Рухтың тілі

Рухтың тілі

Рухтың тілі
ашық дереккөзі
Әр халықтың болмысы оның өнерінен айқын көрініп тұрады. Бұл ретте ұлт­тың поэзиясы алдыңғы қатарда тұратынына дау болмаса керек. Кемеңгер жазушы Әбіш Кекіл­баевтың, жырларынан даланың көсілген кең­дігі көрініп, ұйытқи соққан дауылының қуаты сезіліп тұратын ақжарма ақын Төлеген Айбергеновтің ақындық болмысы туралы: «Т.Айбергеновтегі теңізді теңселтіп, шалқарды шайқалтардай қуатты екпін қазақ поэзиясына ежел­ден тән қасиеті, бірақ, соңғы жылдары қа­зақ топырағында әр алуан жақсы ақындар қан­ша көбейгенмен, осы бір, қазақша айт­қанда аруақты серпін, арқалы өлең Қасымнан кейін көрінбей кетіп еді» дегені ойыңды шар­тарап­қа сүйрейді. Бұл – әрине, терең таным мен биік парасаттың лебізі. Ендеше осы тұс­тан, сан ғасырды артқа тастап, өз дамуында та­лай-талай құздардан өткен ұлттық поэзия­мыз­дың сыр-сипаты жөнінде айтылар бір әңгі­менің қарасы көрінеді. Анау бес ғасырлық жыр көшін бастап тұр­ған жауын­гер жыраулардан отты ақын Ма­хамбетке дейін үзілмей келген өр мі­нез­ді асқақ поэзияның қанының суып, бүкіл ұлт­қа ортақ қасиетінің кеміп, көп жағ­дайда өлең­шілер қаламынан туып, заманға қарап күй­леген көкжасық дүниелерге иек артқан ша­ғы орысқа бодан болған замандарға тие­с­ілі екені жалпақ жұртқа белгілі. Солай да болса, сол темір құрсауы мықты, бір­жақ­ты идеологиялық саясаты рухты жа­ныш­­та­ған дүмбілез дәуірдің өзінде қасиетті қазақ жы­ры­ның шын болмысын танытып, қал­ғып бара жат­қан ұлттық сананы сілкіп, ел ең­сесін көтерген ақын­дар болмай қалған жоқ. Бұндай қасиетті мис­сия­ны атқару маңдайына жазылған ақындардың бірегейі – Тө­леген Айбергенов өзінің таза ұлттық ақын екенін терең сезініп, әр жырына ел мен жер, ұлт пен халық туралы идеяларды сіңіре отырып, поэзияның шексіз мүм­кін­ді­гін осы тарапқа бұрды. Оның бұл бағыты, әри­­не, өз халқынан қызу қолдау тапты. Тө­ле­геннің бір ғана Маңғыстау сапары әде­мі жырлардың тууына се­беп болған әде­би олжа ғана емес, ұлт әдебиетіне ке­ле­­тін болашақ тұлғалардың бағытын айқын­дап, жүре­гіне от тастаған қайталанбас мерейлі шақ еді. Маңғыстау жаққа омырауыңды ашып келмесең, Маған да арын бітер ме ед, арындылығыңды көрмесем, – деп талантты ақын, Айбергеновтің заман­дасы Мең­де­кеш Сатыбалдиевтің ағынан жарыл­ғанындай, Төле­геннің арыны, ең бас­тысы, ондағы ұлт рухын сілкіп тұр­ған асау мінез, қазақ мінезі – дүбірге еліккен, на­мы­­сы қозған талай ақынды мамыражай за­манның бей­қам тірлігінен суырып алып, шын­шылдыққа, өр­лік­ке баулыды. Ол: Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның. Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін, Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас жолдар торабын, – деп ақынға артар жүк пен білдірер сенімнің оңай бол­­­­масын, ол үшін: Өздеріңмен өмір шыңын бірге астым, Жарты құртты бөліп жедім, сырластым. Дүниеге келгенім жоқ, шет жүріп Рақатын ойлау үшін бір бастың, – дегендей, адамдарға адал көңілмен қарап; Сағыныш деген молшылық қазына бола да берер артық-кем, Ал нағыз асқақ сағыныштарда араның балы бар, тіптен. Мен мынау ыстық жүрегімменен қара тасты да сағынам, Қаланып қалса тәртіппен! – деп шынайы сағына білу керектігін ұқтырып; Жауыңды кескілермін де, Қас етпен ешкімді ешкіммен. Бағың боп естілермін де, Сорың боп естілмеспін де. – деп, Отанына шексіз махаббатын арнап; Кеудемде жүрген, зердемде жүрген ынтызар ықылас от өріп, Сен мұны менен бетер ұқ! Түкпірімдегі дір ете қалғыш осынау құйттай жүрекпен, Келем мен бүгін қасиетті байтақ Қазақстанды көтеріп! – дей келе, Көл көшеді көгілдір келбетімен, Астауынан даланың тербетілген. Мен осынау аспани құдіретіммен, Пайғамбарлық етемін жерге түгел, – деп дүр сілкініп, шабыт қыранын қиянға самғатқанда, жүре­гінде сезім оты бар, тағдырын жыр жолына ар­науға бел буған намысы биік өнерпаз оғландардың та­лайы үшін Төлегендік болмыс идеалға айналғаны сөз­сіз. Алайда идеал тұтып, таңданып-тамсану бір бө­лек те, бір кезде өзіңді еліктірген идеалға ақырына дейін адал боп, өзіңді болмысы құштар қылған сол әлем шуағында дәлелдей білу арқылы тұлғалық дәре­жеге жету бір бөлек. Төлегендік болмысқа елігіп, сол арқылы өз ұлты­ның өр мінезі мен батыл сөзін шамыр­қан­ған шындыққа суарып, сұрапыл жырлар иесіне айналған Фариза Оңғарсынова – Төлеген Айбергенов дамытқан жаңа тұрпатты қазақи: асқақ та сазды, өр де сезімтал, шыншыл да екпінді поэзияның белді өкі­ліне айналып, дәл сол поэзияда өз жолын тауып, бө­лек­ше ақын боп қалыптасуға қол жеткізген дарынды тұл­ғалардың бірегей ірісі. Қазақ қыздары арасында бұрын-соңды ешкімге бұйыра қоймаған ақындық аспанына кө­тері­ліп, жыр көгінде еркін самғаған Фариза Оңғарсынова – бы­лайғы жұртқа арман секілді атақ-даңқтың талайына қолы жетсе де, өзінің ақындық бастауында мол әсері бол­ған Төлеген Айбергенов туралы айтудан жалыққан емес. Бұл тумысынан мәртікке бас иген ірілік бола­-тын. Шексіз, шетсіз жыр кеңістігінде өз әлемін жа­саған Фариза ақынның туындылары – ұлт­тық поэзиямыздың баға жетпес асылы. Ол әдебиет атты сарайдың есігінен қорқа соқтап кібіртіктемей, батыл аттады. Қазақ поэзиясында бұрын ешкім ашық бар­лап, сырын аша қоймаған әйел затының жан се­зімі, шексіз құштарлығы мен оттай ыстық махаббатын өзгеше екпін, соны ырғақпен өрнектеді. Қатпары қалың, қалтарысы көп, құпиясы тұңғиық әйел жа­ны­ның бұрын бізге беймәлім сыры мен сипатын Фариза ақын төгілте жырлады: Сен үшін сонау алыстардағы елес ем, осынша мені арман қып келдің неге сен. «Сыртыңнан сүйіп жүретінімді сезуші едің ғой» – демесең, мен саған ғашық емес ем. * * * Білмеймін жанарыңнан сыр ұқтым ба, Әлде өзімді сол сәтте ұмыттым ба – өзің болдың, әйтеуір бұл күнгі әнім, көтеріп ап кетіп ең – бұлқынбадым – әлде, аймалауыңа құнықтым ба. Сол сәтте бұлтты аспаннан жарқ етіп қарады ақ Күн, шуағына бойымды аралаттым. Сезімімнің қақпасын дара қақтың. Елжіресіп, ұғысып, сеніп бірге, ағыл-тегіл сезіммен еріттің де, өзің маған өзім боп бара жаттың... * * * Сенің от құшағыңда, Ардан аттап қалдырдым пәктігімді, ләззатқа батырған ақ түнімді. Айырдым мен аяусыз енді кимес, ақ көйлекті тігілген сәтті күнгі... ...