Шәкірттерін соққыға жыққан жаттықтырушыға қатысты тексеріс басталды

Шәкірттерін соққыға жыққан жаттықтырушыға қатысты тексеріс басталды

Шәкірттерін соққыға жыққан жаттықтырушыға қатысты тексеріс басталды
ашық дереккөзі
Павлодар қаласының тұрғыны Гүлсім Аяпбергенова Ertis хоккей клубының жаттықтырушысы 11 жастағы баласын ұрғанын айтты. Оған балалардың Ақтөбедегі матчта жеңіліп қалуы себеп болған деп жазды turkystan.kz. Зардап шеккен оқушының анасы Instagram-дағы парақшасында болған жайтты баяндап жазба қалдырған. Оның айтуынша, оқиға бүкіл команданың көзалдында болған.
«Хоккейдің қатал спорт екенін түсінемін, бірақ бұл ешкімге балаларды ұруға болады деген құқық бермейді. Жаттықтырушы Писегов В.И. балаларды үнемі қорлап, балағаттайды. Осылайша, олардың әлі жетілмеген психикасына әсер етеді. Оның көгерген денесін көрмейінше, ұлым ұрып-соққаны туралы ештеңе айтқан жоқ. Жаттықтырушыға хабарластым, ол тіпті сөйлеспеді. Қазір ештеңе болмағандай жұмысын жалғастырып жүр», - дейді Гүлсім Аяпбергенова.
Сонымен қатар, команданың зардап шеккен тағы бір мүшесінің анасы жаттықтырушының үстінен полицияға шағымданған. Ал жаттықтырушының өзі оқушыларды ұрмағанын, ата-аналардың шағымдары жала екенін айтты.
«Матчтан кейін балалармен бірге киім ауыстыратын бөлмеге кірдік. Ойынды, жеңілгенімізді талдадық. Балаларға қандай қателіктер жіберілгенін, қалай қорғану, қандай нәрсеге назар аудару керегін түсіндіріп, қолын сындырып алмас үшін иықты қалай ұстау керегін көрсеттім. Бұл - хоккей, жарақат алу қаупі бар спорт түрі. Бірақ мен ешкімді тепкен, ұрған жоқпын. Бұл - жала, қастандық. Бұл команданы алты жыл бойы жаттықтырып келемін, осы уақыт ішінде Нұрәлидің анасының үнемі көңілі толмайтын. Бірақ балаларға ешқандай шағымым болған жоқ, Нұрәли командадағы көшбасшы және жақсы нәтижелер көрсетіп жүр», - деп түсіндірді Вячеслав Писегов.
Туризм және спортты дамыту басқармасының өкілі спорт мектебінде ата-аналардың шағымы бойынша қызметтік тексеріс басталғанын айтты. Ал полицейлер Гүлсім Аяпбергенованың өтінішінен кейін бапкерге қатысты әкімшілік іс қозғаған.
«Бұл дерек Павлодар қаласының Орталық полиция бөлімінде тіркелді. Сот-медициналық сараптама нәтижелері бойынша кәмелетке толмаған адамға келтірілген дене жарақаттары жеңіл жарақат түріне жатады. Осы оқиға бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 73-1-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды», - деп түсіндірді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілі.
Осы баптың санкциясы бойынша жаттықтырушы 15 айлық есептік көрсеткішке айыппұл салынуы немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.