Шындық іздеуден шаршамаған

Шындық іздеуден шаршамаған

Шындық іздеуден шаршамаған
ашық дереккөзі
Өмір қас қағым сәт екен… Тәкең екеуіміз 55 жыл отасқан жылдарымды ойласам, көзді ашып-жұмғандай өте шығыпты. Адам баласы өмірдің бұралаңдаған қиын жол­дарынан аман-есен өтіп шығу үшін күресіп жүр­генде өлшеулі уақыттың біткенін сезбей қалады екен. Табылдың сәбилік, балалық шағы күрделі, қиын кезеңдерде өткен. Екі жасында әкесі халық жауы аталып, жазықсыз атылып кетсе, жеті жа­сын­да асырап алған әкесі қайтыс болады. Одан кейінгі өмірі қорғансыздың көрген күні болған. Жанашыр жан таба алмай қи­налғанын, аштықтың азабын қалай тартқанын, тү­нейтін бұрыш таба алмай, жасырынып келіп түн­де мектепке қонып жүргенін, оқу ісі меңгерушісі бай­қап қалып, интернатқа орналастырғанын қи­нала еске алушы еді. Балалықтың бал дәуренін көр­мей, 6-7 жастан өмірдің басқа түскен ауырт­па­лы­ғын сезініп өскен бала сол сынақты көтере ал­май, теріс жолға түсіп кетуі де әбден мүмкін еді. Бі­рақ пенде Алланың жіберген сынағынан қан­ша­лықты сүрінбей өтсе, соншалықты сый-сияпат ала­тын сияқты. Олай дейтінім, өмірінің басында сондай алапат қиындықтардан сүрінбей, жы­ғыл­май өтіп, өмірге деген құштарлық, сергектік, жігер­лі­лік, қажымас қайрат сияқты ізгі қасиеттер Та­был­дың бойынан табылатын. 86 жыл ғұмырының 70 жылдан астам уақытын қа­зақ журналистикасына арнаған кезінде оның осы қасиеттеріне таңғалатынмын. Ізденімпаздығы ға­ламат еді. 1984 жылы отбасымызбен Одесса қа­ла­сына бардық. «Жылына бір рет алатын кезекті де­малысыңда дұрыстап демалсайшы» дегеніме қара­мастан Одессаның мұражайына кіруге рұқсат алып, ізденді. Нәтижесінде екі мәрте Совет Ода­ғы­ның Батыры, Талғат Бигелдиновтің досы, ұшқыш Алек­сеенконы тауып алып, сұхбат алды. Елге кел­ген­нен кейін, «Жүзі басқа – жүрегі бір, тілі басқа – тілегі бір» деген көлемді мақаласын сол кездегі «Со­циалистік Қазақстан», қазіргі «Егемен Қа­зақ­стан» газетінде жариялады. Жарияланған сұхбатын Алек­сеенко ақсақалға жіберіп, ризашылығын алға­ны есімде. «Бұл саяси жағынан да мәні зор» деп тауып алғанына қуанып еді. Шындыққа қол жет­кізу үшін барлық күш-жігерін салатын. Күн-түн де­мей, ел аралап ізденуші еді. 1970 жылы Торғай облысы ашылғанда Тәкең «Қа­зақ радиосы» мен телеарнасының Торғай об­лыс­тық меншікті тілшісі боп бекітілді. Сол жыл­дары ол Торғай даласының әр түпкірін жаяу жүріп ара­лады десем, артық болмас. Әсіресе, бұрынғы об­лыс орталығы Қостанай шаһарынан шалғай жат­қан таза қазақтар мекендеген Жангелді, Аман­гелді аудандарының еңбеккерлерін республика дең­гейінде насихаттау үшін аянбай еңбек етті. Ауыл шаруашылығы, механизаторлар, өнер с­ала­сының мамандарын дәріптеп, Қазақ те­ле­ви­зиясында бірнеше деректі фильм, концерттік бағ­дарламаларды таспаға түсірді. Ол кездегі ауа райы­ның қаталдығына, транспорттың аздығына қара­мастан, қаншама рет иен далада боранда қа­лып, өлім аузынан қайтса да тез ұмытып қайтадан кірі­сіп кететін. Табылдың мәнді-мағыналы очерктерінің кейіп­­­керлері, әр салада еңбек ететін адам­дар туралы республикалық радио-телеарна, бас­па­сөз