Павлодар облысында мектеп оқушысы есінен танғанша соққыға жығылған

Павлодар облысында мектеп оқушысы есінен танғанша соққыға жығылған

Павлодар облысында мектеп оқушысы есінен танғанша соққыға жығылған
ашық дереккөзі
Екібастұз қаласының тұрғыны 7-сыныпта оқитын ұлын аяусыз ұрып-соққандарға қатысты тергеудің қорытындысын күтіп жүр. Оқиға наурыз айының басында №6 мектеп-лицейінің аумағында болған деп жазды turkystan.kz.
«Балама бассүйек-ми жарақаты, ми шайқалуы, сынған мұрын, жеңіл дәрежедегі үсік шалу деген диагноз қойылды. Ол оқиға орнында бірден есінен танып, аузынан көбік аққан. Оны футбол алаңында ұрып-соққан, ал маңайда ересектер болмаған. Ол жерде бейнекамера да жоқ. Оқиғаны бақылап тұрған 30-ға жуық оқушының біреуі де араша түспеген. Соңында баламның сыныптасы жедел жәрдем көлігін шақырған», - деп жазды зардап шеккен баланың анасы Instagram-да.
Әйелдің айтуынша, оқиғадан бері екі аптаға жуық уақыт өткенімен, мектеп басшылығы әлі күнге дейін баланың жағдайын сұрап келмеген.
«9 наурызда ұлым ауруханадан шығарылды. Мектептегілер әлі күнге дейін үнсіз. Қылмыстық іс қозғалды, бірақ мектеп директорынан қоңырау болған жоқ! Әлі күнге дейін баламның денсаулығын сұрап келген емес. Мұндай немкетті көзқарасқа таңғалып отырмыз. Келесі күні мектепке барғанымда, тіпті, маған мұғалімдер полицияға жүгіндің деп айыптай бастады», - деп ашуланды әйел.
Ал қалалық білім бөлімінде ата-ананың шағымына жауап ретінде қызметтік тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Мектеп-лицейінің аумағында болған оқушылардың төбелес фактісі бойынша қазіргі уақытта алдын алу кеңесі өткізіліп жатыр. Қызметтік тергеу нәтижелері бойынша мектеп басшылығы мен педагогтердің іс-әрекеттеріне баға берілмек. Полиция да бұл оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатқанын растады. Павлодар облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шегушінің ата-анасы полицияға биылғы 2 наурызда жүгінген.
«Екібастұз тұрғыны кәмелетке толмаған балаға күш көрсету дерегі бойынша өтінішпен жүгінді. Шабуыл салдарынан оның баласы жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Аталған дерек Екібастұз қаласының Полиция басқармасында тіркелді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазір жәбірленуші емделіп жатыр. Емдеу аяқталғаннан кейін сот-медициналық сараптама тағайындалады. Оның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады», - деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.