«Енді Қазақстанды «Жаңа Республика» деп толыққанды атауға болады» - Мәжіліс депутаты
«Енді Қазақстанды «Жаңа Республика» деп толыққанды атауға болады» - Мәжіліс депутаты
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров Президент Жолдауына қатысты пікір білдірді деп хабарлады turkystan.kz
Депутаттың айтуынша, Жолдауда айтылған бұл өзгерістерден кейін Қазақстанды «Жаңа Республика» деп толыққанды атауға болады.
«Мемлекет суперпрезиденттік жүйеден жаңа тұрпаттағы президенттік-парламенттік жүйеге ауысып жатыр. Бұл – саяси жүйенің трансформациясы! Болашақ Президенттің өзіне қатысты да шектеулер қарастырылған. Енді оның туған-туыстарына мемлекеттік қызмет, квазимемлекеттік құрылымдарда қызмет етуге тыйым салынады», - деді депутат.
Оның айтуынша, Сенаттың құрылу мәселесі де жаңартылып отыр. Сенаттағы Президент тізімі азайды. Мәжіліс мажоритарлық-пропорциональдық жүйеге ауысады.
«Жоғарғы аудиторлық Палата Мәжіліс алдында жылына екі рет есеп береді. Аймақтарда мәслихат төрағасы лауазымы пайда болады. Партияларды тіркеуге 5000 мүше ғана қажет. Тіркеу процедурасы да жеңілдетіледі. Осы өзгерістерді жасау үшін Конституцияға 30 өзгеріс, 20 заңға өзгеріс енгізу қажет», - деді Ерлан Саиров.
Сондай-ақ ол Президенттің Ұлттық Кеңесті Ұлттық Құрылтайға айналдыру жөніндегі ойын айтты.
«Ұлттық Кеңестің мүшесі ретінде біз өз миссиямызды шама-шарқымыз жеткенінше адал атқаруға тырыстық деп айта аламын. Саяси реформалар осы Ұлттық Кеңестің эгидасымен жүрді, қаншама әлеуметтік проблемалар айтылып, шешілді. Барша әріптестеріме бірге атқарған ісіміз үшін рахмет айтқым келеді», - деді Мәжіліс депутаты.