Жексенбі, 29 Қаңтар, 2023

Асқар Жұмаділдаев қазақты тағы сынап тастады

Математик Асқар Жұмаділдаев еліміздегі орта мектептер мен түрік лицейлерін салыстырып, білім беру жүйесін тағы да сынады деп хабарлады turkystan.kz.

Бұл жолы қазақ халқының болмысына, мінез-құлқына сыни көзқараспен қарап жүрген академик еліміздегі орта мектептер мен түрік лицейлерінің жұмысына баға беріп, білім ордаларындағы мұғалімдердің деңгейі сын көтермейтін жағдайда екенін айтты.

«Қазақстанда 3 мың мектеп бар. 28 түрік лицейі жұмыс істейді. Осы жерде мен бір-ақ критерий айтайын. Егер олимпиада жеңімпаздарын санымен есептесеңіз, тәуелсіз Қазақстандағы бас жүлдені жеңіп алғандардың жартысы – осы қазақ-түрік лицейлерінің тәлімгерлері. Қалғандары жоғарыдағы 3 мың мектептен шығады. Себебі, біріншіден, қазақ-түрік лицейінің мұғалімдері міндетіне адал қарайды. Жалақысы көп шығар дегіңіз келсе, айтайын, біздің мұғалімдермен шамалас. Екіншіден, бұлар да ар мен ұят дейтін ескірмеген ұғым бар», – деді ол.

Оның айтуынша, осы ар мен ұят түрік лицейлерінің атағын аспандатып тұр. Оқытылып жатқан математикасы, физикасы, өзге де пәндері біздікімен бірдей. Сонымен қатар сабақ беріп жатқан мұғалімдердің 90 пайызы – қазақтар. Түрік ағайындар 10 пайыз төңірегінде. Бірақ бұлар алғашқы планканы, межені сақтап қалды. «Тәртіпті бұзбаңдар, кәсіптеріңе адал болыңдар» деген принцип бұлжымай тұр.

Сонымен бірге, ол қазақтың кейбір мектептеріне барсаңыз, олардың сабақ өткізудің орнына сылтауларының таусылмайтынын айтты.

«Тақта жоқ, бор жоқ, компьютер жоқ, оқулық жоқ деп қара аспанды төндіреді. Бір кереметі, түріктер ондай сылтау айтпайды. Жоқ болса, шулатпай-ақ іздеп табады. Қазақша материал керек болып, оны таба алмаса, жоғарыға арызданбай-ақ, өздері аударады. Осының өзі олардың қызметтеріне деген адалдығын көрсетеді. Ең алғашқы қазақша-ағылшынша сөздікті де осылар жасады. «Нұр Орда» деген мектебіне кіріңізші, іші-сырты түгел қазақша. Сүлеймен Демирелге барсаңыз да, атаудың бәрі қазақша-ағылшынша. Орысша қосымша ретінде ғана көрініс береді. Сондай-ақ түрік мұғалімдерін көріп, қазақша жөн сұрасаңыз, бәрі дерлік қазақша жауап береді», – деді А. Жұмаділдаев.

Сөз соңында ол көпшілікке «Неге олай?» деп сұрақ қояды да соған өзі жауап береді.

«Бұл – адалдық!» – дейді ол.

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button