Жаңалықтар

"Қарағандыда жоғалғандар" - үздік еуропалық деректі фильм

ашық дереккөзі

"Қарағандыда жоғалғандар" - үздік еуропалық деректі фильм

Қазақстан мен Испанияның бірлескен «Қарағандыда жоғалғандар» деректі туындысы «California Film Awards» мүсіншесімен марапатталды. Мүсіншені «Nexos» қауымдастығының президенті Энрике Гаспар Қазақстанның Испаниядағы елшісі Бақыт Дүйсенбаевқа табыс етті. «California Film Awards» мүсіншесін қолына алған Қазақстанның Испаниядағы елшісі Бақыт Дүйсенбаев аталмыщ фильмнің түсірілім жұмыстарына үлес қосқан барша қатысушыларға алғысын білдірді. «Біздің бірлескен еңбегіміз назардан тыс қалған жоқ, "Қарағандыда жоғалғандар" фильмі 2014 жылдың ең үздік деректі фильмі номинациясында жеңіп, «California Film Awards» гауһар марапатына ие болды, сондай-ақ Джакартадағы (Индонезия) кинофестивальде ең үздік еуропалық деректі фильм атанды», – деді Бақыт Дүйсенбаев. ҚР Сыртқы істер министрлігінің қаржылық қолдауымен «Nexos» қауымдастығының өкілдері 2014 жылы Карлагта тұтқындалған испандықтар туралы 50 минуттық толық метражды деректі фильм түсірген. Аталмыш фильмнің түсіріліміне 2013 жылдың қыркүйегінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Испания Үкіметінің Төрағасы Мариано Рахойға Карлагта тұтқындалған испандықтар туралы 152 мұрағат істерін беруі себеп болыпты. «Қарағандыда жоғалғандар» туындысында осы күнге дейін көптеген инспандықтар біле бермейтін мәліметтер мен испандықтардың Карлагқа жіберілу себептері көрсетілді. Сондай-ақ, Испаниядағы азматтық соғыс, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бір-біріне қарсы тұрған, бірақ бір лагерьге жиналған Испандық Республикалық партия және «Көгілдір дивизия» өкілдерінің тағдыры да суреттелген.