«Солтүстік Корея ядролық полигонын қалпына келтіруде» – БАҚ

«Солтүстік Корея ядролық полигонын қалпына келтіруде» – БАҚ

«Солтүстік Корея ядролық полигонын қалпына келтіруде» – БАҚ
ашық дереккөзі
Оңтүстік Кореяның бұқаралық ақпарат құралдары КХДР-дың Пунги-ри ядролық полигонын қалпына келтіруі мүмкін екендігін жарыса жазуда деп хабарлады turkystan.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап. Агенттік мәліметінше, ядролық сынақтар орталығы 2018 жылы жабылған болатын. Бірақ спутниктен түсірілген суреттерде бұл нысанда жаңа құрылыс белгілері байқалған. Бұл туралы Джеймс Мартин атындағы калифорниялық ядролық қаруды таратпауды зерттеу орталығының (CNS) мамандары өз баяндамасында мәлімдеді.
«Коммерциялық спутник түсірілімдері Пунги-ри учаскесінде белсенділік белгілерін көрсетті. Фотолардан жаңа ғимараттың құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын көруге болады. Туннельдердің бір бөлігін қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде», - делінген хабарламада.
Пунги-ри ядролық полигоны елдің қиыр солтүстік-шығысындағы таулы аймақта, Қытаймен шекарадан 100 шақырымдай жерде орналасқан. Солтүстік Корея барлық ядролық сынағын осы алаңда өткізген (2006, 2009, 2013, 2016 және 2017 жыл). Сынақ тау астында терең қазылған туннельдерде жүргізілген еді. Солтүстік Корея 2018 жылы осы туннельдің үш кіреберісін жарылғыш затпен жарып, жауып тастаған болатын. Айта кетсек, бұған дейін Солтүстік Корея АҚШ-пен текетірес жағдайында ядролық және зымыран сынақтарын қайта бастауы мүмкін екені хабарланған болатын.