Абайлық ақын жаңа облысқа жаңаша жыр арнады (ВИДЕО)

Абайлық ақын жаңа облысқа жаңаша жыр арнады (ВИДЕО)

Абайлық ақын жаңа облысқа жаңаша жыр арнады (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
«Құрмет» орденінің иегері, Жазушылар одағының мүшесі, абайлық ақын  Төлеген Жанғалиев Абай облысының ашылуына байланысты пікір білдірді деп жазды turkystan.kz. Ақын Абай облысы еліміздің рухани орталығына айналады деген сенімде.
«Президенттің халыққа Жолдауынан ғажайып жаңалықты естіп, теледидардан бастан-аяқ зор ықыласпен тыңдап, төбеміз көкке жеткендей қуандық. Cемей өңірі шын мәнінде күнгейлі емес көлеңкелі тұстары көбейіп, тозыңқырап бара жатқан. Семейдің қаласының өзі ескіріп, жаныңды жадыратқанның орнына жабырқау тартып тұр еді. Бұл бірнеше мәрте көтерілген мәселелер. Елбасы Абай еліне келген кезде алдына осы мәселені қойғанбыз. Жарықтық, ұлылар елін ұзақ жылдар басқарып, аянбай еңбек еткен Хафиз Матаев осы күнді көзімен көре алмай кетті... Елдің тілегі деп Елбасына сан рет жеткізді. Өкінішке қарай, тілек орындалмады. Бұлт астынан шыққан күндей жарқ еткен осы жаңалыққа ел болып ерекше қуанып жатырмыз», - деді Төлеген Жанғалиев.
Сондай-ақ ол әлі де атқарылатын шаруа шашетектен екенін айтты.
«Облыс аталу барда, енді сол облыстың қаржыландырылуы, рухани, мәдени орталық болып түлеуі бар. Өзіндік жаңаша бір сипат алуына күш салу керекпіз. Облыстың Абай атамыздың атын алуының өзі керемет болып тұр. Бүкіл Алаш, бүкіл қазақ жүрегіміз Абай деп соғады. Енді сол хакімнің атында бір облыстың болмауы бәріміздің де көңілімізге қаяу түсіріп жүрген. Абай дүниеге келген жерде Шыңғыстауда туған азаматтың бірімін мен де. Соншама қуанып жатырмыз. Бұл Семей өңірі азаматтарының мәртебесінің өсуіне үлкен септігін тигізеді. Президент біздің аңсаған арманымызға қол жеткізді. Бөркімізді айғайлап аспанға атқанмен мұның үлкен салмағы бар. Әрбір Семей өңірінің азаматына үлкен салмақ. Дуылдаққа, шуылдаққа көп ермей, еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін осынау туған өлкемізге жасалған құрметке лайықты еңбек етіп, үлес қосу керекпіз. Президентті қолдауымыз керек. Бұл жәй ғана сөз емес, астарында терең мағына жатқан шешім», - деді ол.
Ақын Абай атамыздың атындағы облыс келешекте жарқырап, гүлденген Қазақстанның басқа да облыстарының қатарына қосылатынына кәміл сенеді.
«Абай облысы – бүкіл Алаш арыстарының рухани орталығы. Сондықтан біз осы жағына баса мән беруіміз керек. Мәдени, әдеби һәм сәулетімен сәулелі орталық болуға тиісті. Түркістан облысынан үлгі алуымыз керек. Күллі түркінің қарашаңырағы, діннің ошағы болып мұсылманның екінші Меккесіне айналған мекен қазір қалай гүлденді. Міне, бізге де осы серпіліс керек», - деді Төлеген Жанғалиев.
Әлеуметтік желіде айтулы оқиғаға байланысты жазылған ақынның жыры да кең тарады. Ширек ғасыр бағың ұшып басыңнан, Бақытыңды жинай алмай, шашылған. Көшкен елдің қалып едің жұртында «Көсемдерің» аударып ап атыңнан.   Шалқып тұрған  көңіліңнен күй кетіп, Әр көшеңнен әрлі-берлі құм көшіп. Жамап-жасқап қойғанменен сыртыңды, Жағдайыңды жақсарта алмай мың кетік.   Қарт адамдай қалып едің қараусыз, Сенері жоқ, сері Семей, амалсыз. Тоқыраудың толқыны ұрды өзіңді, Тоқырау да бола қоймас тонаусыз.   Қайран Семей, қам көңілді қарт қалам, Алты Алашқа болып еді көп бағаң. Көшің қайта түзелетін болып тұр, Егемендік алған күні тоқтаған.   Осы күнді отыз жылдай тосып ек, Көрік құсап қызып, жанып көкірек. Абай баба атын алып жатырсың, Абайды да көп ұмытып кетіп ек.   Ұлт оңалар, ұрандайтын Ұл туса, Бұғалық та быт-шыт болар бұлқынса Шөлеркеген көңіліміз басылды, Шөлмек қайтып түзелмейді бір сынса.   Жаса Семей, жаса Баба, ардақтым, «Абайлаған»  бүкіл Қазақ толғатсын. «Жаңа Қазақстан» жасап жатқан халқымды, Жаңа облыс жаңаша бір  қолдассын! Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда Наурыз есімді қанша адам бар? (ИНФОГРАФИКА)