Тасжолдың жабылатынын ескерткен бала полицей Қазнетті тәнті етті (ВИДЕО)

Тасжолдың жабылатынын ескерткен бала полицей Қазнетті тәнті етті (ВИДЕО)

Тасжолдың жабылатынын ескерткен бала полицей Қазнетті тәнті етті (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
Әлеуметтік желіде полиция қызметкері болуды армандайтын Қарағанды ​​облысындағы Ақсу-Аюлы ауылының жас тұрғыны түсірілген видео тарады. Видеода қолына таяқ ұстаған бала жол жиегінде тұрып, жүргізушілерге тас жолдың жабылатынын ескертіп жатыр деп жазды turkystan.kz. Бұл видеоны жас тәртіп сақшысы тоқтатқан жүргізушілердің бірі түсіріп, кейін оны әлеуметтік желіде таратқан. Желі қолданушылары болашақ полицейдің әрекетін жылы қабылдап, қызу талқылап жатыр. Видеода өзін Бағдәулет деп таныстырған балақай өзінің фотосуреті бар қызыл құжатты ұсынады. Ол жүргізушілерге жолдың жабық екенін ескертеді. Жүргізушілер оның салмақтылығына риза болып, жас тәртіп сақшысына тамсануда. 5 жасар бала полицей Ақсу-Аюлы ауылының тұрғыны екен. Жол полициясында жұмыс істегісі келетін Бағдәулет Ағзамов мектепке дейінгі дайындық сыныбында оқиды.
«Біздің отбасымызда полиция қызметкері жоқ, туған-туыстарымыз да мемлекеттік қызметте емес. Бірақ Бағдәулет 3 жасынан бастап полиция болғысы келетінін айтып жүр. Тіпті, қазақ полициясы туралы ән де үйреніп алған, сол әнді жиі айтады. Біз баламызды қолдаймыз, оған форма, таяқша, сертификат сатып алдық. Бақытымызға орай, мұның бәрі балалар дүкендерінде сатылады. Болашақта ол полицей болғысы келсе, біз қарсы емеспіз», - деді баланың әкесі Думан Ағзамов.
Видео әлеуметтік желіде тарағаннан кейін Шет аудандық полиция бөлімінің бастығы Мадияр Меңісов Ағзамовтар отбасына арнайы келген. Ол Бағдәулетті қызметтік көлігіне мінгізіп, патрульдердің жұмысын көрсетіп, түрлі естелік сыйлықтар берген.
«Алдағы уақытта тек сәттілік тілеймін! Әрине, полиция қызметкері болсам деген арманыңыз орындалсын», - деді полковник Мадияр Меңісов Бағдәулетке.