Серік ақынның зияраты

Серік ақынның зияраты

Серік ақынның зияраты
ашық дереккөзі
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Серік Сейітман оқырман қауымға таныс.  «Қырсық қызға қолтаңба», «Қазақтың қаны», «Қара шаңырақ», «Қамшының сабы»  атты жыр жинақтары жарық көрген. Ақынмен сұхбатымыз оның осы кезге дейін атқарған еңбектері  жайында қысқаша шолу жасадық.   Серік мырза,  Сізді кітаптары жарық көріп, көпшілікке танылып қалған ақын ретінде ел-жұрт біледі. Жуырда бірнеше өңірде шығармашылық кешіңізді өткіздіңіз. Шығармашылық бұл кездесулеріңіз «Зиярат» деген тақырыппен өтіп жатыр. Кездесулер не себептен бұлай аталғанын түсіндіре кетсеңіз. – Адамның ғұмырын қамшының сабына балап жатамыз, неге? – деген сұрақ жайлы көп ойланамын. Мен үшін қамшының сабы біздің ғұмырдан әлдеқайда ұзын сияқты. Әсілі, адам ғұмырын сіріңкенің бір тал шырпысына теңеген жөн деп ойлаймын. Тұтана сап сөнген шырпы – туа сап шетінеген нәресте, ал ұзақтау жанған шырпы – көп жасаған қарт секілді. Қанша ғұмыр кешсең де ізгіліктің шамын жағып, адамдықтың қазанын қайнатып кеткенге не жетсін. Міне, осы мәндегі шумақталмаған ойым бар еді. Алла нәсіп етіп, биыл екі жиырманы еңсеріппіз. Құрдастарым мерейлі жастарын думандатып тойлауды бастады. Ал менің той тойлауға зауқым жоқ. Себебі әлемдегі қанды қырғын, еліміздегі қаңтар оқиғасы, әулетіміздегі қаралы хабарлар, оның үстіне даңғазаға әуес еместігім бар – осы жағдайлар қамал алар жасты рухани сипатта қарсы алуыма мәжбүрледі. Нәтижесінде, жаныма жақын өнердегі ағаларым мен достарымды ертіп, оқытып, үлкен өмірге жолдама берген сәулелі мекендерге зиярат етіп, ұстаздарым мен ел-жұртқа алғыс айтып қайттым. Сонымен қатар  кітапхана қорларына жаңадан жарық көрген «Қамшының сабы» атты кітабым сыйға тартылды. Сапар туған жерімде, аядай ғана мектебімде қорытындыланып, топырағы кеппеген әкем мен анамның рухына ас берумен аяқталды. Жобаның «Зиярат» аталып, 1 наурыз – Алғыс айту күнінде басталуы сондықтан. – Жоба үмітті ақтады ма?  – 200 пайыз ақтады деп айтуға болады. Біз ойламаған тосын құбылыстар мен залға сыймай, руханиятқа шөліркеген елдің ықыласына қарап, осылай деп айтуымызға толық негіз бар. Осы орайда кештердің шығармашылық һәм шаруашылық жұмыстарына аянбай атсалысып, жанымнан табылған барша достарым мен аға-әпкелеріме және ел ағаларына алғысым шексіз. Бұл кісілер, Қадыр ақын айтқандай, «Достық мектебінде есеп пәні жүрмейтінін» істерімен дәлелдеді. Сондай-ақ бір кездегі өз шәкіртін ерекше құрметпен қарсы алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне, Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен А.Дәрібаев атындағы орта мектеп ұжымына ризашылық білдіремін. Риза көңілімнің төрінде Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалы мен «Фараб» кітапханасы да бар. – Жаныңызда кімдер болды? Таңдауыңыздың оларға түсуін немен байланыстырар едіңіз? – Бұл сапар 1 емес, 10 күнге созылатын болғандықтан, мен не көрсем – соны бірге көре алатын, не жесем – соны жеп, не ішсем – соны іше алатын өнер өкілдерін ерткенім дұрыс деп шештім. Олар Қазақстанның сан тарапынан қанат қағып, қазір Еліміздің саяси-рухани орталықтарында көш бастап жүрген белгілі тұлғалар: Көпен Әмірбек, Сайлаубай Тойлыбаев, Есет Сәдуақасов, Бағлан Әбдірайымов, Талант Арғынғали, Жасұлан Наурызбайұлы, Берік Сексенбекұлы, Мақсат Айтжанов, Досхан Одаман, Гүлназ Нұрбалина, Данияр Барыс секілді шоқтығы биік өнерпаздар. Шығармашылық сапарда әрқайсысының өз міндеттері болды, олар сол міндеттерін артығымен абырой биігінде атқара алды. Бір ғана мысал айтайын, Арқа әншілік мектебінің көрнекті өкілі, дәстүрлі әнші Жасұлан Наурызбайұлы жеңіл эстрадаға әуестеніп бара жатқан оңтүстік өлкесіне дәстүрлі әннің дәнін шашып қайтқандай сезім сыйлады. Жасұлан құрдасымды әу баста қатарыма алғандағы негізгі мақсатым да осы еді. Енді туған жер төсінен дәстүрлі өнердің дәнінен көктеген жас өнерпаздарды күтетін боламыз... – Әркім өз қатарын оқып-біліп жүреді ғой, бүгінгі өзіңмен бірге әдебиетте жүрген жастар шығармашылығы жайында не айтар едің? – Осыдан 15 жылдай бұрын, Қазақ радиосында жастар шығармашылығына қатысты «Тамшы» деген авторлық бағдарламам болды. Өзім тұстас жас қаламгерлер бірінен соң бірі