Екпеден 8 мың адам бас тартқан
Екпеден 8 мың адам бас тартқан
Кейбір жұқпалы ауруларға қарсы екпелердің Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілгендігіне қарамастан, вакцинаға қарсы әрекеттер мен денсаулық сақтау саласы мамандарының халықпенбайланыс орнатпауы оларға деген сенімді азайтуда. Мәселен, биыл екпе салдырудан 8 мың адам бас тартыпты.
Елімізде аурудың алдын алу мәселесі басты назарда. Соған сәйкес, елімізде жыл сайын жұқпалы ауруларға қарсы 5 млн адам екпе алады екен. Оның ішінде миллионнан астамы (1,3 млн) балалар. Алайда мамандар екпеге қатысты бұрыс пікірлердің қалыптасуына алаңдаулы. Оған бірден-бір себеп – ақпараттандыру жұмыстары аз болуын айтады. «Қазір көбіне жас аналар екпеден бас тартуда. Ал екпе алмаған жағдайда, инфекция иммундалмаған адамдар арасында тарала бастайды. Бізде вакцинадан бас тартатындар көбейіп келеді. Кейбір ата-аналар оның себебін діни наным-сенімдерге байланыстырады, енді бірі әр жерден естіген ақпараттарға сүйенеді. Ал кейбір жас аналар, тіпті екпе не үшін салынатынынан да бейхабар боп жатады», - дейді Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-зерттеу орталығының Жұқпалы және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық мониторингтеу департаменті директорының орынбасары Айнагүл Қуатбаева.Оның айтуынша, вакцинация ауруды азайтумен қатар, инфекцияның таралуын кемітеді. Вакцина салмас бұрын баланың денсаулығы тексеріледі. Ал салған күнде, бала дәрігер бақылауында болады.
Жоғарғы денсаулық сақтау мектебінің медицина жөніндегі директоры Ержан Өтеулиев: «Вакцинацияның арқасында бүкіл ел полиомиелитті жеңді деуге болады. Екі ел ғана полиомиелиттен қорғалмаған саналады, олар – Пәкістан мен Ауғанстан» дейді.
Қазақстан территориясына кірген қандай да бір вакцинаның міндетті түрде лицензиясы болуы керек. Препаратты тіркеу кезінде Республикалық иммуно-биологиялық зертхана базасында оның қауіпсіздігі мен тиімділігіне зерттеу жүргізіледі екен. Егер мұндай белгісі жоқ дәрі-дәрмекті көзіңіз шалса, қабылдаудан бас тарту қажет.