Петропавл халықаралық әуежайы сатылымға шығарылды

Петропавл халықаралық әуежайы сатылымға шығарылды

Петропавл халықаралық әуежайы сатылымға шығарылды
ашық дереккөзі
Солтүстік Қазақстан облысының орталығы – Петропавл қаласының әуежайы саудаға шығарылды. Халықаралық әуежайдың бастапқы құны - 5,6 миллиард теңге деп жазды turkystan.kz. Тендер талабына сәйкес Петропавлдан 11 шақырым қашықтықта орналасқан әуежай 3 жылға сенімгерлік басқаруға беріледі. Нысанды алған инвестор 10 жыл бойы әуежай бейінін өзгертпей, тиісті талаптарды орындап, қауіпсіздікті қамтамасыз етуі қажет. Аукцион 31 наурызға жоспарланған және сауда-саттыққа бір ғана инвестор қатысса да ол өткен болып есептеледі. Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхмет бұл ақпаратты растап, жергілікті биліктің әуежайды неге сенімді басқаруға беру туралы шешім қабылдағанын түсіндірді.
«Республикада 15-тен астам әуежай бар. Олардың жартысына жуығы сенімгерлік басқаруда немесе мемлекеттік-жекешелік серіктестікте. Біздің әуежай министрліктер жанында мемлекеттік меншікте болды, одан әрі кәсіпорын банкротқа ұшырады. Әкімдік барлық мүлікті осы кәсіпорыннан сатып алды. Енді әкімдік осы мүліктік кешенді бәсекелі ортаға беру үшін әуежайды кейіннен жекешелендіре отырып, сенімгерлік басқаруға беруге тырысуда», - деді Мақсат Баяхмет.
Халықаралық әуежайдың мүлкі 5,6 млрд теңгеге бағаланды. Тендер жеңімпазы он жылдың ішінде 1,5 млрд теңге қаржы құйып, атқарылған жұмыс жайында әр жылдың басында есеп беруі тиіс. Бұл сомаға Петропавл әуе айлағын қажетті техникамен толық жарақтандыру, әуежайдың кейбір ғимараттары мен құрылыстарын күрделі жөндеу кіреді. Онсыз болашақ иесі объектіні жекешелендіре алмайды. Ал электрондық сауда-саттыққа қатысу құқығы үшін үміткердің есепшотында кемінде 800 миллион теңге болуы тиіс. Әуежай сатып алушысында тек ақша ғана емес, сонымен қатар қазіргі уақытта жетіспейтін білікті мамандарды жұмысқа тарту жоспары болуы керек.
«Бізде авиациялық тәжірибесі бар қызметкерлер, тар мамандар жетіспейді. Дипломды мамандар жетіспейді. Яғни, қазір жүзеге асырылатын рейстер, олар үшін ең төменгі мән бойынша қызметкерлер саны жеткілікті. Бірақ одан әрі дамыту, әуежайдың өткізу қабілетін арттыру және штатты ұлғайту үшін бәсекеге түсетін жалақы белгілеу қажет», - деді Мақсат Баяхмет.
Қазір Петропавл әуежайында 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Техникалық қызметкерлер айына 60 мың теңге, басшылық лауазымдардағы мамандар 150 мың теңге алады. Еске салсақ, Петропавл халықаралық әуежайынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан және Шымкент қалаларына субсидияланған рейстер штаттық режимде жүзеге асырылады.