Мен күнәкар емеспін ар алдында, Құдайың да кешеді тап мұнымды. Фаризаның шоғыры қалың, тынысы кең махаб­бат жырларынан алынған аз ғана бұл үзін­ділер – оның қандайлық батыл да шыншыл ақын еке­нін байқатып қана қоймай, өзіне дейінгі және кейін­гі қазақтың интимдік лирикаларының шыққан биі­гімен жай салыстыра қарағанның өзінде оның ой­ларының қаншалықты шыңға шырқап кеткенін анық танытады. Фаризаға дейінгі қыздар қаламынан туған сүйіспеншілік жырлары әдептен аспаған сынық мінез, биязы қалыпта көрініп, сезімін тұншықтыра ұстаса, Фаризадан кейінгі ақын жігіттер мен қыздар­дың кейбірі еркіндіктің жолы осы екен деп, натура­лизмге ұрынып, сезімдік сәттерді анайы өлеңге айнал­дырып, поэзияны порнографияға айналдыра жаз­дағаны бар. Сондықтан, шынайы сезімнен нәр алып, ойларын батыл жеткізіп отырса да қанға сіңген тек­тілікті сақтап, әдеп шегінен аспаған «тілге жеңіл, жүрек­ке жылы тиер» лирикалар тудырған Оңғарсы­нова стилі – ұлттық әдебиетімізде қашанда оқшау, дара жаратылыс. Дей келгенде, Фариза шығармашылығындағы махаббат лирикалары оның сан қырлы ақын­дық әлемінің бір ғана қыры. Басқасын айтпағанның өзінде ол – ең алдымен азаматтық лириканың ірі өкі­лі. Жүрегі ел деп, халық деп соққан, ұлтының ізгі қа­сиеттерін мақтан тұтқан патриот ақын. Ел-жұрт со­нау бір, әулиесін киеге балап, батырын мақтан тұтуға жүрексінетін қиын шақтың өзінде, ол: Әуелі Алла, сонан соң, Бекет әулием! Аруағыңа бас идім! Сиынарым өзің болғанда, мен неменеге жасимын! – деп, күштімен алысып, есе қайтарам деп жүріп қолға түс­кен қарақшы жігіттің аузынан Бекет Әулиенің есі­мін айтқызса, тағы бірде: Түн құшып жатыр бұл маң да... Жар етер екен таң қашан? Сенімсіз түнде үмітімді немен жалғасам? Ал, менің әлі сапарым қанша алдымда, Күш құяр жанға жолымда сәуле – бар ма шам? Әлі де біраз жолым болмайтын секілді-ау, Оғыланды тауда бір түнеп қуат алмасам! – деген асқақ жырдың тиегін ағытты. Ол кезде бұлай жыр­лау ерлік болатын. Ұлтың туралы бір ауыз ұлық сөз айтудың өзі ұлтшылдыққа баланып, тағдырыңды тұйық­қа тіреп тастайтын залым заманда, өзіңе анық зия­ны тиер ойды ашық айтудың соңы не боларын ой­лаудың өзі оңай емес болар. Ал, Фариза ақын ондай қа­дамға бір рет қана барған емес. «Ақбөбек жырлары» – Фаризаның ғана емес, отаршыл орыс жұртына деген бү­кіл бір халықтың кемерінен асып төгілген ашу-ыза­сы. Мұнда ақын жат жұрттық басқыншыларға деген жиір­кенішін анық көрсете, күштіге бас имейтін да­ла­лық батыр мінезді таныта жырлайды. Астамсыған орыс офицеріне Ақбөбек: Ит өлген жерден келді екен сені кім