Жаңалықтар

«AMANAT» партиясы президенттің саяси реформалар бағдарламасын қолдайды

ашық дереккөзі

«AMANAT» партиясы президенттің саяси реформалар бағдарламасын қолдайды

Өткен аптада Алматыда Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда «AMANAT» партиясы қалалық филиалы­ның ұйымдастыруымен келісілген митинг өтті. Оған қоғам белсенділері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, кә­сіпкерлер мен қала тұрғындары қа­тыс­ты. Митингке қатысқандар арасын­да қолдарына транспарант ұстаған жас­тардың қатары көп болды. «AMANAT» партиясы Мемлекет басшы­сы­ның Жолдауында айтылған саяси реформалар бағ­дарламасын қолдайтынын білдірді. Олар ми­тингке саяси жүйені жаңғыртуды қолдап-қуат­тайтынын айту үшін шықты. Ми­тинг Қа­зақ­стан Республикасының Мемлекеттік Әнұра­нын орындаумен басталды. «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов: «Біздің бағытымыз – айқын, мақсатымыз – ортақ. Пре­зидент нақты тапсырмалар берді. Біз көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз! Басқа пар­тиялар билікке жетуді көздесе, біз ең әуелі Тәуелсіз Қа­зақ­станның мүддесі үшін аянбай еңбек етеміз! Ардақты ағайын, Абай атамыздан қалған аманат сөз бар: «Біріңді қа­зақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос». Сондықтан күшіміздің бір­лікте екенін көрсетіп, Жаңа Қазақстанды бірге құрайық! Біз біргеміз!» – деп елді бірлікке, партияның жаңа бағытта жүр­­­гізетін жұмысына қолдау білдіруге шақырды. Митингке қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан ел Президенті Қ.Тоқаевтың Жол­дауында жарияланған саяси реформалар бағдарламасын қол­дау мақсатында өз ойын айта келіп былай деді: – Жаңару – Жаңа Қазақстанның талабы. Партияның ке­зек­тен тыс ХХІІ съезінде «Nur Otan» партиясының атауы «AMANAT» деп өзгертілді. «AMANAT» – халық мұрасын сақ­тау­шы партия. Бұл – бас партияға артылған міндет. Ал рухани құн­дылықтарымызды сақтау – басты аманат. Енді алдағы уақытта Мәжілісте заң қабылдаймыз. Сол сияқты Конституцияның өзіне де бірнеше өзгеріс енгізіледі. Соған орай Мемлекет басшысы «AMANAT» партиясының төраға­лығынан кету туралы ойын айтты. Бірақ ол кісі Мемлекет басшысы қызметін атқарып тұрған кезінде партия төра­ғалығынан кеткенмен, партия қатарынан кетпейді. Бұл «AMANAT» партиясының мойнындағы үлкен жауапкершілікті көрсетеді. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров болса, «Қазақстанда саяси реформалар – өзекті әрі маңызды. Әрбір қазақстандық дауыс беру және сайлану құқығын қолдана алуы тиіс. Демократияға, пікірлер плюрализміне балама жоқ», – деді. Бұдан кейін митингте жастар мен кәсіпкерлер де сөз алды. «AMANAT» партиясының жақтастарының пікірінше, саяси ре­форма әрбір қазақстандықтың жетістікке жетуіне жол аша­ды. Митингте елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері де сөз сөй­леді. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым акаде­мия­сының академигі Ханкелді Әбжанов: «Президентіміз Қ.Тоқаев жүзеге асырып жатқан бастамалар мен реформалар ҚР Конституциясында паш етілген құқықтық мемлекет құруға жол ашатынына сенім мол. Біз саяси модернизациялаудың жаңа кезеңіне аяқ бастық. «AMANAT» партиясының дүниеге келгені – осының көрінісі. Тәуелсіздік – бабаларымыздың ар­ма­ны әрі аманаты. Ал жаһандану тұсында арман мен ама­нат ақиқатқа айналу үшін елдегі ынтымақтан, келісімнен, ке­мел үн қатысудан артық дүние жоқ», – деп партияның ал­дағы кездегі рөліне, бастамашылдығына сенім білдірді. Партия белсенділерінің айтуынша, олар алдағы уақытта жаңа серпін, тың идеялармен жұмыс істемек. Жиырма үш жыл­да көп тәжірибе жинап үлгерген партия ең алдымен адами капиталды мақтан тұтатынын білдірген «AMANAT» партиясының қазір сегіз жүз мыңдай мүшесі бар.

А.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