Жаңалықтар

Мобильді қоғамдық қабылдаулар алғаш рет шалғай ауылдарға шықты

ашық дереккөзі

Мобильді қоғамдық қабылдаулар алғаш рет шалғай ауылдарға шықты

Бүгін «AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауы өз жұмысын бастады. Бұл бастама партияны трансформациялау жұмыстарының азаматтармен кері байланысты күшейту тармағының аясында жүзеге асырылуда. Бірінші болып Қарағанды және Ақмола облыстарының 10 шалғай елді мекенінде мобильді қоғамдық қабылдаулар ашылды. Кезектен тыс ХХІІ съезде «AMANAT» партиясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев партия жұмысын қайта құруды тапсырып, қоғамдық қабылдау бөлмелері тек шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салатын орынға айналуы тиіс екенін атап өткен болатын. «Судың жиі-жиі үзіліп, мүлдем ақпай қалуына таңқалмайтын болдық. Сондықтан да су аққан кезде ыдыстарымызды толтырып алуды әдетке айналдырдық. Бұл мен сияқты қарт адамдарға, әсіресе, жалғызбасты адамдарға қиындық туғызады», - деді Светлана Паль. Өз кезегінде мобильді қоғамдық қабылдаудың құрамына кірген Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов партияның сайлауалды бағдарламасын орындау аясында Новосельское ауылында сумен жабдықтау желілерін тарту жұмыстары биыл басталуы тиіс екенін айтты. Қоғамдық қабылдауда бұдан басқа көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, инженерлік желілер мен әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты мәселелер көтерілді. Аудандық мәслихаттағы партия фракциясының төрағасы Нұржан Рахымовтың айтуынша, әрбір өтініш бойынша жауапты тұлғалар мен орындау мерзімдері белгіленеді. «Партиялықтар халықпен тікелей диалог орнатуға, олардың талап-тілектері мен сұраныстарын тыңдауға келді, бұл өте дұрыс. Мұндай кездесулерді мүмкіндігінше жиі ұйымдастырған жөн», - деген ақсақал Хасен Қалменбаев аманаттықтарға алғысын білдірді. «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауына жыл басынан бері 24,7 мың адам жүгінген. Тұрғындарды негізінен әлеуметтік қамсыздандыру – 32%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 14%, жұмыспен қамту және еңбек құқықтарының бұзылуы – 11% секілді мәселелер толғандырады. Осы мәселелердің 56%-ы шешімін тапты. Партия таратқан мәліметке сәйкес, мобильді қоғамдық қабылдаудың іске қосылуына байланысты бұл сандар айтарлықтай өскен.