айдап, қаңғыбастарға мекен болған ба бұл аймақ? Тірілей мені тәлкек қып қойған мұндайға соқыр екен ғой Құдай да! Тірілей сенің құшағыңа енбен жүн ерін, аю мойныңа асыла алмайды Қайыпты ораған білегім! Асқақтығың асып, ашуың қысса, жарып же жабайы қыздың жүрегін! – дегенде, ар тазалығы мен намыс қуатын қалайша ту қып көтеріп тұр десеңізші?! Бұл, шын мәнінде, жәй ғана тарихты жырлау, өткенді мадақтау емес, арғыны ұлықтау арқылы бергінің көзін ашып, ұлттың еңсесін көтеру, санасы тұманданып бара жатқан елді ояту болатын! Ұлтының ұлы қасиеттеріне уызында жарыған Фаризаның жаратылысы о бастан өнермен егіз болуында да, кеудесінде күмбірлеген саздың жырға айналып, ақындық әлеміне бастап келуінде де ешқандай кездейсоқтық жоқ, заңдылық қана бар. Содан да, оған деген жұрт назары ерте аумай, өзі де көзге түспей тұрмады. Ол әлі ақын ретінде танылмай жатқан кезде-ақ, қиян шеттегі қазақ ауылында тағдыр тоғыстырған Төлеген ақын оның өнеріне сүйсініп: Қателессең тартып отырған күйіңнен, Керілдесіп қалады екен Адайлар. Шақыртып алып ару қыздарын сонан соң, Бармағында от ойнар, Күй сұрайды екен атойлар. Тарттырады екен сен тартқан күйді қайтадан, (Саусақ дегенің айтады ән). Жігітім, енді шыдамың жетсе төзіп бақ, Өлгенің жақсы, қайта одан. «Қонақ баланы ұялтпа» дейді құдағи, Ал анау қыздын жанарындағы от қандай! Жүректен емес, мына күй Саусақтан шығып жатқандай, – деп, жырына арқау қылды. Қиядағыны көзі шалатын қыран ақынның мұнысы тегін емес, ол жүрек шерін күм­бірлеген күйімен тарқатқан өнерпаз қыздың жа­нарындағы оттан биік толғаныстың сырын сұңғы­лалықпен сезгені анық. Қазақтың тағы бір марғасқасы Мұқағали да қия­нат­шыл дүниені тәрк етіп бара жатып: Жанарымды тұманмен тұмшаладым, ...Серіппесі үзіліп тұр садағым. Жігітінен қазақтың дос таба алмай, Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын, – деуі де Фаризаның асқақ тұлғасын тану ғана емес, та­ныту да еді. Осы өлеңі арқылы Мақатаев Оңғар­сы­нова бойынан өзі танып, сүйсінген қазақ болмы­сы­ның тектілігін артқыға аманаттап кеткен сияқты… Талай мықтысы арқа тұтып, қастерлеген Фариза ақын­ның мықтылығы ғұмыр бойы жанына жал­ғандықты жолатпай, шыншыл қалпын сақтап, ұлт мерейін асқақтатар тұста алмас қылыштай жарқыл­дауын­да болса керек. Сонау, еліміз егеміндік алып, енді ғана ес жиып жат­қан тұста исі қазақ алғаш рет Сыр бойында ұлт ба­тыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлына ұлан-асыр ас беріп (1992 жылы), оған бүкіл елдің тұлғалы аза­мат­тары қатысып, ел мерейінің көтерілген бір шағында, та­лай сөз білем дейтін танымал кісілер халқы үшін бү­кіл өмірін арнап, батырлық пен мәрттіктің даусыз үлгісіне айналған Жанқожадай асыл ер туралы құ­лақ­та қалардай ой тауып, пікір айта алмай жатқан тұста Фариза ақын өр даусы қырандай саңқылдап, дауыл­дата жыр төкті: Ей, ер бабам! Басы айналып сен қорғаған кең далам, асау аттай құйқылжыған