Жаңалықтар

Білім саласы: әрі тарт та, бері тарт

ашық дереккөзі

Білім саласы: әрі тарт та, бері тарт

Білім — инемен құдық қазғандай аса күрделі процесс.Оны пәлсапашыл қазақ халқы баяғыдан-ақ байқаған. Соған қарамастан, қылыштың қырындай өткір саланың төңірегінде Қазақстанда дау-дамай жиі көтеріледі. Қарап отырсақ, аспаннан күбі түсірген, күбінің түбін түсірген білім беру жүйесі білім министрі ауысқан сайын өзгеріске ұшырайды не болмаса өзгеріске ұшырауға дайындық үстінде болады екен.

Білім саласына енгізілген өзгерістерді талқылауға кіріскендердің қатарында ханның да, қараның да аты аталып жүр. Әсіресе, депутаттар білім саласына қатысты жайттардың көңілдерінен шықпай отырғанын мінбеден жиі айтатынына үйреніп алды жұрт. Өткен жылы көтерілген білім саласындағы түйткілді мәселелер, Мәжілістің қой жылындағы алғашқы отырысынан бастап қайта жалғасын тапқан. Жыл басынан ең бірінші назарға іліккен мәселе – әне-міне енгіземіз деп отырған 12 жылдық білім беру жүйесі болды. Білім және ғылым министрлігінің ұсынысымен 2015 жылғы жаңа оқу жылынан бастап білім жүйесінде өзгерістер болады деп жоспарланғаны мәлім. Әйтсе де мұндай бітіспейтін һәм бітпейтін өзгеріске халық қалаулылары тағы да наразы болып шықты. Жалпы отырыс­та Мәжілістегі «Халықтық коммунис­тер» фракциясының мүшесі Галина Баймаханова: «Елімізде 12 жылдық білім жүйесін енгізу қаншалықты қажет?»,  ̶ деп сұрақты төтесінен қойып, оның жауабын да өзі берген еді.  «Баланы мектепке алты жастан беріп, сөйтіп, 12 жылдық білімге көшеміз дегенді министрлік басшылары бірнеше жылдар бойы айтып келеді. Бірақ алты мен жеті жастың баласын салыстыруға келмейді. Алты жастағы баланы мектепке берсек оның миы шаршайды, денсаулығына да зиян келеді. Бұл ғана емес, есептеп көрсек, 12 жылдық білім жүйесіне көшіру мемлекет бюджетінің қыруар қаржысын босқа шығындауға әкелмек»,  ̶  деді де, ақыры бұл жүйені енгізуге қарсы қауымның ұсынысын жеткізді. «Дұрыс емес, қисынсыз, орынды емес» дегенді жиі айтатын қауымның бұл жолғы әрекеті «бітпеген іске де сыншы көп болатынын» есімізге салды. Шынымен, халықтың сөзін сөйлейтін халық қалаулылары үрке қарайтын, Білім және ғылым министрлігі ұсынып отыған 12 жылдық білім жүйесі шын мәнінде қандай жүйе болмақ? Осыған дейін халық қалаулыларының дегені болып, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мырза: «12 жылдық білім беру жүйесін» енгізбейміз деп шешім шығарған еді. «Әзірге қазіргі жағдайда министрліктің мүмкіндіктері мен алға қойған мақсатқа жетудің қаншалықты іске асатындығын таразылап, 12 жылдық білім беру жүйесін тоқтата тұруға шешім қабылдадық. Бұл жерде бірнеше фактор себеп болып отырғандығын айта кеткен жөн. Оның ішінде қаржылық ахуалды айта аламыз. Ел Үкіметі экономикада болуы мүмкін түрлі жағдайларға түрлі сценарий дайындап жатыр. Осыған сәйкес, бұл жобаны тоқтата тұрғанды жөн санадық», ̶ деді. Сөйтіп, министр экономикадағы жағымсыз тенденциялардың екпінінен жас­қанды ма, депутаттардың табанды қарсылығы әсер етті ме, әйтеуір басын бастап, аяғын аяқсыз қалдыруға бекінгені белгілі. Сөйтсек, әліптің артын бағып, қоғамдық ойдың саябырсығанын тосқан сияқты. Араға біраз уақыт салып, Аслан Сәрінжіпов қайта мәлімдеме жасады: «Алдағы 2016 жылдан бастап Қазақстанның барлық мектептерінде 12 жылдық білім беруді қарастыратын жаңа бағдарлама іске қосылады. Сыртқы факторларды ескере отырып, біз әзірге 12 жылдық білім беру бағдарламасына көшуді кейінге қалдыруды ұсындық. Бірақ өздеріңіз білетіндей, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы білім беруді жаңғырту жұмыстарын жалғастыруға қатысты нақты міндеттер қойды. Біз орта білім беру жүйесін әлемдік стандарттарға сәйкестендіруге ұмтылуымыз қажет». Бір сөзбен айтсақ, әлемдік білім беру жүйесінің озығы саналатын 12 жылдық білім беруге көшеміз деген жоспар Сәрінжіпов мырзаның игі арманы болып шықты. Сөйтіп, оқушылар келесі жылы 12 жылдық білім беру жүйесін тәжірибеден өткізіп көрмек. Айтпақшы, Галина Баймаханова 20 жыл