Жаңалықтар

Үржар ауданының атауын өзгертуге петиция жарияланды

ашық дереккөзі

Үржар ауданының атауын өзгертуге петиция жарияланды

Шығыс Қазақстан облысындағы Үржар ауданының атауын «Қабанбай батыр» деп өзгерту ұсынылған петиция жарияланды деп хабарлады turkystan.kz adyrna.kz-ке сілтеме жасап. Бүгінде Құсман Кәрімұлының бастамасымен аталған петицияға оннан астам ұлт зиялылары мен қоғам белсенділері қол қойып, қолдау білдіруде. Петиция Еgov.press сайтында жарияланған. «Құрметті Қазақстан халқы! 2021 жылы 5 қаңтарда «Егемен Қазақстан» мемлекеттік басылымында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген тақырыпта көлемді мақаласы жарияланды. Осы мақаласында Мемлекет басшысы жер-cу атаулары мәселесіне кеңінен тоқталған болатын. «Бабалардан мұра болған, шекарасы шегенделген қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Және тұлпардың тұяғы, құстың қанаты талатын атырап ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды... 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына Түркістан атауы берілді. Тарихи әділдікті қалпына келтірген орынды шешімді халық бірауыздан қолдап, өте жылы қабылдады. Өйткені, мұндағы шежірелі шаһар ғана емес, тұтас өңір көне замандардан бері Түркістан деп аталған. Осы игі үрдісті еліміз бойынша жалғастыруға болады. Біз мұндай қадамдарды байыппен жасаймыз», – деді Президент. Қабанбай батырдың аты мен ол кісінің жорық жолдары құр тарих қана емес, ол – ұлттық-мемлекеттік тұрғыдағы үлкен идеология! Осыны ескере келе, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа және облыс, аудан басшылықтарына Шығыстағы шекаралық аудан болып есептелетін Үржар ауданының атын қазақ даласын басқыншылардан қорғауда теңдессіз ерліктер көрсеткен дара қолбасшы Қабанбай батырдың атымен атауды дұрыс деп есептейміз (Ауданның орталығы Үржар атында қала береді). Біз мемлекет тірегі болатын ұлттық-патриоттық рухымызды көтеру үшін жандарын аямаған ерлеріміздің алмағайып замандағы ерен ерліктерін жастарымыздың жүректеріне сіңіріп, патриот ұрпақ тәрбиелеу үшін Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай және олармен үзеңгілес басқа да батырларымызды ел жадында мәңгі қалатындай ұлықтауымыз керек! Осыншама ұлан-байтақ жерімізді жоңғар мен қытай басқыншыларынан азат етіп, «Хан ұраны – Қабанбай» деп жырларда айтылғандай, бүкіл халқына ұран болған Қабанбай бабамыздың атымен тәуелсіздік алғанымызға отыз жылда облыс тұрмақ, бір ауданның аты аталмауы біздер үшін тым ұятты жағдай. Сондықтан, Халықаралық «Қабанбай» қоғамдық қоры Қазақстан халқын Шығыс Қазақстан облысындағы Үржар ауданының атауын баhадүр бабамыз Қабанбай батырдың атына ауыстыруды қолдап, дауыс берулеріңізді сұрайды», - делінген петиция мәтінінде. Петицияға қол қойғандар: Құсман Кәрімұлы Шалабаев – Халықаралық «Қабанбай батыр» қоғамдық қорының төрағасы; Джобулаев Кабдылашим Хызырмуллаевич - Ел ағасы, тарихшы, қоғам қайраткері; Тоқтабаев Нұрланбек Төлегенұлы – Аягөз ауданының мәслихат депутаты, қоғам қайраткері, кәсіпкер; Жакупова Шарману Рахметулиновна – жазушы, тарихшы; Дукеев Кайрат Зарипханович - шежіреші, қазақ мифологиясын зерттеуші, тарихшы ғалым; Жамбыл Жұманбаев – Ел ағасы, зейнеткер. Тарбағатай ауданы, Жәнтікей ауылы; Құсмиля Нұрқасым – Ақын, жазушы, мәдениет қайраткері; Мұхтархан Абаған – ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері; Мұрат Әуезов – мәдениеттанушы ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері; Бауыржан Жақып – филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын; Диар Қонаев – ғалым, филология ғылымдарының кандидаты; Болат Абділманов – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері; Думан Ахатаев Оқапұлы – Халықаралық «Қабанбай» қорының үйлестірушісі.