заманда, сауысқандар билік айтып ғаламға аласталып асылдар мен ардалар, тағдыр шешсе күл шоқыған қарғалар, Батыр қайда шамырқанар, шамданар? Сен қорғаған даланың бүгініне мен күрсініп қарадым: заман мүжіп кескекті ердің талабын, құнсызға айналды бағалым. Айыра алмай дарақы кім, дара кім, тұман алғандай жанарым. Әділет деп қылыштарын қайраған, Арыстан Ер жағалауын жайлаған, Арал қайда, Сыр қайда? Жағымпазды жаумен қоса тақымдар, Жанқожадай батырлар енді бізде тумай ма? Ақын – елдің жүрегіндегіні айта алса ғана ақын. Батыр бабасы жайлы мына өлеңдегі оның көкірек айырар күрсінісі саналыны мұңға батырары хақ. Ұсақ­талып бара жатқан ұрпаққа қарап, елі үшін басын отқа салған талай Жанқожалардың еш кеткен еңбе­гіне айналғанына налиды ақын. Бірақ бұл пессимизмге сүйрейтін жалаң гөйгөй емес. Әлгіндей шамырқаныс­тан соң ол: Ей, ардақты ер баба! Ерсіз болса, Ел – бала, Көлсіз болса, Жер нала. Оңып барады кілем жер, Батырлар аз жауыздықты жүгендер. Ұрпағыңа бірлік пенен жігер бер! Ер көңілді халқың болса жалғанда, Туады әлі ту ұстайтын шын ерлер! – деп түйін жасайды. Себебі батыр ерлігімен, ақын жыры­­­­мен ел еңсесін көтеріп отырмаса, ұлттың рухы езіліп, мінезі жоғалады. Мұндай тұста сонау Махамбет, Тө­легендердей асылдармен біртұтас кеңістікте үн қатып, даусынан найзағайлар жарқылдайтын Фариза-жырдың құдіретіне сүйсінбеске әддің жоқ. Содан шы­ғар, біздің «Фариза Оңғарсынова» деп бастаған ой-толғамымыз халық, ел, ұлт туралы әңгімеге ұласып, жаратылыс, ақиқат жайлы ойларға астасып кете беретіні. Егер Жаратылыс заңын терең түйсінген ақын біз­де екеу болса, бірі анық Фариза дер едім. Оның шындыққа тура қарайтыны, шыншылдығы о бастан Ақиқат деген Тәңірге ғана табынып, оның әмірін жүрекпен қабылдауында. Толғағанмен ел жайлы, қоғам жайлы, кернесе де кеудесін содан қайғы, Байрон емес – Махамбет, Ол өмірге Уитмен боп тіпті де оралмайды. Қылыш байлап, дулыға кигенімен Пастернак та Махамбет бола алмайды, – дейді ол, қазақтың Махамбетін өзге тілде сөйлеткісі кел­гендерге. Ақынның бұл сөзі – бұра тарту емес, шын­дықтың өзі. Неге десеңіз, Махамбеттің маңдайына тағ­дыр қазақ болуды ғана, сол халық үшін басынан айы­рылуды бұйыртқан. Махамбеттің бағы да, соры да қазақ болуда. Ақынның айтып отырғаны сол. Дүние­­таным ұлттың көзімен қалыптасады, өз көзіңмен көретінің оның ұлылығы ғана! Асау ғасыр! Іріні үгіп демің бара жатса сөнердей үміттерім. Мен тілеймін күңкіл мен ұсақтықтан Сақтағай деп даламның жігіттерін. Ұлтының болашағына алаң көңілмен қарай тұра, жүрегіне жаманаттың сызын жақындат­пай, жақ­сы­лыққа құштар болуға шақырып, жаныңды жылытатын Фариза ақынның жырлары неліктен бізге өте жақын? Неліктен оны құмарта оқып, ойға бата­мыз? Себебі Ол – рухтың тілі! Рухтың тілі сөйлеп тұр­ған­да ұлт та, оның жасаған өнері де өлмек емес. Ақи­қат осы.

Ахмет ӨМІРЗАҚ, ақын, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты.