Қазақстанда ғимарат ішінде маска тағу міндеті алынып тасталды
Елдегі эпидемиология жағдайының тұрақтануын ескере отырып, ведомствоаралық комиссия бірқатар шешім қабылдады деп хабарлады turkystan.kz.
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, ведомствоаралық комиссия мынадай шешімдер қабылдады:
үй-жайларда міндетті маска тағу талабын алып тастау;
медицина мекемелерінде (персонал, қызметкерлер, пациенттер, келушілер) медицина маскасын тағу міндетін өз күшінде қалдыру;
адамдар көп жиналатын орындарда, қоғамдық көлікте, ұйымдасқан ұжымдарда маска тағуды ұсыныс сипатында қалдыру;
білім беру ұйымдарында оқытудың кабинеттік жүйесіне рұқсат беру.
Сонымен қатар ВАК шешімімен Pfizer препаратымен вакцинациялауға жататын тұлғалар контингенті кеңейтіледі. Ол мынадай санаттармен толықтырылады: ️
бастапқы вакцинациялаудан өтетін, осы препаратпен профилактикалық егуді алғысы келетін адамдар; ️
түрлі себептермен шетелге шығу үшін қайталама екпе алушылар; ️
шетелде алған вакцинация курсын аяқтау үшін екпе алушы тұлғалар; ️
COVID-19 вирусына қарсы ревакцинация алушы барлық топтағы адамдар.
Отырыс соңында Е.Тоғжанов қолайлы эпидемиологиялық жағдайды қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі - азаматтарды уақтылы иммундау және ревакцинациялау екенін айтты. Ол әкімдіктерге коронавирус инфекциясына қарсы егу науқанын ерекше бақылауға алуды тапсырды және халық арасында сапалы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет екенін мәлімдеді.