бойы эксперимент алаңына айналған білім саласына келген әр министр өз білгенін жасайтындығын да айтып, журналистерді жалт қаратқан еді сол жолы. «20 жылдан бері білім беру саласы талай өзгерісті бастан кешті. Балаларымызға, олардың болашағы мен мемлекеттің болашағына сан түрлі эксперименттер жасалды», ̶  деген депутат ханым ол тәжірибелердің соңы немен аяқталғандығын да астарлап меңзеді. Баймаханова айтпақшы, «тәжірбие алаңында» жасамақ тағы бір сынақ – балалардың 6 жас­тан бастап мектепке қабылдануы. Есте болса, былтыр білім және ғылым министрінің орынбасары Тахир Балықбаев мектепке 6 жас­тан бастап бару қарастырылып отырғанын айтып: «6 жасында мектеп табалдырығын аттаған бала 18 жаста білім алуды аяқтауы керек. Бүгінде біз мемлекеттік бағдарламада бала бірінші сыныпқа алты жасынан барсын деп қарастырдық. Қоғамда бұған қатысты түрлі пікір бар. Біз оқу жылының күнтізбеден бөлек екенін және біз үшін жаңа оқу жылының бірінші қыркүйегінде баланың алты жасқа толғаны маңызды екенін түсіндіріп жатырмыз», – деген болатын. Білім және ғылым министрінің орынбасары әлемдегі білім жүйесін алға тартып, Италия, Испания, Жапония, Франция, Канада, Австрия елдерінде мектепке алты жастан бас­тап қабылданатындығын тілге тиек еткен. Десе де, дәстүрден жаңылмай депутаттар тағы қарсылық танытты. Алты жастағы баланы ойын баласы деп ұғатын олар бұл ұсынысты айтқандарға андағайлап қарсы шыққан. Халық қалаулыларының көңіліне жақпаған тағы бір ұсыныс – Астана мен Алматы қалаларында халықаралық талапқа сай мамандар дайындайтын колледж салуға қатысты болды. Жаңа оқу ошағын құруға арнайы бағдарлама дайындап келген «Кәсіпқор» холдингі бюджеттен 60 миллиард теңге сұрағаны есте. Сол жолы колледж ашу идея­сын депутат Дариға Назарбаева «колхозға» теңеп, аталған қаражаттың тым көп екендігіне наразы болған еді. Мәжілісмендер еркін меңгерген білім саласы тағы да талқыға түскен еді. Еліміздегі халықаралық стандартқа сай маман әзірлейтін колледждердің шығыны мен кірісін бүге-шігесіне дейін зерттеген олар «бұл істен түк шықпайды» деп бір-ақ кесті соңында. Мәжіліс төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева: «Әлемдік деңгейдегі колледж» деген атаудың өзі құрметті Остап Бендердің «Нью-Васюки» атты ірі жобасын еске салады.  «Әлемдік деңгей» деген не? Бізде не индус­трия әлемдік деңгейде гүлденіп жатыр ма?», – деді. Назарбаева ханымның бұл айтқандарынан кейін министрліктер ендігі жоспарларында «әлемдік деңгей» деген стандартты сөзді жиі қолданбайтын шығар. Өткен жылы Дариға Назарбаеваның білім саласына қатысты тағы бір ұсынысын БАҚ жарыса жазған болатын. Бұрынғы кеңес кезеңіндегі білім беру жүйесіне қайта оралу жөнінде ұсыныс білдірген Дариға Нұрсұлтанқызы: «Мектептердегі оқулықтың баламалы түрінен бас тарту қажет. Біздің қосымша, баламалы мектеп оқулықтарын енгізгенімізге он жылдан асты. Осы он жылда неге жеттік? Біріншіден, біз логистиканы бетімен жіберіп алдық. Екіншіден, бұл оқулықтардың сапасы сын көтермейді, саны көп болғанымен, сапасы жоқ. Қаптаған оқулық болғандықтан, мұғалімдердің өзі тіпті кейде қай оқулықпен оқытуды білмей, дал болады. Демек, бұрынғы кеңестік жүйеге оралған жөн болар, әрбір пәнге бір ғана оқулық болсын. Сонда ешкімнің де басы қатпайды», ̶ деген  вице-спикер, білім – қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе екендігін шегелеп айтты. Бұл ұсыныс орындала кетпесе де, біршама қолдауға ие болғаны да шындық. Ең таңданарлығы,біраздан бері білім саласына қатысты түрлі ұсыныстар тасқыны толастар емес. Бірі балабақшадан бастап мектеп оқушыларына дейін жемқорлыққа қатысты арнайы бағдарлама енгізу керек десе, енді бірі тұлға пәні аясында бүгінгі шенді-шекпенділердің өмірдерегін оқыту керек деп ұсыныс айтты. Бір жағынан айтылар ұсыныстың болғаны да жақсы шығар. Бірақ оның бос сөзге, саяз ойға құрылғандары айналып келгенде зияннан басқа пайдаға жарай қоймас. Қысқасы, білім беру саласындағы «тәжірбие алаңының» аясы алдағы уақытта тағы кеңейетін түрі бар.

