Жаңалықтар

AMANAT жаңа саяси кезеңге дайын

ашық дереккөзі

AMANAT жаңа саяси кезеңге дайын

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауын тарихи оқиға деп айтуға болады. Ол Қазақстанның одан әрі дамуына бағытталған және реформалардың барлық бағыттарын – саяси, сондай-ақ, сайлау жүйесі, сот-құқықтық жүйе, ел өңірлерін дамыту бағыттарын қамтыды. Саяси жүйенің негізгі формуласы: мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет. Бұл қағиданы өмірге айналдырсақ қана, ашық қоғам орната аламыз. Осы орайда, енді саяси институттар айтарлықтай дербес жұмыс істейтінін атап өткім келеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз өкілеттігін атқару кезеңінде ел Президентінің партияға мүшелігін тоқтата тұруды заңмен рәсімдеуді ұсынды. Бұл - демократияландыруды дамытуға бағытталған маңызды қадам. Бірде-бір партия үстем жағдайға ие болмайтындықтан, Парламент сайлауы нағыз бәсекелестік күреске айналады. Сондай-ақ партиядан Президенттік партия деген мәртебенің алынып тасталуы, AMANAT-тың барлық мүшелеріне қосымша мотивациялық серпін беріп отыр. Мен  AMANAT партиясының елдегі жетекші саяси күш болып қала беретініне сенімдімін. Партия бірінші кезекте, Президент Қ.К.Тоқаевты, оның өзгерістер мен прогреске арналған реформаторлық бағытын қолдайды. Реформалар ел мен қоғам үшін маңызды, сондықтан партия алдағы уақытта да Президенттің бағыт-бағдары төңірегінде қоғамды топтастыру мен жұмылдыруға өзінің барлық күш-жігері мен қуатын бағыттайды. Қазір еліміз бойынша 800 мыңға жуық, Ақтөбе облысында 31 мыңнан астам партия мүшелері бар. Сондай-ақ, еліміздің барлық өңірінде 4,5 мыңнан астам бастауыш партия ұйымы, 216 облыстық және аумақтық филиалымыз бар. Біздің мүшелеріміз биліктің барлық тармағында қызмет атқарады. Мәжілістегі 98 мандаттың 76-сы, барлық деңгейдегі мәслихаттардағы 3276 мандаттың 2701-і (82,4%) партияға тиесілі. Сонымен қатар, ауыл әкімдерінің сайлауында партия мүшесі болып саналатын 757 әкім жеңіске жетті. Ендеше, AMANAT билеуші партия мәртебесін сақтай отырып, лайықты саяси бәсекелестік жағдайында өзін көрсетеді деп ойлаймын. Бұл жерде ең бастысы – барынша адал және тең жағдайдағы бәсекелестік.

Ербол ДАНАҒҰЛОВ,

AMANAT партиясы Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы