«Кек аламын»: Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы мәлімдеме жасады (ВИДЕО)
«Кек аламын»: Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы мәлімдеме жасады (ВИДЕО)
Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбай журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға сұхбат берді деп хабарлады turkystan.kz.
Оның айтуынша, Алтынбекті өлтіргендер әлі де жазасыз жүр. Рысбек Сәрсенбай інісінің артында ұлы мен қызы қалғанын айтты. Қазіргі таңда олар анасымен бірге Ұлыбританияда.
«Бір ұлы, бір қызы бар. Келініміз, бәрі Ұлыбританияда. Ұл да, қыз да мамандық алды, жұмыс істеп жүр. Алтекең қайтыс болардың алдында балалар Мәскеуде болды. Оқулары біткен соң елге келуі керек болатын. Оған анадай жағдай болды-дағы, балалар сол күйінше Мәскеуде қалды. Кейін балалар Англияға оқуға түсті. Кейін аналары қастарына барды. Балалары әкелерін өте қатты жақсы көрді. Оларға өте ауыр болды. Қасында анасы болмаса, қиын ғой»,- деді марқұм Алтынбектің ағасы Рысбек.
Қоғам қайраткерінің ұлы Бекжан 24-ке толған. Рысбек Бекжанның кек алатын ойы жоқ екенін айтты.
«Бекжаным өсті. Бірақ, ол кек алмайды, мен де кек алмаймын. Алтекең қайтыс болған кезде мен: «Осы қылмысты жасатқан адамды қалай да табамын. Жазасын алғызамын» деп ант бергенім рас. Ол кезде Бекжаным кішкентай ғой. «Балам, мұндай жағдайда адам кектенеді. Мен кек аламын» дегенде Бекжаным: «Мен кек алмаймын, ата» деді. Кекшіл емес. Алтекең де кекшіл емес еді. Кек қайтару керек емес, бірақ әділеттілік жеңуі керек» дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.
Рысбек Алтынбектің бақилық болғанына 16 жыл өтсе де, кінәлілер әлі жазасыз жүргенін мәлімдеді. Бірақ ол барлығын уақыт еншісіне беретінін айтты.