Павлодар облысы Шарбақты ауданында жекеменшік үй өртеніп, екі баланың өмірін жалмады, деп хабарлайды BNews.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, аудан орталығындағы тұрғын үйдің ішінде газ-ауа қоспасы жарылып, өрт болған. Салдарынан үй заттары мен қабырғалары жанды.
«Қызыл жалын 30 шаршы метрлік аумақты жалмады. Салдарынан 39 және 37 жастағы ерлі-зайыптылардың денелерін күйік шалды. Ал, көршілерінің бір жасар қызы мен 10 жастағы жасөспірім қайтыс болды. Қазіргі таңда оқыс оқиғаның себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталуда», – деп хабарлады баспасөз қызметінен.
Аудандық орталық ауруханасы мамандарның хабарлауынша, ерлі-зайыптылардың денелерінің 90%-ын күйік шалған. Қазіргі таңда олар емдеу мекемесінің жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр. Сырқаттарға көмек көрсету мақсатында Павлодар қаласынан бір топ дәрігер санавиация арқылы аудандық ауруханаға шыққан.