 Тарихты меңгермеген жастар таяздығын әр жерде танытып жүр

Жыл басында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында сөз алған депутат Жамбыл Ахметбеков Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке жолдаған сауалында бүгінгі білім жүйесіндегі олқылықтарды тізіп, қатаң сынға алды. Әсіресе, тарих пәніне қатысты біршама мәселенің шетін шығарды. Оның айтуынша, Ұлы Отан соғысы турасында бүгінгі жастардың білімі өте таяз. Оған депутат арнайы сауалнама жүргізу арқылы көз жеткізген.  Осы мәселеге қатысты білім беру жүйесінде тарих пәніне аса мән беру қажеттігі айтылды. «Осы жылы Ұлы Отан соғысының 70 жылдығын тойлаймыз. Осы айтулы мерекеге орай 15 жас пен 30 жас аралығындағы азаматтарға арнайы сауалнама жүргіздік. Негізгі қойылған сұрақтар Ұлы Отан соғысындағы айтулы оқиғаларға қатысты болды. Оның ішінде 6 сұрақтың 3-еуі жалпы Отан соғысына қатысты болса, қалған үш сұрақ соғысқа қатысқан қазақстандықтар турасында еді. Бұл сауалнама елдегі барлық аумақтарды қамтыған. Жалпы сұрау алынған адам саны 1600. Қорытынды соңы көңіл көншіте қойған жоқ. Аға толқын өкілдері қойылған сұрақтардан мүдірмегенімен, жастар өздерінің тарихи білімсіз екендіктерін көрсетті. Бейбітшілік үшін күрескен қаншама батырларымыздың ішінде жастар үш-ақ адамның есімін біледі екен.  Олар: Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова. Біздің тарихымызда Отан үшін қан майданда жанын берген азаматтар қаншама. Бұның соңы қуантарлық жағдайға апармайды» – дейді Ж. Ахметбеков. Халық қалаулысын басқа-басқа емес, тарих пәнінің дұрыс оқытылмай жатқандығы қатты алаңдатқаны бізге де тосын көрінген болатын. Атаулы мерейтой қарсаңында мәселе көтеріп қалуға тырысатын қанымызға сіңген қасиет осы жолы да сыр беріп қалды ма деген ой қылаңытқанын да жасырмаймыз. Неге десеңіз, Ұлы Отан соғысын, оның ішінде Кеңес үкіметінің тарихын білмеген жастар өз туған тілінде сөйлемейтінін, өз әліпбиін алғаш жазған кім екенін, ұлт зиялылары дегенде ойына ешкімнің түспейтінін жайлы орында отырған депутаттар білмейді дейсіз бе?! Біледі. Бұл жағдайда тарих пәнімен қатар, қазақ тілі де, әдебиет те, ана тілі де дұрыс оқытылмай жатқандығын сөз ету орынды шығар деп ой түйгендер аз емес.

