Жаңалықтар

«Қаза тапқан Ресей әскерінің саны украин сарбазынан 10 есе көп» - Зеленский

ашық дереккөзі

«Қаза тапқан Ресей әскерінің саны украин сарбазынан 10 есе көп» - Зеленский

Ресей Украина жеріне басқыншылық бастағаннан бері 16 күннің ішінде 1300 украин жауынгері қаза тапты. Ал орыс әскерінікі бұдан 10 есе көп. Нақтырақ айтсақ, 12000 жауынгері қаза тапқан. Бұл мәліметті Украина Президенті Владимир Зеленский айтты деп хабарлады turkystan.kz. «1300 жауынгеріміз шаһит болды. Ал орыстың 12 мың адамы жер жастанды. Яғни, бір украин сарбазына орыстың 10 солдаты келеді. Соғысты бастаған біз емес», - деді Зеленский. Оның айтуынша, 16 күн майдан ұрысында Ресей әскерінен 362 танкі мен 1200 әскери брондалған техника, 83 тікұшақ пен 58 ұшақтың көзі жойылған. Тағы бір қызық дерек - Ресей әскерінің бүкіл көзі жойылған техникалары мен қару-жарақтарын бүтіндей есептегенде, 5 млрд доллар шығады екен.  «Жау әскерінің айласы таусылды. Қалың қолды қаптатқаннан басқа амалы қалмады. Сансыз армияны, бүкіл әскерді айдап салып, сонымен бір нәтиже шығарғысы келеді. Бірақ шетінен жапырылып жатыр. Ресей әскері соңғы 10 жылда бұлай қырылып көрмеген екен. Соғыс басталғаннан бері жау әскерінің 31 батальоны талқандалды. «Әскери операция» жүргізуге мүлде жарамай қалды», - дейді Зеленский. Айта кетейік, Ресей әскері Украинаға барлығы 120 батальонын енгізген еді. Егер Зеленскийдің дерегіне сенсек, онда орыс әскерінің төрттен бір бөлігі соғысқа жарамай қалған. Ал Ресей Қорғаныс министрлігі 12 наурыз күні Украина әскерінің 3500-ге жуық әскери нысанын, 123 пилотсыз аппаратын, 1127 танкі мен әскери брондалған техникасын жойғанын мәлімдеді. Бірақ қанша әскерін қырғанын және Ресей әскері тарапынан қанша жауынгердің қаза тапқанын нақтыламады.