыстың ұлы күнінде құрмет көр­сетудің зор символдық мәні бар, – деді Пре­зидент. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қоры­тын­дылай келе, Наурыз мерекесі қарсаңында бір топ қайраткерге мемлекеттік награда тапсыру жө­­­­нінде шешім қабылдағанын жеткізді. Сон­дай-ақ бұл іс-шараны осы мейрамға орай өт­кізу игі дәстүрге айналатынын айтты. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Қазақстан Республикасының әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін жазу­шы Илья Жақановқа, еліміздің денсаулық сақ­тау саласын дамытудағы аса үздік жетіс­тік­тері үшін Қазақ тағамтану академиясының пре­зиденті Төрегелді Шармановқа берілді. «Отан» орденімен ақын Светқали Нұржан, І дәрежелі «Барыс» орденімен Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетінің про­фессоры Жандарбек Мәлібекұлы, ақын Нұрлан Ора­залин, ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен Ал­маты облысы Ардагерлер кеңесінің төра­ға­сы Ермек Келемсейіт, Алматы қаласы Қазақ­стан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ахметжан Шардинов, Кү­рес федерациясының президенті Дәулет Тұр­лыханов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түй­мебаев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің проректоры Дихан Қам­за­бекұлы, Алматы облысы әкімінің бірінші орын­басары Ләззат Тұрлашов және басқалар наг­радталды. «Парасат» орденімен мәдениет, ғылым жә­не білім қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құ­рал­дарының өкілдері марапатталды. Олар­дың қатарында Ұлттық ғылым академиясының мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті­нің аға оқытушысы Павел Афанасьев, Парла­мент Мәжілісінің депутаттары Берік Әбдіға­ли­ұлы, Еділ Жаңбыршин бар. Спортты дамыту дирекциясы пауэр­лиф­тинг командасының жетекшісі Сергей Цырульников ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. «Құрмет» орденімен саясаттанушы Данияр Әшім­баев, Қолданбалы этносаяси зерттеулер инс­титутының директоры Талғат Қалиев, Адам құқықтары үшін хартияның атқарушы ди­ректоры Жеміс Тұрмағамбетова, Тараз қала­лық көпбейінді ауруханасының бөлім мең­герушісі Ернар Еділбаев, белсенді Орынбасар Сейі­тов, «Мир Евразии» қорының президенті Эдуард Полетаев, Шымкент қаласы Ауған со­ғысы ардагерлері одағының төрағасы Ғалым­жан Майханов, қоғам қайраткері Дәурен Тә­ліпов, жыршы Арғын Бисенов, Қ.Оспанов атын­дағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мек­­­­тебінің басшысы Нұржан Ермағамбетов, Алма­ты қалалық №7 клиникалық аурухана­сы­ның бөлім меңгерушісі Есенай Еспенбетов наг­радталды. «Құрмет» орденіне жалпы 94 адам ие болды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Адырна» қорының президенті Арман Әубәкір, Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің баспасөз хатшысы Константин Музалевский, Қа­зақ ұлттық өнер университетінің аға оқы­тушысы Ұларбек Нұрғалым марапатталды. Осы медальмен барлығы 25 адам наградталды. «Шапағат» медаліне 68 волонтер, меценат және басқа да азаматтар ие болды. Олардың қатарында журналист Александра Мыскина, «Үміт-Надежда» мүгедектер ұйымының төра­ғасы Дүйсенғали Оспанов, «Океан» ПИК жұ­мыс­кері Арлан Мүтішев, Paybox.money ЖШС департамент директоры Мария Чечина, Р. Байсейітов атындағы Семей қаржы-эконо-ми­калық колледжінің студенті Мерейбек Маға­билов, «Богатырь-Көмір» ЖШС жол маши­на­ларын реттеуші Евгений Шарифуллин, волон­тер Айгерім Досқалиева бар. Осылайша Ұлыстың ұлы күні еліміздің әр қаласында, әр аймағында, әр ауылында тойланды. Еңсесін тіктеген елдің тілеуі «Ұлыс оң болсын» деген бір тілекке тоғысты.