Жаңалықтар

Алимент төлемегендер жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін

ашық дереккөзі

Алимент төлемегендер жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін

Алимент төлемеген заматтарды уақытша жүргізуші куәлігінен айыру қажет. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Ақылбай Үкімет басшысына дәл осындай ұсыныс жасады. Бүгінгі ықпал ету жүйелерінің ешбірі де алимент төлемеген әкелерге кедергі келтіре алмағандықтан, бір жылдан астам уақытқа көлік жүргізу куәлігінен айыру мәселесін қарастыру қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар, сенатор мырза көлік құралын мүгедектігі бойынша және жалғыз табыс көзі болған кезде басқаратын жағдайларда және алмент бойынша үш айлық есептік көрсеткішінен аз болғанда ғана бұл тыйым салынбауы тиіс дегенді де қоса кетті. Серік Ақылбай мырза ұсынған деректерге сүйенсек, республика бойынша сот орындаушылардың алиментті өндіру бойынша 213 мың сот шешімі бар екен. Ал оның 14 мыңы әлі де өтелмеген. «Атқару құжаттар бойынша қарыз адамдардың өз міндеттерін атқаруға мүмкіндігі бар, бірақ белгілі бір себептермен орындалмай келеді. Сонымен бірге, қарыз адамдар жұмыс орны туралы және табыс көзі туралы мәліметті қасақана жасырып жүр», – дейді сенатор. Қарызын өтемегендермен күресудің мұндай әдісін сенатор ойдан шығарып отырған жоқ. Серік Ақылбай мұндай тәсілдің Беларусь Республикасында 2012 жылдан бері қолданылатындығын тілге тиек етті. Беларусьтің тәжірибесіне сүйенсек, дәл осы әдіс арқылы қарызы бар жандардың 41 пайызы қарызын өтеген екен. Қазір аталмыш заң жобасы Ресейде де қаралып жатыр.