Белсенділер Боқаев пен Аян 5 жылға сотталды

Белсенділер Боқаев пен Аян 5 жылға сотталды

Белсенділер Боқаев пен Аян 5 жылға сотталды
ашық дереккөзі
Атырауда азаматтық белсенділер, жер сатуға қатысты митингілерді ұйымдастырды деп айыпталған Макс Боқаев пен Талғат Аянға қатысты сот үкімі шықты. Судья Гүлнәр Дәулешова Макс Боқаевты "заңсыз митингтер ұйымдастырды", "жалған ақпараттар таратты", "ұлтараздық тудырды" деп айыптап, 5 жылға соттады. Судья осындай айыптар тағылған Талғат Аянға да 5 жыл түрме жазасын кесті.
Сот сонымен бірге оларға үш жыл қоғамдық жұмыспен айналысуға шектеу қою және 250 мың теңге айлық көрсеткіш есебінде (бір АЕК - 2121 теңге) айыппұл салу туралы үкім кесті. Үкім бойынша, Боқаев пен Аян жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтеуі тиіс. Соттың бұған дейінгі жарыссөзінде прокурорлар Қасым Садықов пен Марат Хабибуллин Боқаев пен Аянның тағылған айыптар бойынша "кінәлары толық дәлелденгенін" айтқан. Прокурор Макс Боқаевқа сегіз жыл бас бостандығынан айыруды, үш жыл қоғамдық жұмыспен айналысуға шектеу қою және 250 мың теңге айлық көрсеткіш есебінде айыппұл салуды сұраған. Мемлекеттік айыптаушылар Аянды да сегіз жылға соттауды, үш жыл қоғамдық жұмыспен айналысуға шектеу қоюды және 250 теңге айлық көрсеткіш есебінде айыппұл белгілеуді сұраған. Боқаев пен Аян өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Белсенділердің адвокаты Жанаргүл Боқаева сот үкіміне шағымданатындарын айтты. Макс Боқаев пен Талғат Аян Атырауда биыл сәуірдің 24-і күні үкіметтің жер реформасына қарсы өткен жаппай наразылық шеруінен кейін көп ұзамай тұтқындалған.