Үш жаңа облыс қашан ресми түрде құрылады?

Үш жаңа облыс қашан ресми түрде құрылады?

Үш жаңа облыс қашан ресми түрде құрылады?
ашық дереккөзі
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров елімізде үш жаңа облыстың қашан құрылатыны жайлы, сондай-ақ оларды қаржыландыру мәселесіне қатысты сұрақтарға жауап берді деп хабарлады turkystan.kz. Қуантыровтың айтуынша, қазір мемлекеттік органдар ұйымдастыру шараларын жүргізіп жатыр.
«Президент алғашқы жартыжылдықтың соңына дейін нақты міндет қойды. Қайта ұйымдастырылатын облыс өкілдері Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе жұмыс жасайды. Қазір біз аумақтық бөлініс мәселелерін қарастырып жатырмыз. Мұның бәрі қосымша талқыланатын болады. Негізгі инвестициялық жұмыстарды алғашқы жартыжылдық соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Президенттің шешімі жарияланатын бұйрық жобасы дайындалып жатыр», - деп түсіндірді министр.
Ол жаңа аймақтарды қаржыландыруға қажет ақша мөлшері де есептеліп жатқанын айтты.
«Бізде бұл үшін резерв жеткілікті. Қолда бар бюджетті жеткізуге тырысамыз. Егер қажет болса, қосымша ақша бөлінеді. Өйткені жаңа әкімшілік бірліктер, жаңа әкімдіктер, аудандар құрылады. Штат саны да қайта бөлінеді. Ол үшін де резерв бар. Орталықтан, яғни Мемлекет басшысы тарапынан ұсынылатын жаңа бастамалар республикалық бюджеттен қаржыландырылатын болады», - деп атап өтті Әлібек Қуантыров.
Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында елімізде үш жаңа облыс – Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылатынын жариялаған болатын.