«Торғай облысын қайта құрар күн де алыс емес шығар» - Берік Әбдіғалиұлы

«Торғай облысын қайта құрар күн де алыс емес шығар» - Берік Әбдіғалиұлы

«Торғай облысын қайта құрар күн де алыс емес шығар» - Берік Әбдіғалиұлы
ашық дереккөзі
Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы «Аna tili» апталығына берген сұхбатында Торғай облысының қайта ашылатынына сенім білдірді деп хабарлады turkystan.kz. Депутат жаңадан ашылған үш облыс туралы айта келіп, Президенттің назарынан тыс қалған Торғай өңіріне қатысты өз ойын айтты.
«Енді бір мәселе шеттеп қалды. Ол – Торғай. Торғай облысын қайта құрар күн де алыс емес шығар. Ол уақытқа дейін Арқалықтың дамуына арналған жеке үкіметтік бағдарлама қажет деп есептеймін. Себебі, ол жақтан да халық көшіп кетіп жатыр. Сондықтан Арқалық өңіріне, Торғай өңіріне Үкіметтің бір арнайы бағдарламасы керек-ақ», - деді ол.
Ал жаңа үш облыс туралы ол ойын былай жеткізді:
«Ұлытау – қазақ үшін қасиетті ұғым. Қазақ кие тұтатын аймақ. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауға барып, Жошы хан тарихи кешенінің ашылу іс-шарасына қатысты. Бұл да Ұлытау облысының құрылуына себеп болған оқиға ма деп ойлаймыз. Ұлытау облысының жеке шаңырақ көтеруі арқылы болашақта халықаралық іс-шаралар өткізу, туризмді дамыту сияқты кешенді жоспарларды жүзеге асырып, халықтың демографиялық өсуіне де септігін тигізеді деп сенеміз. Ал Семей облысына Абайдың есімін беру - өте ­жарасымды, тарихи әділ әрі заңды қадам. Мұны халық бұрыннан күтіп жүрген ақжолтай хабар. Абайдың туғанына 175 жыл толу мерейтойында да бұл мәселе айтылған еді. Қазақ жерінде Абай атында үлкен облыстың болуы - халық үшін үлкен қуаныш. Бір кездері Алаштың астанасына айналған, алашордалықтардың киелі ордасы саналған Семейдің Абай облысының орталығы болуы да заңдылық қой. Алашорда азаматтарының үлкен армандары орындалған қаланың Абайдай алыптың атын иеленген өңірдің кіндігіне айналуы - шын мәнінде, айтулы оқиға. Алматы облысына келсек, халық санының өсуіне орай, тағы бір облыс ашу туралы шешім қабылданып отыр. Ол – Жетісу облысы. Құдай қаласа, Қапшағай қаласына саяси қайраткеріміз, қазақтың даңқты ұлдарының бірі Д.Қонаевтың есімі беріледі. Бұл да тарихи әділеттілік! Жаңа облыстар құрылса, жаңа лауазымды әрі ­жауапты қызмет орындары керек болып, штат ашылады. Ол экономикалық тұрғыдан қаншалықты тиімді деген мәселеге келсек, бұл қиындықтың бәрін айналып өтуге болады. Мысалы, Ұлытау облысына Қарағанды облысы әкімдігінің біраз штатын жіберуге болады. ­Алматы облысында да сондай қадамдар жасау керек. Бар штаттық ­режиммен қосымша облыстық әкімшіліктерді құрастыруға болады деп ойлаймын. Ең бастысы, жаңа облыстардың құрылуы халықтың, өңірдің дамуына ықпал етіп, әкімшілік жүйенің оңтайландырылуына жол ашады».