келіп, өлеңдерін оқып, тырнақалы туындыларын сүйіншілеп жататын. Сондықтан олардың бүгінгі биігіне бастау болған баспалдақтарын да біркісідей білетін жан ретінде қанаттас достарымды бөле жармаймын. Әдебиетте әрқайсысының өз биігі бар. Шығармашылық қуаты күшті, шығармаларының көркемдік деңгейі жоғары. Бәрі бір-біріне ұқсамайтын ерекшелігімен қызық. Қолтаңбалары қалыптасып үлгерген қаламгерлер. Енді тек оларды көпшілікке көрсете білетін – көз, оқыта білетін заманауи жүйе керек секілді. – Әдебиеттен басқа салаларда да көрініп жүрсіз. Мәселен, «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасының жетекшісі болдыңыз. Осы жоба жөнінде кеңірек тоқталып өтсеңіз. – Түбіміз – түрік, бірақ түрік емеспіз, дініміз – ислам, бірақ араб емеспіз. Біз сан ғасыр бойы данагөй ата-бабалары салып берген сара жолы бар қазақ деген халықпыз. Егер осы жолдан бір елі ауытқитын болсақ, сол сәттен бастап-ақ басымыздағы бақ та ауа бастайды. Ал Қазақ халқының рухани жауһарларының бірі де бірегейі – жыр-дастандарымыз. Олардың ішінде Батырлар жырының ұлттық код ретінде ұрпақ тәрбиесіне әсері ерекше. Міне, осыны ескеріп, мемлекеттік билік жырды ұрпақ санасына сіңірту жобасын рухани жаңғыру аясындағы маңызды шаралар тізбегіне қосты. Бұл ретте жобаның авторы ретінде Абай Балажан секілді азаматтың ақыл-ойын бағалауымыз керек. Ал жобаның тұңғыш жетекшісі болып, Ұлттық жоба ретінде қалыптасуына, сондай-ақ жұмысын жүйелеуге сіңірген аз-кем еңбегімді ұлттық болмыс алдындағы перзенттік борышым деп санаймын. – Радио демекші, радиожурналистика саласында да еңбек етіп, басшылық қызметтерде болдыңыз. Қазіргі Қазақ радиосының жай-күйі, ондағы ізденістер, бүгінгі аудиторияның радиоға деген ықыласы қандай? – Шынымды айтсам, қазір радионы тыңдамаймын десем болады. Жұмысқа бара жатқанда немесе қайтып келе жатқан кезде көлікті тізгіндеп отырып кей-кейде қосатыным болмаса, жата-жастанбаймын. Сол кездерде құлағым шалатыны Сәрсенғали Жүзбай мен Жасұлан Наурызбайұлының дәстүрлі өнер жайындағы хабарлары және Санат пен Мұхтардың қазақы қалжыңға құрылған «Көңілашар» бағдарламасы. Бәлкім, менің көліктегі сәтім осы бағдарламалардың уақытына сәйкес келетін шығар. Санаулы журналистің атын атаумен шектелгенім үшін әріптестерімнің басқалары ренжімес. Жалпылама айтсам, Қазақстан радиожурналистикасынан бір байқайтыным, қазір кез келген радиоарнада пәтуасыз сұхбат көбейген секілді. Қоғамдық-саяси, мәдени-рухани, әдеби-тарихи сүйекті сараптамаларды ел күтіп отыр десем қателеспеспін. – Қазір қайда, не шаруамен айналысып жүрсіз? Радиоға қайта оралу деген ой жоқ па? – Қайта оралу ойыма кіріп те шықпайды. Табан аудармай 12 жыл қызмет атқарған киелі қара шаңыраққа өмірімнің бір бөлшегіндегі үлкен ұстазым ретінде тек тілекшімін. Мен ол саладан өз еркіммен кетіп, орнымды тапқан адаммын деп ойлаймын. Одан бергі кездерде де Құдай бағымызды ортайтқан емес, тәубе! Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында авторлық кешімді беріп, ол республикалық «Хабар» телеарнасының мұрағатына жазылды. Екі сағаттық ән-жыр кеші үшжылдық келісімшарттан соң, қазір басқа арналардан да беріле бастады. Өзіңіз айтқандай, Ұлттық жобаны басқардым, сондай-ақ мемлекеттік «Жастар» театрының әдебиет бөліміне жетекшілік еттім, рухани астанамыз – Түркістандағы халықаралық университетке докторантураға түстім. Бұл бақыттардың бастауы киелі қара шаңырақ Қазақ радиосының берген батасы деп деп білемін. Осы жолдарда ерекше сенім білдірген, кей сәттерде жетегіне алып, жол көрсеткен абзал ағаларым мен адал достарыма мың алғыс. Ал сенімді ақтау – қай кезде ер жігіттің қасиетті борышы. Бүгінде докторантурадағы оқуымды бітіріп, Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты Мемлекет тарихы институтында ғылыммен айналысып жатқан жайым бар. Қызметтік міндеттемелерім тұрғысынан тікелей басшым Жабай Нұрмақұлының алдымызға қойып отырған нақты тапсырмалары бар. Институт басшысы, профессор Еркін Аманжолұлының жетекшілігімен жүргізілетін ұлттық сана, мемлекеттік мүдде төңірегіндегі ғылыми жобалардың қатысушысымын. Ғылым докторы Айгүл Серікқызының жетекшілігімен докторлық диссертациям жазылуда. Біле білген адамға мұның өзі жауапкершілігі өте ауыр жұмыстар.

Сұхбаттасқан Б.Балықбай