P.S: Таяуда  Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Атырау облысына сапары барысында білім беру саласы мамандарына қатаң ескерту жасады. Жоғары оқу орындары сұранысқа сай емес мамандар даярлауды доғарып, жұмыссыздардың санын көбейтуді тоқтату керегін жеткізді. Тіпті, жұмысқа орналасқан жас мамандардың санына да күмәнмен қарады. «Статистикалық мәлімет бойынша жастардың 70 пайызы жұмысқа орналасты дейтін ақпарат тарайды. Менің ойымша, бұл дұрыс ақпарат емес. Себебі өмірде оның қалай болатынын білеміз. Кәсіпорынмен келісіп: «Мен жұмыс жасап жатырмын», – деген справка алдыртады. Ал шын мәнісінде жастар жұмыс таппай жүреді. Енді мұндай бассыздыққа жол жоқ. Биылдан бас­тап,  жұмысқа орналасқандардың мәліметтері мемлекеттік зейнетақы төлеу орталықтары арқылы алынатын болады», – деді. Б. Сапарбаевтың бұл айтқандары қоғамда балталасаң да бұзылмайтын жаман әдеттерге тосқауыл қоюға бағытталса керек. Ал сол жолы вице-премьердің білім саласына қатысты айтқан уәдесінен министрліктің хабары да жоқ болуы мүмкін. Өйткені бұл бұрын-соңды білім саласында көтерілмеген, соқа тимеген тың тақырып. Оның айтуынша, алдағы уақытта аз жабдықталған мектептер үшін, екі немесе үш пәннен сабақ беретін мұғалімдер даярланбақ. Бір таңданарлығы, бұл ұсыныс қандай қажеттіліктен туындағаны түсініксіздеу. Білім және ғылым министрлігі ұсынған ірілі-ұсақты бастамалар, жобалар, бағдарламалар жарыққа шыға салысымен, депутаттар қарсы болып, көлденең тартатын бірнеше факторлар бар. Оның біріншісі, еліміздегі мектептердің жағдайына қатысты. Яғни апатты мектептердің көптігі, жөндеуден өткізуге тиіс білім ошақтарының тау­сылмайтын түйткілді мәселелері. Екіншісі – алыс аймақтардағы, шалғай елді мекендердегі кадр тапшылығы. Жасыратыны жоқ, кейбір өңірлерде жаратылыстану пәндері бойынша мамандар санының аздығы білініп, математика, физика, химия пәндерінің мұғалімдері ауылды жерлерде сұранысқа ие болып отыр. Оған қоса, бүгінгі күрделі әрі қиын, таусылмайтын қағазбастылық тағы бар. Сонда бірнеше мамандықты игеретін мұғалім қалай даярланбақ? Бір басында бірнеше жауапкершілігі бар мұғалімдердің бұл жағдай есін екеу, түсін төртеу етуі әбден мүмкін. Бір жағынан онсыз да жұмыстың реті келмей, қазақ тілін бітірген маман амалсыз дене шынықтыру пәнінің мұғалімі атанып жүрген біздің қоғамда ең алдымен мектептегі орын мәселесін, кадр тапшылығын жолға қою керек. Дәл бүгінгі уақытта білім саласындағы олқылықтар тек мінбеде сөйлетін шенді-шекпенділердің ғана емес, қара халықтың да ауыздан тас­тамас тақырыбына айналған басты мәселесі. Бұл ретте қандай да бір ұсыныс айтпас бұрын, солардың да ойын ортаға салған жөн болар еді.

Астана қаласы