Жаңалықтар

Тілеухан мен Тазабек тергеле ме? - Бас прокурор жауап берді

ашық дереккөзі

Тілеухан мен Тазабек тергеле ме? - Бас прокурор жауап берді

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысына ҚР Бас прокуроры, Ішкі істер министрі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы және Қорғаныс министрі секілді құзырлы орган басшылары келіп, Қаңтар көтерілісіне қатысты түсініктеме берді деп хабарлады turkystan.kz. nege.kz-ке сілтеме жасап. Алайда «Кім мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болды? Қаза тапқандардың аты-жөні қашан жарияланады? Сатыбалдының сыбайластары ұсталуы мүмкін бе?» деген ең маңызды сұрақтар жауапсыз қалды. –  Қайрат Сатыбалдының қаңтар бүлігіне қатысы бар ма? – Әзірге ешқандай қатысы жоқ. – Билікті басып алғысы келгендер қалталы адамдар екені белгілі ғой. Кімдер болуы мүмкін? – Бұл сұрақтың бәрі қарастырылып жатыр. Кім ұйымдастырғанын айтуға әлі ерте. – «Радикалды діни ұйым мүшелерін арнайы дайындаған» деген рас па? – Қазір ондай мәселені толық айта алмаймын. Ондай мәселе туындаған. Бірақ қарастырып жатырмыз. Турасын кейін айтамын. – Салафизмге тыйым салына ма? Мәселен, осы ағымға қатысы бар делінетін Бекболат Тілеухан, Мұхамеджан Тазабек сияқты азаматтарға қандай да бір шара қолданылуы мүмкін бе? – Осы айтып отырған сұрақтар қаңтар оқиғасына байланысты туындап тұрған жоқ. – Қаңтар оқиғасына теріс діни ағымдардың қатысы бар екені айтылды ғой... – Діни өкілдердің әсері бар. Бірақ сіз айтып отырған адамдар қарастырылып отырған жоқ. – Азаматтарды азаптады делінген 334 полицияның мәселесі қалай болып жатыр? 243 іс бойынша 9 адам ұсталды дедіңіз... – Қазір олардың бәрі зерттеліп жатыр. –  Азамат Батырбаевты азаптаған, арқасына үтік басқан адамдар ұсталды ма? – Ұсталды. Тура сол азаматтың ісі бойынша Алматы облысында бір полиция қызметкері ұсталды. – Қаңтар оқиғасына қатысып, қаза тапқан азаматтарға эксгумация жасалды. Одан қандай да бір пайда болды ма? – Әрине, пайдасы бар. Эксгумация не үшін жасалып отыр? Ол адамдардың неден жарақат алғанын, қандай да бір іске дәлел болуы үшін эксгумация алынады. Қателеспесем, 37 адамға жасалған болуы керек. – Семейде тергеліп жатқан кезде үш күдікті азамат қаза тапты. Олардың өліміне себепкер болған полиция қызметкерлері ұсталды ма? – Қазір іс қозғалып, тергеліп жатыр. Ұсталған-ұсталмағанын нақты айта алмаймын. Қазір сіздердің мына әрекеттеріңіз (журналистердің өзін қыспаққа алуын айтады, – ред.) дұрыс емес. Пресс-конференция жасаймын, сұрақтарыңызды баппен бөліп, қарастырамыз. – Нақты қай күні пресс-конферения өткізесіз? – Сұрақтарыңыздың бәрін беріңіз. Біз оны қарастырайық. Оның бәрі сұраққа, жұмысқа байланысты.