«Ел азаматтарын Президент бастамаларын қолдауға шақырамын» - Алтынбеков

«Ел азаматтарын Президент бастамаларын қолдауға шақырамын» - Алтынбеков

«Ел азаматтарын Президент бастамаларын қолдауға шақырамын» - Алтынбеков
ашық дереккөзі
AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы, облыстық мәслихат депутаты Бекзат Алтынбеков Мемлекет басшысының Жолдауы Қазақстан халқы тағатсыз күткен тарихи сәт екенін айтты деп хабарлады turkystan.kz
«Табиғат-Ананың бусанып, дүние атаулы жаңарар Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Қазақстан мемлекеті де жаңару дәуіріне қадам басып отыр. Бағдарымызды айқындап, бақытымызды еселейтін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы ұзақ мерзімді қамтыған тарихи құжат болғандығына көзіміз анық жетті.  Мемлекеттің тұтастығы мен ұлтымыздың құндылықтарын сақтап қалу үшін мызғымас бірліктің маңыздылығына тоқталып, кешегі қаңтар қасіретінің қатерін ой елегінен өткізе сөз сабақтаған Мемлекет басшысы өз ұстанымындағы тарихи жауапкершіліктің салмағын айқын аңғартты. Әсіресе, қаңтар оқиғасына қатысты тергеу амалдарына алаңдаушылық білдіріп, биліктің тек әділетке жүгінетініне кепіл боларлық ой толғауы сүйсіндірді. Лауазымды тұлғалардың Отанға опасыздық жасауына қынжылыс білдірген Президент барлық шешім тек әділет тұрғысынан жасалатынына сендірді. Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы үшін жасалған бүгінгі тарихи байламның қай-қайсысы да жаңа дәуір, тың белестің жаршысындай болғанын халық көрді, тыңдады. Президент өкілеттігін қысқарта отырып, Парламент өкілдігін арттыру, сол арқылы елдегі демократиялық сергектікті қамтамасыз ету жөніндегі бастамалары кімге болсын ой саларлық. Сондай-ақ, Президенттің партия мүшесі болуын шектеу, сәйкесінше әкімдер мен оның орынбасарларының партия қызметке араласпауы секілді тың бастамалары партиялық дамудың дербестігін қамтамасыз ететін негіз фактор деп атар едім. Яғни, партиялар арасындағы саяси бәсекелестікті дамыту, оған жоғары билік өкілі ретінде Президенттің араласпауы шын мәніндегі демократиялық мүмкіндік. Саяси реформалардың науқаншылдыққа емес, байыпты бағдарламаға негізделуі керек. Осы тұрғыдан алғанда, Қасым-Жомарт Кемелұлы тәуекелге бергісіз тарихи шешімдер қабылдады. Сонымен қатар, Ұлы Даланың Ұлытауы облыс орталығы болуы, шырайлы шығыстан Абай, жер жәннаты Жетісудан Жетісу облысының құрылуы сол төңіректегі жергілікті халықтың талай жылдардан бергі арман-тілегі болатын. Халықтың сұранысы, талап-тілегі орындалған мемлекетте ғана әділдік салтанат құрып, дамуы қарқынды болатынын осы жолғы Жолдау дәлелдеді. AMANAT партиясы Президентіміздің бүгінгі Жолдауында қамтылған міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асырып, шынайы түрде халықтық партияға айналу мақсатында аянбай қызмет атқара беретін болады! Ел Президентінің халықтың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін көргім келеді деген тұжырымының астарында азаматтық ұстанымы да, көшбасшылық қасиеті тұр. Сондықтан, бірлікті ту етіп, Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы үшін барша мүдделестер мен ел азаматтарын Президент бастамаларын қолдауға шақырамын!» - деді Бекзат Алтынбеков.