Қарин Президенттің «Екінші Республика» сөзін не үшін айтқанын түсіндірді

Қарин Президенттің «Екінші Республика» сөзін не үшін айтқанын түсіндірді

Қарин Президенттің «Екінші Республика» сөзін не үшін айтқанын түсіндірді
ашық дереккөзі
Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыда Наурыз мейрамына арналған мерекелік шарада сөйлеген сөзінде «Екінші Республика» терминін қолданғанын түсіндірді деп хабарлады turkystan.kz. Оның айтуынша, кейбір сарапшылар тарапынан «Екінші Республика» термині нені білдіреді және оның бұрын жарияланған «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасына қаншалықты қатысы бар деген сұрақтар туындаған.
«Шын мәнінде, бұл екі идеологияның мәні бір, тек екпінмен ғана ерекшеленеді. Жаңа Қазақстан – жалпы еліміздің болашағының бейнесі. Ең алдымен әлеуметтік құндылықтарды жаңарту қажеттілігі туралы айтып отырмыз және бұл ұлттың жаңа сапасын қалыптастырады. Сәйкесінше, бұл қаңтар оқиғасынан кейін немесе Жолдаудан кейін біз автоматты түрде Жаңа Қазақстанда өмір сүре бастадық дегенді білдірмейді. «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын алға тарта отырып, Президент таяу болашақта мемлекет құрудың жаңа мақсатын белгіледі. Жаңа Қазақстанды бір сәтте, бір күнде құру мүмкін емес. Бұл – әлеуметтік қайта құрудың терең және ұзақ процесі», – деді Мемлекеттік хатшы.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын жүзеге асыру аясында көп өзгерістер күтілетінін алға тартты.
«Бұл Конституцияның 30-дан астам баптары мен 20 заңына қатысты. Бұл – өте ауқымды реформалар жоспары. Саяси жүйенің барлық конфигурациясын айтарлықтай өзгертеді. Азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейту, жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру – басты назарда. Ал бүгінде бұл үдерісті нақтырақ көрсету үшін Президент «Екінші Республика» терминін қолданды. Оның үстіне, «Екінші Республика» қазірдің өзінде өте жақын және нақты мақсат болып табылады. Өйткені Мемлекет басшысы алға қойған саяси реформаларды жүзеге асыру 2022 жылға жоспарланған. Басқаша айтқанда, «Жаңа Қазақстан – қоғам мен ұлттың жаңаруы, ал Екінші Республика – мемлекеттік үлгінің жаңаруы», – деді Ерлан Қарин.