«Шу бойында суға тапшылық болмауы тиіс» – Мәжіліс депутаты

«Шу бойында суға тапшылық болмауы тиіс» – Мәжіліс депутаты

«Шу бойында суға тапшылық болмауы тиіс» – Мәжіліс депутаты
ашық дереккөзі
Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген аймақтарға сапар барысында Жамбыл облысының Шу ауданына барды. Онда Дулат ауылдық округінің тұрғындары мен шаруа қожалық өкілдерімен өзекті мәселені көтерді. Атап айтқанда, 2019 жылы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстар комитетінің тапсырысымен құны 3,8 млрд теңге тұратын «Ирригациялық-дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасы (ПУИД-2)» бағдарламасы осы Шу ауданында жүзеге аса бастаған. Депутаттың айтуынша, суландыру аумағы 5 мыңнан астам гектар жерді қамтып, жалпы ұзындығы 94 шақырымға созылатын су каналының қалпына келтіру жұмысы 2021 жылы аяқталады деген уәде орындалмақ түгілі, 3 жылда игерілгені көзделген қаржының 13 пайызын ғана (497,6 млн) құраған. Осы мерзімде 12 канал, 2 коллектрді қайта қалпына келтіруі керек еді.
«Бұл белгіленген жұмыс басталмай жатып, тоқтап қалды. Енді бұрынғы бір шетелдік компания орнына тағы бір шетелдік «Туннель Сауд Ариана» ЖШС келді», - деді М. Төлепберген.
шу Осыған орай, Мейрамбек Төлепберген алдағы уақытта еліміздегі су мәселесіне Парламент Мәжілісі депутаттары жұмыс барысында ерекше назар аударатынын атап өтіп, проблема туғызған нысанның қазіргі жағдайын білу үшін Қалығұл тоғанына барды.
«Уәдеге әбден тойдық, меніңше, республикалық Су комитеті тарапынан қатаң қадағалау ғана емес, өздерінің де нақты іс барысында сұралуға тиісті жауапкершілігі бар», – деді ауыл әкімі Н. Сұлтанбаев.
Техникалық сараптама жасаған мекеме маманы Д. Күлшебаев бұл нысан келесі 2023 жылдың соңына қарай ақталып, барлық канал толық қайта қалпына келетінін жеткізді. Депутаттың айтуынша, атақты Шу өзені жағалауы магистралі маңында бұл нысанның ауыл шаруашылығын дамыту үшін өте қажет. Жеке шаруа қожалықтарының жанкешті еңбегі бекер кетпеуі үшін де әлеуметтік маңызы зор. Әлешбай, Сәмбет, Қалығұл, Ысты, Мәтқалық және Подхоз тоғандарының қалыпты жұмыс істеуіне жергілікті 7 мыңнан астам адам тіршілік қамында қатты назар аударып отыр.