беттерінде үзбей жарияланып тұрды. Сонымен қа­тар өмірдің көлеңкелі жақтарында қалт жі­бер­меуші еді. Әсіресе, жемқорлықпен жаны қас бол­ды. Сол кездегі жемқорлық қазіргі кездегімен салыс­тыру­ға келмесе де халыққа қиянат жасағысы кел­гендерді аямай сынайтын. Оған өткір фельетондары мы­сал. Талай шектен шыққандарды орнына қоя біл­ді. Және олар сол кездің талабы бойынша жа­за­ланып отырды. Тіпті, жеке басына қиындық туа­­­­тынын біле тұрса да, алған бетінен тайынбай ашық жазатын. Сол жылдары «Кесілген бұрым», «Сау­да-сақал сипағанша», «Қоңыраулы күлкі грам­ма» сатиралық кітаптары жарық көрді. Қоғамдағы ке­леңсіз жағдайларды сатираның өткір тілімен сынап жазды. 1980-1982 жылдары «Жебе» атты сатиралық жур­нал шығарды. Ол республиканың көлемін қам­титын үлкен, сатиралық кино, журнал еді. Ресейдің «Фитиль» журналының баламасы ретінде болатын. Көп еңбекті, тіпті жаңқиярлықты талап ететін дү­ние болды. Бірақ Тәкең батыл кірісіп, 1980 жыл­дарындағы ірі өңдіріс орындарына жіберілген қа­теліктерді сынға ал­­ды. Ол жылдар ке­ре­­мет, ерекше жылдар бол­ды. Қасиетті Торғай жерінің жаңа­рып гүлденуі барша қа­зақ баласына құл­шы­ныс, жігер берді. Тор­ғай даласында ол дер шағында келіп, шығармашылықтың өр­леу жолында көп же­тістікке жетті деп ой­лаймын. Көне Тор­ғай топырағы қа­сиет­ті де, киелі ғой. Ол елді толғанбай жа­зу мүм­кін емес. Хал­­­қы­мыз­дың сүйікті ұл­да­ры­ның бірі Өзбекәлі Жәні­беков сол жыл­дары идеология хат­шы­сы болып келді. Сол кісімен бірге жүр­ген кезеңдер Тәкең үшін бір мектеп болды. Ол кі­сі­нің халқына деген сүйіспеншілігін, адалдығын кө­ріп ризашылықпен: «Алаш арыстарының тұяғын көр­гендей болдым,» – деуші еді. Иә, ол керемет жыл­­дар еді. Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы нәубет Тәкеңді өмір бақи толғандырып келді. Сол аштық – қазақ халқын жер бетінен жойып жібере жаздаған зұлмат. Сол бір зобалаң кезеңнің ұрпағы бол­ғандықтан ба, жазықсыз атылып кеткен әке тағ­дыры ма, әйтеуір жазған еңбектері оқтын-оқ­тын баспасөз беттерінде жарияланып тұратын. Елі­міз егемендік алғаннан бастап Тәкең осы та­қырыпқа терең бойлап, нақтылы фактілермен жа­зып, келер ұрпаққа тапсырсам деген мақсатпен Ре­сейдің мұражайларын айлап отырып ақтарып, мо­лынан деректер жинады. Мемлекеттен қар­жылық көмек болмаған соң, өзінің қаржысына 5-6 жыл бойы еңбектеніп, «Қан кешу», «Қырғын», «Қан­жоса ғасыр» романдары дүниеге келді. Қай жанрда жазса да, әділдік пен шындықты шығарманың өзегі етіп алып, сол жолдан тай­май, өрліктің туын жоғары ұстап өтті. Сөзімді Табылдың немересі Жиембетке арнаған «Өмірге ода» өлеңімен аяқтаймын. Бүріп алып кеудені, Тіліп жатса басынған. Жамандықты көп көрдім, Қатыгездеу ғасырдан. Қара жерде қан жұтып, Қасіретпен жасыған. Ойлыларды кісендеп, Елден, жерден қашырған! Аяғыңды аңдап бас, Келе жатқан жас ұлан! Өткен күнге салауат, Үлгіні алғын асылдан! Ұрпаққа жазып қалдырам, Өткеннің бәрін басымнан. Тіл безеген адаммын, Ой кезеген жасымнан, Жамандыққа төзбеймін, Жақсылықты көздеймін. Қаламды алсам қолыма, Кереметтей ашынам!

Жұбайы Күләш МАХАНОВА